Қош бол аға, халқымның қайраткері
(Қазақстанның халық жазушысы,
Еңбек ері Мұхтар Шахановтың рухына)
Алатау мен Қаратау да күрсінген,
Табиғат та тұнжырады жыр сіңген.
Мұқтар ақын өтіпті дүниеден,
Қайғы жұтып қалды менің құр сүлдем.
Мұхтар аға арқалы ақын еді,
Тірлігіне қазақтың жақын еді.
Сөзін сөйлеп ұлтының ұлықтаған,
Ардақтаған, құрметтеп атын елі.
Қабырғасы қайысқан-ды елді ойлап,
Гүлдене бастап еді енді аймақ.
Тағдырына Аралдың атсалысты,
Жаяу жүріп талай-талай құмды бойлап.
Желтоқсанның жағдайын саралады,
Аттан түспей ел ішін аралады.
Жапа шеккен жазықсыз ұл-қыздардың,
Жан азабы жүрегін жаралады.
Ана тілін ардақтап, қадап айтты.
Тіл туралы заңның да жайын бақты.
Кім болса да көрсетті көзін шұқып,
Кісімсінген пенденің шаңын қақты.
Беретінін бергендей аты шықты,
Ақиқаттың астарын терең ұқты.
Әрбір сөзі семсердей өткір болып,
Болмысы да табиғи қандай мықты.
Қош бол аға, халқымның қайраткері,
Қоғам үшін төгілген маңдай тері.
Жарылқасын алдыңнан деген сөз бар,
Топырағың торқа боп Еңбек ері.
Ахметжан Қосақов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.