Анаға қарап қыз өсер…
Жуырда «Жастар ресурстық орталығы» мен Домалақ ене атындағы орта мектебінің бірлесуімен «Ана – қызының алғашқы ұстазы» тақырыбында тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ана мен қыз арасындағы рухани байланысты нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын қайта жаңғырту болды. Өйткені әрбір қыз бала үшін ана – өмірдегі ең алғашқы ұстаз, бағыт-бағдар беруші, өнеге мен тәрбиенің қайнар көзі.
Байқау барысында қатысушылар өз өнерлерін, шеберліктерін және шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Сахнада ана мен қыз арасындағы сыйластық, мейірім мен махаббат ерекше сезіліп, көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар түрлі кезеңдер арқылы өзара түсіністік пен үйлесімділіктің жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараға барлығы 5 қатысушы қатысып, өзара бақ сынасты. Әр қатысушының өнері мен талпынысы әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде бас жүлде анасы Жұлдыз бен қызы Айымға, І орын анасы Мадина мен қызы Сезімге, ІІ орын анасы Гүлшат пен қызы Сұлуға және анасы Сандуғаш пен қызы Арайға,
ІІІ орын анасы Гульфия мен қызы Инабатқа табысталды және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл тағылымды кеш – тек байқау ғана емес, сонымен қатар отбасы құндылықтарын насихаттайтын, ананың қоғамдағы рөлін айқындайтын, жас ұрпаққа үлгі болатын маңызды шаралардың бірі болды. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.
Ана – өмірдің шуағы, тәрбиенің бастауы. Ал сол ананың ізін жалғаған қыз – болашақтың айнасы.
Айжан Аралбай,
Бірлікүстем ауылдық округі жастармен жұмыс жөніндегі маман.