Палуандар бәсекесі өтті
Қазіргі таңда олимпиадалық спортты қолдау қажетті деңгейде қолға алынған. Оның ішінде дзюдо күресінің беделі халықаралық деңгейде қалыптасып үлгерді. Дзюдо — бұл жапондық жекпе-жек өнері және олимпиадалық спорт түрі. Ол тек физикалық спорт емес, сонымен қатар адамның моральдық және рухани дамуына да бағытталған. Шапшаңдық пен шымырлыққа баулитын бұл спорт ауданымызда да дамып келеді.
Мәселен, 22 наурыз-Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай, өткен аптада №36 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 14-18 жас аралығындағы жастар арасында дзюдо күресінен «Төле би палуаны» турнирі ұйымдастырылды.
42 келіден 60+ салмақтар арасындағы жарысқа 50-ге тарта жас спортшы қатысты. Білекті де жүректі палуандар сайысына Шу аудандық Жастар ресурстық орталығы мұрындық болғанын атап өткен жөн.
Палуандар бәсекесінде жастар 6 салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, әр салмақ иелері І, ІІ, ІІІ орын дипломдарымен және медальдармен марапатталды. Ал, барлық І орын иегерлеріне сыйлыққа музыкалық дыбыс құрылғысы жүлдеге берілді.
Байжан Емберді.