Ақпараттық портал

Алғыс арқалаған жас маман

Адамзат үшін пайдалы мамандықтардың алдында медицина тұрады десек артық айтқандық емес. Себебі ақ желеңді жандар адам жанын аурудан арашалап, сырқатынан айығуға себеп болады. Мемлекет басшысы жастарды еліміздің болашағы, жаңарудың драйвері деп бағалап, олардың бастамаларын әрдайым қолдап келеді. Оның ішінде ауылдық жерге келген денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарға қажетті көмектер көрсетіліп келеді.
Алған білімін туған ауылына жұмсауға келген маманның бірі – Ә.Нұрсейіт. Әлібек Тәкенұлы 1993 жылы Шу ауданында дүниеге келген. Отбасындағы ортаншы бала. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ізеттілігі, мақсатшылдығы көзге көрініп тұратын. 2011 жылы Жиенбет орта мектебін бітіргеннен кейін ол И.К.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған. Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. Сонымен қатар жекеменшік клиникада оториноларинголог дәрігері болып тер төгуде. Алдына келген адамнан тек алғыс алып жүрген жас маманның болашағы жарқын боларына сенеміз.
Бес жылдық тәжірибесі бар дәрігердің айтуынша, медицина жеңіл жұмыстың қатарынан емес.
-Дәрігер жұмысының машақаты мол. Оның ішінде орасан зор психоэмоционалдық және физикалық жүктемелер, пациенттердің өміріне жоғары жауапкершілік, реттелмеген жұмыс кестесі, түнгі кезекшіліктер және жиі кездесетін эмоционалдық таусылу жатады. Алайда біз тұрғындардың саулығы үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Халықтың ризашылығын алу басты міндет, -дейді Әлібек Тәкенұлы.
Мемлекет қолдауын айқын сезінген дәрігер бүгінгі таңда отбасылық өмірге қадам басып отыр. Осы әулеттің отанасы Ғалия анамыз үлкен ұлы Жәнібектің, дәрігер баласы Әлібектің, арпа ішіндегі бір бидайы Мәншүктің тілеуін тілеп отыр. Ұлдарын ұяға, қызын қияға қон-дырған ана келіндерінен құрмет көріп, немерелерінен қуаныш құшып жүр.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.