Арандатудың ақыры азып-тозуға апарады
Жарты әлемге әмірін жүргізген Шыңғыс хан бабамыздың және оның ұрпақтары үстемдіктерін 1206 жылдан бастап бірнеше ғасыр бойы сақтап келуінің басты бірнеше себептері болғаны тарихтан белгілі.
Біріншісі және ең негізгісі – басты Заңның, яғни Шыңғыс хан өзі негізін қалаған Жосының (Жарғының) қалтқысыз орындалуы. Заң алдында хан да бір, қара да бір болуы. Заңды өрескел бұзған жақын бауырларының өзін Шыңғыс ханның өлім жазасына кесіп жіберуі, заң аясынан шықпай, адал еңбек еткендерді руына, ұлтына, дініне қарамастан көтермелеуі халықтың заңға деген құрметін асырған. Заң сақталған жерде әлеуметтік жағынан да, экономикалық жағынан да, әскери жағынан да даму қарқындайтыны бесенеден белгілі.
Екіншісі – Шыңғыс бабамыздың басып алған елдеріндегі жүргізген адал саясаты. Ол дегеніміз, бір де бір мемлекетте дінге, олардың салт-дәстүрлері мен тілдеріне тиіспей, оларға құрметпен қараған. Тіптен мешіттер мен шіркеулерді салықтан босатып, мүмкіндігінше қаражаттай көмектесіп отырған.
Үшіншісі – Құрылтайға деген орасан құрмет. Мемлекет басшысын, яғни Ханды сайлау, басқа елге соғыс ашу, бейбітшілік келісімге келу сияқты мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелер бойынша шешім тек қана халық Құрылтайымен ғана қабылданған.
Шыңғыс ханның кейінгі ұрпақтарымен Заңның бұзылып, Құрылтай өкілеттігінің аяқ асты болуы, жақындар бірігіп алып, Құрылтайсыз өздері хан сайлап алуы елде тыныштықты бұзып, ешқандай сыртқы жаусыз-ақ, жарты әлемді билеген империяның тарап кетуіне себеп болғанын бәріміз білеміз.
Кейін басқа елдермен бірге қазақтарды да бодан қылған Ресей империясының ұлттық саясаты басқаша жүзеге асырылды. Яғни аз ұлттар қарсылықтарын білдіріп, көтеріліске шықпаулары үшін оларды тілінен, дінінен ажыратып, ассимиляцияға ұшыратып, саны көп орыс ұлтына сіңдіріп жіберу саясаты іске асырылды. Сібір халықтарының біразы осылайша жойылып кетті.
Осы саясаттың салдарынан Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген кезде елімізде қазақ ұлтының саны жалпы халықтың тек 40 пайызын ғана құрады. Мұндай жағдайда тіл саясатын өте сақ және сауатты жүргізу ғана елдегі тыныштық тұрақтылығының кепілі болған еді.
Бүгінгі таңда елімізде қазақ ұлтының саны жалпы халықтың 50 пайызынан асып кетті. Осыны тілге тиек етіп, жуырда ғана қабылданған жаңа Конституциямызда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып танылып, орыс тілі мәртебесін алып тастау туралы ел арасында талқылау қызу жүрген болатын. Майға от құйып, ел арасындағы әңгімені қыздырып отырғандар да жеткілікті.
Мен зейнеттегі заңгермін. Тек тергеу саласында ғана қызмет атқардым, мемлекеттік басқару органдарында істеген емеспін, ешқандай партияда болған емеспін. Тұңғыш Президент тұсында да ешқандай шектеуге қарамастан «Жас Алаш» газетіне тұрақты түрде жазылып, бос кезімде мақалалар жазып отырдым. Қызмет талабына қарай саясатпен емес, қылмыс ашумен айналыстым.
Дәл қазіргі ел арасындағы тіл мәселесі бойынша туындап отырған жағдай мені осы мақаланы жазуға итермелеп отыр. Біз бұл мәселеге өте мұқият болуымыз керек. Жанымыздағы басқа көрші елдердей емес, біздің географиялық жағдайымыз да, халықтың тіл мәселесі бойынша көзқарасының әртүрлілігі де бізден осыны талап етеді. Конституциядағы тіл мәртебесін өзгерту тұрмақ, Петропавл, Павлодар қалаларының атын қазақшаландырудың өзі бүгінгі таңда мүмкін болмай отыр. Біз солтүстіктегі, шығыстағы, Оралдағы қазақтар санының өте аз екендігін, ол өңірлердегі ұлтаралық қатынас өте нәзік екендігін ешқашан естен шығармауымыз қажет.
Жоғарыда айтып өткендей, жарты әлемді уысында ұстаған бабамыз Шыңғыс хан орнатып кеткен империяның өзі ел тыныштығы бұзылуы салдарынан күйреп кеткен. Біздің ең бірінші байлығымыз – елдің тыныштығы. Төңірегіміз түгел отқа оранып, соғыс қаупі иегіміздің астында тұрғанда орынсыз белсенділік көрсету патриоттыққа жатпайды. Бүгінгі таңда нағыз елін ойлаған, тіліміздің дамуын армандаған патриоттар ең алдымен тыныштықтың сақталуын ойланулары керек. Жалған батырлыққа, жалған патриоттыққа жол жоқ. Тасада отырып алып, айдақтап отырғандарға ілесе бермеу керек. Ел басына күн туса, олардың ештеңесі кетпейді, лақтырған таяқ сорлыға тиетінін ұмытпайық. Халқымыз «Сабыр түбі – сары алтын» демеуші ме еді? Елімізде тыныштық болып, халқымыз осылай көбейе берсе, тіл мәселесі табиғи түрде шешімін табатыны анық. Лайым солай болсын!
Бақытжан Бексұлтанов,
Төле би ауылының тұрғыны.