Ақпараттық портал

Ел жадында ұзақ сақталатын дүбірлі той

Күн мен түн теңелгендей хан мен қара да теңелетін, киіз туырлықты, ағаш уықты қазақ халқының маңдайына біткен Наурыз мейрамының қыр-сырларын тауысып біте алмайсың. Көкке ілігіп, қырға шығып, наурыз келді десе, ұлыстың ұлы күні келді деп атой салатын халқымыз бұл күні тайлы-тұяғы қалмай жиналып, келелі кеңес, тарихи әңгіме құрып, өткен қыстың жайы, келер күздің қамы төңірегінде ой қозғап, тіпті ауылдың сыйлы қарттарына арнап дүбірлі тойды да өткізгенін тарихтан жақсы білеміз. Сол арқау бүгін де үзілген жоқ.

Оған дәлел, 22 наурыз күні Балуан Шолақ ауылында өткен, алысқа хат, жақынға ат жіберіп, талай жұрттың басын біріктірген Наурыз мейрамы. Өзекке оралу дегеннің көрінісі сол, ауылда дәл сол күні сегіз қанатты, он екі қанатты ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ол киіз үйлерге Дулат батыр, Қосы батыр, Қойайдар би, Байболат би және Бармақ ақындардың есімдері беріліп, сол киіз үйге қоныстанған ауыл тұрғындары сайысқа қатысып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсті. Ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, қазақылығымыздың қаймағын бұзбай, салт-дәстүрімізді дәріптеген байқау төрт кезеңнен тұрды.
Ең алдымен, «Біздің көше-бірліктің мекені» атты кезеңде әр киіз үйдегі тұрғындар өз командаларын таныстырса, «Өнерлінің өрісі кең» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салып, сахналық қойылымдар қойды. Ал, «Ұлттық дәстүр-ұрпаққа аманат» кезеңінде халқымыздың салт-дәстүрін көрсетсе, «Алғыр топ» атты кезеңде салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ орындар, белсенді қатысушыларға арнайы номинациялар беріліп, ауылдың жанашыр азаматтарының атынан қаржылай сертификаттар табысталды. Ауылдың абыройын асырған ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ауыл азаматтарын ұйыстыра білген Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Сандыбаев Даниярдың да үлесі зор.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл күн – тек думанды той емес, ұлттық рухты асқақтатқан, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мейірім мен ізгіліктің мәнін айшықтаған ерекше сәт болды.
Мерекелік жиын Шу ауданының Құрметті азаматы, алтын құрсақты батыр ана Мадалиева Шымшық ананың 85 жас мерейтойына арналған республикалық көкпар турнирімен жалғасын тапты. Ұлттық болмыстың айнасына айналған бұл додаға Алматы және Жамбыл облыстарының аудандарынан 18 команда қатысып, көрерменге рух берер тартысты ойын өрнегін ұсынды.
Нәтижесінде Меркі ауданының құрамасы топ жарып, І орынды иеленсе, ІІ орынды Балуан Шолақ ауылы, ІІІ орынды Белбасар ауылының «Аманат» командасы, ал IV орынды Шу қаласының командасы еншіледі.
Жеңімпаздар «Қалқа» шаруа қожалығының демеушілігімен арнайы кубоктармен, медальдармен және 1 100 000, 800 000, 400 000, 300 000 теңге көлеміндегі қомақты ақшалай сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталды. Бұл – ұлттық спортты қолдаудың, ел рухын көтерудің нақты көрінісі болды.
Дәл осы күні дүбірлеген тойда ұлт жанашыры атанған абыз ана Шымшық Мадалиеваның өңіріне қос бірдей «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Жамбыл облысының құрметті ардагері» төсбелгілері қадалды. Халқымызда «бір үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан жан сол үйдің төріне де шығады» деген айнымас аталы сөзі бар. Өзің өсіп-өндірген өрен-жараныңның қақ төрінде қасқайып отырған бір мәртебе болса, өскен өлкең, өресі биік халқың сол еңбегіңді елеп, ел төріне шығарып жатса, мың мәртебе емес пе?! Өмірге он перзент әкеліп, алтын құрсақты ана атанып, қарапайымдылық қалпынан танбай, алдына салған балаларын оқытып-шоқытып, бойдағы нәрін, қолдағы барын берген Шымшық анамыздың сексеннің сеңгіріне шыққанда маңдайы жарқырап, жұлдызының жануы – тәңірдің тартуы дер едік. Төңірегіндегі тұрмысы төмен жандарға бей-жай қарамай, қайырымды іске келгенде алдына жан салмай, жомарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген анамыздың ризық-несібесі артпаса, кеміген емес. Қайырымдылық қылсаң, әлбетте қайтарымы Алладан еселеп қайтады дегеннің көрінісі осы болса керек. Ауылдағы Наурыз мейрамының мәнін арттырған жомарт жанның мерейтойы ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.