Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы
Қазақстан Республикасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (Әрі қарай – КҚГҚ) бойынша ең эндемиялық аймақтар Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары болып табылады. КҚГҚ – табиғи-ошақтық, аса қауіпті вирустық инфекция. Ауру ауыр интоксикациямен және гемморрагиялық белгісімен сипатталады. Аурудың өлім-жітім көрсеткіші жоғары (10-40 пайыз).
Қоздырғышы – Nairovirus туыстастығына жататын вирус (Bunyaviridae тұқымдасы). Вирустың табиғи резервуары: жабайы және үй жануарлары (ірі қара, қой, ешкі). Вирусты тасымалдаушысы: иксод кенелері (әсіресе Hyalomma түрі). КҚКҚ жұғу жолдары: кененің шағуы арқылы; жануар қанымен немесе тіндерімен жанасқанда; науқастың қанымен, биологиялық сұйықтықтарымен байланыста; медициналық манипуляциялар кезінде (госпитальшілік жұқтыру).
Адам ауру жұқтырған кенелер шаққанда, сырқаттың қаны мен қанды шығындылары арқылы, құрамында вирус бар материал теріге және сілемейлі мүшеге түскенде, мал қырқу және оларды қолмен кенелерден тазарту кезінде кенелердегі жұқпаның терінің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, КҚГҚ вирусымен зертханалық жағдайда жұмыс істегенде, сырқаттарды күту және оларға медициналық көмек көрсету кезінде жұқтырады.
Клиникалық белгілері (қысқаша): қызба (39-40), бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет, буын ауруы, қан кетулер (мұрыннан, қызыл иектен, ішкі ағзалардан), геморрагиялық бөртпе. Алдын алу шаралары: бірінші жеке профилактика – табиғатта, жайылымда жүргенде жабық киім, жеңі ұзын, балақтары жабық шалбар кию, ашық түсті киім таңдау (кенені көру жеңіл), репелленттер қолдану, денені жүйелі тексеру (кенеге қарау), кене табылған жағдайда өз бетімен жұлуға болмайды, медициналық мекемеге жүгіну қажет. Екінші: қоғамдық профилактика: кене ошақтарын өндеу (аскарицидтік шаралар), мал қораларын, жайылымдарды дезинсекциялау, энтомологиялық мониторинг жүргізу, қауіпті аймақтарды картаға түсіру. Үшінші: мал шаруашылығында профилактика: малдарды кенеге қарсы өңдеу, мал сою кезінде қорғаныш құралдарын қолдану (қолғап, халат, көзілдірік), шикі етпен жұмыс істегенде сақтық шараларын сақтау. Төртінші: медициналық ұйымдардағы профилактика: қатаң инфекциялық бақылау (жеке қорғаныш құралдары; бір рет қолданылатын құралдар), биологиялық сұйықтықтармен жұмыс кезінде қауіпсіздік, науқастарды оқшаулау, дезинфекция және стерилизация, байланыста болғандарды бақылау (14 күн).
Уақытылы медициналық көмекке жүгінбеу, аурудың асқынған ағымына әкелетінің есте ұстаған жөн.
Есіңізде болсын, сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда!
А.СЕРАЛЫ,
көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а.