Сәбиіңіздің болашағына қамқорлық: иммунопрофилактиканың пайдасы
Ата-ана болу – ең бақытты, бірақ сонымен қатар ең жауапты міндет. Әрбір ата-ана өз баласының дені сау, бақытты өмір сүргенін қалайды. Осы жолда біз, педиатрлар, сіздермен біргеміз. Бүгінгі таңда денсаулықты сақтаудың ең тиімді және ғылыми дәлелденген жолдарының бірі – иммунопрофилактика. Бұл мақалада мен, педиатр ретінде, иммунопрофилактиканың маңызын, оның сәбилеріміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін және ата-аналарға қандай кеңестер беретінімді бөліскім келеді.
Иммунопрофилактика – сәбидің болашағына инвестиция
Есте ұстаңыз, иммунопрофилактика – бұл жай ғана аурулардан қорғану емес, бұл балаңыздың денсаулығына жасалған маңызды инвестиция. Вакцинация арқылы біз сәбидің ағзасына белгілі бір аурулардың қоздырғыштарына қарсы антиденелерді өндіруге көмектесеміз. Бұл олардың ағзасын әлсірететін, кейде өмірге қауіпті болатын инфекцияларға қарсы даярлайды. Бұндай ауруларға – туберкулез, вирусты гепатит В, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, полиомиелит және тағы басқалар жатады. Уақытылы егілген балалар осы аурулардан қорғалып, асқынуларсыз өседі.
Иммунопрофилактикадағы педиатрдың рөлі: сенім мен ақпарат көзі
Менің пациенттерімнің ата-аналарына ең бірінші айтатыным, вакцинация – бұл баланың болашағына жасалған инвестиция. Алайда, соңғы жылдары вакцинация туралы түрлі жалған ақпараттардың таралуы ата-аналарды алаңдатуы мүмкін. Осы кезде педиатрдың рөлі өте маңызды. Біз – медициналық білімі бар, ғылыми зерттеулерге сүйенетін, баланың денсаулығына жауапты мамандармыз. Біздің міндетіміз – ата-аналарға дұрыс, сенімді ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап беріп, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігіне деген сенімдерін нығайту. Біз әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларға ең қолайлы екпе жоспарын ұсынамыз.
“Әрбір егілмеген бала – бұл әлеуметтік тәуекел”
Кейбір ата-аналар “балам әлі кішкентай”, “қорқынышты”, “табиғи иммунитет жақсырақ” деген сылтаулармен вакцинациядан бас тартады. Алайда, біз бұл жағдайды тек жеке баланы ғана емес, жалпы қоғам денсаулығы тұрғысынан да қарауымыз керек. Жаппай иммундалу – бұл “ұжымдық иммунитет” деп аталатын феноменге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – егер көптеген адамдар ауруға қарсы иммунитетке ие болса, онда аурудың таралуы елеусіз қалады, тіпті егілуге болмайтын (мысалы, жаңа туған нәрестелер, кейбір аурулары бар балалар) адамдар да қорғалады. Сондықтан, әрбір егілмеген бала – бұл тек өзі үшін ғана емес, айналасындағы осал адамдар үшін де әлеуметтік тәуекел.
Ата-аналарға арналған кеңестер:
• Сауатты болыңыз: Вакцинация туралы ақпаратты тек ресми медициналық ресурстардан, сенімді дәрігерлерден алыңыз. Әлеуметтік желілердегі немесе таныс-білістерден естіген, ғылыми дәлелі жоқ ақпараттарға сенбеңіз;
• Дәрігермен ашық сөйлесіңіз: Өзіңізді мазалаған кез келген сұрақ, алаңдаушылық болса, міндетті түрде педиатрыңызбен бөлісіңіз. Біз сіздің барлық сауалдарыңызға жауап беруге дайынбыз;
• Екпе кестесін сақтаңыз: Балаңыздың денсаулығы үшін вакцинацияның белгілі бір кестесі бар. Оны қатаң сақтау өте маңызды;
• Денсаулықты нығайту: Вакцинациямен қатар, баланың дұрыс тамақтануы, ұйқысы, дене шынықтыруы да оның иммунитетін нығайтуға үлес қосады.
Қорытындылай келе, иммунопрофилактика – бұл әрбір баланың дені сау болашағына кепілдік беретін маңызды құрал. Біз, педиатрлар, сіздердің сенімді серіктеріңіз болып, балаларыңыздың саулығы жолында сіздерге қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Егер сіздерде иммунопрофилактикаға қатысты сұрақтар туындаса, еш тартынбай, өз дәрігеріңізге хабарласыңыз.
Біздің ортақ мақсатымыз – сау ұрпақ тәрбиелеу.
Әсел Зарбат,
Шу аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері.