Ауыл мешітінің бой көтергеніне – 30 жыл
Тарихтың әрбір беті халықтың жүрегінде қалған із, ал сол іздің ең асылдары – елдің руханиятымен, иманымен сабақтас сәттер. Уақыт өзенін кері ағызып қарасаң, кейбір кезеңдер ерекше нұрға бөленіп тұрады. Себебі, ол – бірліктің, сенімнің, ізгі ниеттің тоғысқан тұсы. Бірлікүстем ауылы үшін сондай қастерлі кезеңнің бірі – ауыл мешітінің бой көтерген уақыты. Биыл, 25 мамыр күні сол қасиетті орданың салынғанына 30 жыл толып отыр. Бұл тұтас бір елдің рухани жаңғыруының айғағы, жүректерге иман ұялаған ұлы белес. Алланың қалауымен осы бір игі істің басы-қасында болғанымды мен тағдырдың маған тарту еткен ерекше сыйы деп білемін. Сол себепті көңіл түкпірінде сақталған естеліктерді қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етуді өзіме парыз санадым.
Ол кезде мен Халық депутаттары Бірлікүстем селолық советі атқару комитетінің төрағасы едім. Жасым әлі отызға да толмаған, ал жүректе жалын, бойда жігер тасып тұрған шақ. Қызметке деген адалдық пен жауапкершілік бізді алға жетелейтін. Әр тапсырма – сын, әр шешім – халық алдындағы аманат болатын. Әсіресе, елмен жұмыс істеу деген сабыр мен парасатты, әділдік пен табандылықты талап ететін үлкен өмір мектебі еді.
Сол кезеңде ауылдық басқару жүйесі «селолық совет» деп аталатын. Халық оны қарапайым тілмен «селсовет» деп қысқартып айтатын. Қазіргі цифрландырылған замандағыдай емес, барлық мәселе осы бір шағын мекеменің төрінде шешілетін. Елдің мұңы да, қуанышы да, тіршіліктің түйіні де осында тоғысатын. Сол себепті үлкен кісілердің мені «болыс» деп атауы да бекер емес еді. «Сен білесің бе, әлде селсовет біле ме?» деген сөздер халықтың сенімі мен жауапкершіліктің салмағын қатар сездіретін.
Селолық совет құрамына Чкалов совхозы, В.П.Чкалов атындағы орта мектеп, «Жұлдыз» балабақшасы, медициналық пункт, пошта бөлімшесі, мәдениет үйі, екі дүкен және монша кіретін. Екі мыңнан астам тұрғыны бар, үш жүзден аса түтін түтеткен бұл ауыл өз алдына бір тіршілік әлемі, бір шағын мемлекет секілді еді.
Сол тұста совхозды басқарған Жұмахан Зәукетайұлы – жұмысшылардың шын мәніндегі тірегі бола білген тұлға. Ол еңбекшілдердің мұңын тыңдай білетін, сөзін салмақпен жеткізетін, іске келгенде табандылық танытатын қайраткер бола білді. Жұмысшылармен де, мамандармен де ашық сөйлесіп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін қасиеті оны елге жақын етті. Осындай ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында шаруашылық жұмысы алға басты. Егіншілік мәдениеті қалыптасып, әр гектардан мол өнім алынды. Ауыл тіршілігінің әр күні маңдай термен өлшеніп, әр жетістік елдің ортақ қуанышына айналатын. Жердің жомарттығы мен адамның адал еңбегі үйлесім тапқанда, қандай нәтижеге жетуге болатынын біздің шаруашылық айқын дәлелдеді. 400 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 350–380 центнер өнім алу сол уақыт үшін үлкен көрсеткіш еді. Кей жылдары бұл көлем 380–400 гектарға дейін ұлғайып, одан 20 мың тоннаға дейін тәтті түбір мемлекетке өткізілген сәттер де болды.
Мал шаруашылығы да өз өрісін кеңейтті. Қой саны 48–50 отарға жетіп, жылқы 300 басқа жуықтады, ал сиыр 400–500 басқа дейін өсті. Ет, сүт, жүн өндіру көрсеткіштері жылдан-жылға артып отырды. Мемлекетке астық тапсыруда да шаруашылық алдыңғы қатардан көрінді. Жоспар бойынша 6 мың тонна астық өткізу көзделсе, 1987 жылы бұл көрсеткіш 21 мың тоннаға жетіп, екі жарым есеге артық орындалды. Осындай толайым табыстардың арқасында біз сол тұстағы аудандағы 17 шаруашылықтың ішінде ең озығы атандық десем, артық айтқандық болмас. Дегенмен, сол ұжымның жүрегі, бағыт-бағдарын айқындаған Жұмахан Зәукетайұлы еді. Ол әр егіншіні, әр суғарушыны, әр бригадирді жеке танитын, олардың еңбегін бағалап, жағдайын сұрап отыратын.
