Білімнің биік белесі: мұғалімдердің біліктілігі артуда
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесі қарқынды дамып, мұғалім мәртебесі мен оның кәсіби шеберлігіне қойылатын талап та жоғарылап келеді. Заман ағымына сай, білім беру мазмұнының жаңаруы педагогтерден үздіксіз ізденісті қажет етеді. Дәл осы мақсатта Шу ауданында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖМБС) жүзеге асырудағы жаңа тәсілдер: мақсаттан күтілетін оқу нәтижесіне жету» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өз жұмысын бастады.
Бүгінгі таңда білім берудегі басты стратегиялық басымдық — оқушыға тек ақпарат беру емес, оны өмірде қолдана білуге баулу.
Курс аясында «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» (Т1) пәндерін оқытудың тиімді әдістемелері қарастырылуда. Бұл тек теориялық білім емес, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты нығайтатын, заманауи технологияларды сабаққа еркін енгізуге жол ашатын тәжірибелік алаңға айналды. Курс барысында педагогтер келесі өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуда. Біріншіден, оқу мақсаттарын жүйелеу: сабақ жоспарын құруда «не үшін оқытамыз?» деген сұрақтан «оқушы соңында не үйренеді?» деген нәтижені көрсетуде. Білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу тапсырмалары мен әдістерін түрлендіру арқылы білім беру және әртүрлі қабілеттері, қажеттіліктері мен қызығушылықтары бар барлық білім алушылар үшін қолжетімді және тиімді білім беру ортасын құруға бағытталған тәсілдерді қолдану арқылы тапсырмалар құрастыру. Қазақ тілі сабақтарында тілдік дағдыларды (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) кешенді дамытудың соны тәсілдері. Критериалды бағалау арқылы оқушының жетістігін объективті айқындау.
Бүгінгі білім беру жүйесіндегі басты талап — құрғақ фактілерді жаттату емес, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру. Біз бұл курста МЖМБС-тың жаңа тәсілдерін, яғни оқу мақсатын нақты нәтижеге айналдыру жолдарын қарастыруды қолға алдық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы инновациялық әдістерді игеру арқылы олар ертеңгі сабақтарында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын жаңа қырынан көрсете алады.
Сонымен қатар, курс барысында:
• білім беру трендтері мен стейкхолдерлер сұраныстары;
• мемлекеттік және нормативтік құжаттардың құрылымы;
• PISA, TIMSS, ББЖМ зерттеулерінің, нәтижелері;
• Оқу мақсаттарының иерархиясы мен Блум таксономиясы;
• спиральді білім мазмұны және жоспарлау;
• «Мақсат – әдіс – бағалау» сәйкестігі;
• Практикалық бағытта:
• тиімді оқыту әдістері мен функционалдық сауаттылық;
• UDL және білімді саралау;
• тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым дағдыларын дамыту;
• цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін игертеді.
«Ұстаздың білімі — ұлттың болашағы. Бұл курс бізге бағдарламадағы күрделі тұстарды саралап, жаңа МЖМБС талаптарын қалай тиімді жүзеге асыру керектігін үйретеді. Әсіресе, оқу нәтижесіне бағытталған тапсырмаларды құрастыруда тәжірибеміз толығуда», — дейді курсқа қатысушы ұстаздардың бірі.
Мемлекетіміздің ертеңі — білімді ұрпақ десек, сол ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімнің қаруы — оның терең білімі мен әдістемелік шеберлігі. Шу ауданында өтіп жатқан бұл біліктілікті арттыру курсы өңіріміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сапасын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Білім биігін бағындыру жолындағы аудан ұстаздарының қадамдарына сәттілік тілеймін!
Гүлхан АМАНОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Жамбыл облысы бойынша
кәсіби даму институтының аға оқытушысы, п.ғ.м.