Ақпараттық портал

Бүгінгі жас сарбаз – ертеңгі ел қорғаны

Отанды сүю – әр азаматтың қасиетті борышы. Ал сол қасиетті сезімді жас жүректерге дарыту – мұғалімдер қауымының маңызды міндеті. Жас сарбаздардың бойындағы ерлік пен қайсарлықты шыңдайтын әскери-спорттық жарыстар осы бағыттағы игі бастамалардың бірі болып табылады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, Жайсан орта мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық, дене шынықтыру және көркем еңбек пәндері айлығы аясында «Жас сарбаз – Отан қорғаны» атты аймақтық әскери-спорттық жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың патриоттық сезімін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және әскери-қолданбалы дағдыларын дамыту.
Аталған жарысқа спортты жанына серік етіп, елінің нағыз патриоттарын тәрбиелеуді мақсат тұтқан 10 мектептің 7–8 сынып оқушыларынан құралған командалар қатысты. Атап айтқанда, Т.Рысқұлов, Төле би, С.Шәкіров, Ғ.Мұратбаев, Т.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, Амангелді, Алға, Б.Момышұлы атындағы және Жайсан орта мектебінің оқушылары өзара бақ сынасты.
Қатысушылар бірнеше кезең бойынша өз өнерлерін көрсетті. Әскери-қолданбалы кезеңде автоматты бөлшектеп жинау және тирде ату сайыстарында шапшаңдық пен ептіліктерін байқатты. Сонымен қатар, қол күрес және кермеге тартылу кезеңдерінде қатысушылар өздерінің физикалық дайындығын дәлелдеді.
Жарыс аса тартысты әрі қызықты өтті. Жас сарбаздар барлық кезеңдерде спортқа деген қызығушылығын, төзімділік және әскери даярлықтарын жоғары деңгейде көрсетіп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Әсіресе, командалардың ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігері ерекше көзге түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп иеленіп, музыкалық колонкамен марапатталды. ІІ орынды Б.Момышұлы атындағы мектеп жеңіп алып, үлкен желдеткішке ие болды. Ал ІІІ орынды Жайсан орта мектебінің командасы иеленіп, қабырға сағатымен марапатталды. Қалған қатысушы мектептер жекелеген жарыс түрлері бойынша І, ІІ, ІІІ орындарға ие болып, арнайы марапаттарға қол жеткізді.
Сонымен қатар, кіші футбол ойыны жеке бағаланып, нәтижесінде І орынды Б.Момышұлы атындағы мектебі, ІІ орынды Амангелді атындағы мектебі, ІІІ орынды Төле би атындағы мектебі иеленді. Жеңімпаз командалар кубоктармен және медальдармен марапатталды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған мектеп директоры Ерлан Нұрқасымұлы Абуевтің еңбегі зор. Сондай-ақ, іс-шараны ұйымдастырып, жауапкершілікпен атқарған алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Қондыбаев Бағдат Бүркітбайұлы мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Батырбек Ардақ Алғабекұлының еңбегін ерекше атап өтуге лайық. Сонымен қатар, командаларын дайындап, жарысқа қатыстырып, жауапкершілік атты үлкен жүкті арқалап келген жетекшілерге де алғысымыз шексіз.
Аталған жарыс өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырып, әскери-қолданбалы дағдыларын жетілдіруге зор ықпал етті.
Сәуле Үмбетова,
Жайсан орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.