Жұмекең ауылдың шаруашылығынан бөлек, өлке келбетін де көркейтті. Көшелерге қиыршық тас төселіп, арықтар салынып, мөлдір су сылдырап ағып жататын. Ауыл күн өткен сайын ажарланып, тіршіліктің тамыры тереңдей түсті. Ол басқарған 12 жыл ішінде шаруашылық табысты, берекелі ұжымға айналды. Мен өз басым осындай ірі тұлғаның жанында қызмет атқарғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Бұл мен үшін үлкен мектеп, өмірлік сабақ болды.
Осындай өркендеу үстінде ауылда бір үлкен рухани қажеттілік сезіле бастады. Ол – мешіт салу мәселесі еді. Сол жылдары «Тұрғын үй–91» бағдарламасы аясында ауылда жаңа үйлер бой көтере бастады. Жұмекеңнің бастамасымен 25–30 шақты тұрғын үй салынып, талай отбасы жаңа қонысқа ие болды. Бұл да елге жасалған үлкен қамқорлықтың бір көрінісі еді. Осындай өрлеу үстінде халықтың рухани сұранысы да айқын сезіле бастады. Бір күні ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында ақсақалдар «ауылға мешіт керек» деген мәселені көтерді. Сол кезеңде ауылдық совет депутаттарының жұмысы да қызу жүретін. Жылына екі мәрте 25 депутаттың қатысуымен сессиялық жиын өтетін. Сол жиында да бұл мәселе көтеріліп, депутаттар бірауыздан қолдау білдірді. Ауылдың рухани қажеттілігін терең түсінген Жұмекең батыл шешім қабылдады. Екі баспанаға бөлінген қаржыны мешіт құрылысына бағыттады. Әрине, бұл қадам оңай болған жоқ. Кейін құзырлы органдар тарапынан «қаржы мақсатсыз жұмсалды» деген сын да айтылды, қысым да болды. Бірақ ел игілігі үшін жасалған іс тоқтамады. Ауыл тұрғындары да қолдарынан келгенше көмек көрсетуге әзір екендерін білдірді. Бірі қаржылай, бірі еңбекпен үлес қосты. Ал мен сол істің ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып, алғашқы қазығы қағылып, іргетасы қаланған сәттерінде әр берілген тапсырманы аса жауапкершілікпен орындауға тырыстым.
Бұл кезең еліміздің тәуелсіздік алып, рухани тұрғыдан қайта жаңғыра бастаған уақытымен тұспа-тұс келді. Кеңестік жүйенің шектеуінен босап, халық өз дініне, өз болмысына бет бұра бастады. Ой еркіндігі, сөз бостандығы кең өріс алды. Бұрынғы идеологияның орнын ұлттық құндылықтар алмастыра бастады.
Біз де сол кезде «ұрпақ тәрбиесі мешіттен бастау алуы тиіс» деген ойды алға тарттық. Майтас өңіріндегі Бақтияр мешітінің тарихын еске алып, сол рухани сабақтастықты жалғауды мақсат еттік. Бірақ, Кеңестік атеистік тәрбиемен өскен мен үшін бұл қадам оңай болмады. Десе де, адам жүрегіндегі сенімді ешбір жүйе өшіре алмайтынын уақыт дәлелдеді. Ішкі түйсік, жүрек қалауы мені осы жолға жетеледі. Мен бұл істі өзім үшін емес, елдің ертеңі үшін, ұрпақтың рухани тәрбиесі үшін жасадым. Сондықтан бұл бастаманы Алланың маған жүктеген сынағы әрі аманаты деп қабылдадым. Араға жылдар салып халықтың бірлігі мен ниетінің арқасында мешіт бой көтеріп, ауылдың рухани тірегіне айналды.
Мешіттің алғашқы бас имамы болып Мәлібек Ақшабаев болған еді. Ол кісі кезінде «Ленин» орденінің иегері, озат бригадир болған. Өмірдің терең мәнін іздеп, ескіше хат танып, Алланы тану жолына түскен жан болатын.
