Ақпараттық портал

Салт – рухтың өзегі, ұрпаққа аманат

Қазақ қоғамында ене мен келіннің қарым-қатынасы тұтас бір ұлттың тәрбиелік мектебі, өнеге мен ұлағаттың алтын көпірі. Ене – көргені мен түйгені мол, өмірдің талай белесін еңсерген дана тұлға болса, келін – сол шаңыраққа жаңа тыныс, жаңа леп әкелетін ізгі жалғастырушы. Осы екі буынның арасындағы сыйластық пен түсіністік, ізет пен ілтипат ұлттың іргесін бекемдеп, отбасының берекесін арттыратын басты құндылықтардың бірі. «Келін ененің топырағынан» деген халқымыздың дана сөзі бекер айтылмаса керек. Себебі ене мен келін арасындағы жарасымды қарым-қатынас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Ененің ақылы мен келіннің іскерлігі ұштасқанда ғана шаңырақ шайқалмай, берекесі арта түседі. Әсіресе, қазақы ортада әже, ана, келін, немере арасындағы сабақтастық үзілмей жалғасып жатуы ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін көрсетеді.

Бүгінгі таңда заман ағымына сай көптеген құндылықтар өзгеріске ұшырап жатқанымен, ене мен келін арасындағы сыйластық пен түсіністік ешқашан мәнін жоймайтын асыл қасиет. Осындай рухани үндестікті дәріптеп, ұлттық тәрбиенің мәйегін жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған «Салт-дәстүр сөйлейді» атты аудандық байқау – ұлт болмысының тереңдігін танытқан тағылымды шара болды.
Балуан Шолақ ауылдық округінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты – ұлттың рухани тамырын тереңнен тартып, жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ата-бабадан қалған асыл мұраны ұлықтау және оны келешек ұрпаққа аманат ету болды.
Шараға ауданның әр түкпірінен жиналған 9 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Әр команда ұлттық өнердің мәйегін жеткізіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар қазақ ертегілерін сахналық көрініс арқылы жаңғыртса, екінші кезеңде ананың әлдиіндей жүрекке жылы тиетін бесік жырларын орындады. Ал үшінші кезеңде ел қорғаған батырлардың ерлігін жырға қосып, батырлар жырын жатқа айтты. Ерекшелігі – барлық қатысушылар өнерлерін жанды дауыста орындап, ұлттық өнерге деген құрметтерін көрсетті. Көрерменнің ерекше ықыласына бөленген тұстардың бірі қатысушылардың әже, келін және немере болып, үш ұрпақтың сабақтастығын сахнада үйлесімді көрсете білуі болды. Бұл көрініс қазақы тәрбиенің үзілмеген алтын арқауын айшықтап, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың маңызын тереңінен сезіндірді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Бас жүлдені «Қорағаты ауылы» командасы иеленіп, топ жарса, І орын мен 50 000 теңге сертификат «Дулат ауылы» командасына бұйырды. ІІ орынды «Төле би ауылы» командасы қанжығасына байлап, 30 000 теңге сертификатпен марапатталды. ІІІ орын «Жаңақоғам ауылы» командасымен және тағы бір III орын «Қонаев ауылы» командасына 20 000 теңгелік сертификатпен берілді. Сонымен қатар «Алғыр топ» номинациясы «Балуан Шолақ ауылы» командасына табысталды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар аудандық «Жастар рестурстық орталығы» тарапынан, ал сертификаттар Балуан Шолақ ауылының әкімі Данияр Сандыбаевтың демеушілігімен ұсынылды.
Салт-дәстүрін сақтаған ел – тамырынан ажырамайды. Ал тамыры терең елдің келешегі де кемел болары сөзсіз. Ендеше, осындай мәні зор шаралар жалғасын тауып, ұлт руханиятының шамшырағы әрдайым жарқырай берсін.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.