Ал бүгінгі таңда ауыл мешітінде имандылық қызметін атқарып жүрген Жетпісбай Әлімбеков – кеңестік кезеңде зоотехник мамандығын меңгерген, жоғары білімді, қызыл диплом иегері. Бүгінде сол мешіттен азан үні асқақтап, елді имандылыққа шақырып тұр. Жастар мешітке келіп, тәлім алып, рухани тұрғыда нәрленіп жүр. Осы сәтті көрген сайын мен сол кездердегі ортақ еңбекті еске аламын. Алайда іште бір өкініш бар… Осы мешіттің салыну тарихы, оған атсалысқан азаматтардың еңбегін қазіргі жастар білсе екен деймін. Уақыт өткен сайын бұл деректер көмескіленуі мүмкін. Жастар осы мешіттің әр кірпішінде халықтың үміті, әр тасында маңдай тері жатқанын танып өссе дер едім. Себебі отыз жыл бұрын қарапайым ғана үмітпен қағылған қазық бүгінде үлкен рухани ордаға айналды.
Осыдан екі ай бұрын мен мешіттің салыну тарихына қатысты нақты деректер табылар деген үмітпен Шу ауданының мемлекеттік архивіне арнайы бардым. Ішімде «сол жылдардың бір белгісі, бір құжаты табылар» деген сенім болды. Алайда архив сөрелерінен іздегенім табылмады. Қолыма тигені – бар болғаны бір жапырақ қағаз ғана. Онда: «Бірлікүстем ауылдық Кеңесінің 1993 жылғы құжаттары Шу ауданының мемлекеттік архивіне сақтауға түскен жоқ. 1990–1992, 1994–1995 жылдарға арналған құжаттардан мешіт құрылысына қатысты деректер табылған жоқ» деген суық хабар жазылып тұрды. Сол сәттегі көңіл күйімді сөзбен жеткізу қиын… Көз алдымда күн-түн демей еңбек еткен азаматтардың бейнесі, алғаш қағылған қазық, қаланған іргетас, халықтың ниеті мен тілегі тұрды. Ал архив үнсіз. Сонда біз мешіттің тарихын өз қолымызбен жоғалтып алғанымыз ба деген ащы ой жанымды тіліп өтті…
Осы олқылықтың орнын толтыру ниетімен ең болмаса мешіттің алдына естелік белгі – мемориалдық тақта орнатайық деген ұсынысымды жеткізу үшін ауылдың қазіргі әкімі Асқар Бименбетов мырзаның жұмыс кабинетіне кірген едім. Алайда, өкінішке қарай, бұл бастама да қолдау таппады. «Аға, қазір мұндайға рұқсат жоқ қой» деген жауаппен кері қайттым. Дегенмен, тарихты қағаз сақтамаса да, халықтың жадынан ешкім өшіре алмайды. Сол бір жылдардың жарқын сәттері жүректе сайрап тұр. Мәселен, 1996 жылы мешіт ашылып, ел игілігіне берілгенде, еліміздің сол кездегі Бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен «Төле би» қорының директоры Оралжан Масатбаев ауданға атбасын бұрып, жаңа салынған мешітті көруге де сәті түскен еді. Бұл ауыл тарихындағы айтулы, мәртебелі күндердің бірі. Сол сәт біздің еңбегіміздің ақталған, халықтың қуанышы шалқыған ерекше кезең еді. Біз бұл оқиғамен әрдайым мақтанамыз.
Уақыт алға жылжыған сайын адам да, заман да өзгереді. Бірақ шынайы еңбек пен адал ниет ешқашан ұмытылмауы тиіс. Сондықтан мен осы жерде мешіттің бой көтеруіне шын жүректен атсалысып, жанымнан табылып, қолдау көрсеткен азаматтардың есімдерін ерекше ілтипатпен атап өткім келеді.
Мешіттің жұмыстарына белсене араласқан азаматтар: Әшірбай Тимахамбетов, Жапар Изембаев, Көрікбай Өмірәлиев, Алтай Смайлов. Мешіттің ішкі жабдықтарына, соның ішінде табыт, бастырма, мінбе жасауға үлкен үлес қосқандар: Азнаев Шерван, Серкебаев Шарапи, Жиесов Берік. Қаржы жинап, құжаттарын реттеуге атсалысқан жандар: Нұрбекова Тауқия, Биназарова Советкүл, Буданбеков Қайрат. Бейіт қоршауына көмектескен азаматтар: Шперлинг Иван, Барт Антон.
Ал мешіттің сызбасын жасап, ауласын көркейтіп, безендіру жұмыстарына үлес қосқан азаматтар: Жақыпбаев Макен, Қожаев Маралбек, Өмірәлиев Ержан, Қараулов Нұрбек. Бұл есімдер тарихтың тірі куәгерлері, сол мешіттің үнсіз шежіресі. Алла сол берекені баянды етіп, елдің іргесін берік, жүрегін нұрлы етсін.
Асқар Серкебаев,
Бірлікүстем ауылының тұрғыны,
бұрынғы селолық совет атқару комитетінің
төрағасы.