Ақпараттық портал

ТАЛАПКЕРЛЕРДІ БІЛІМ АЛУҒА ШАҚЫРАДЫ

KAZNARU – ғасыр белесіндегі университет. Ел болашағы зерделі, білімді, білікті жастардың қолында, бұл өмірдің негізгі бұлжымас қағидаты. Жастардың жан-жақты терең білім алып, кемелденуі – ұлттың келешек тағдырын шешеді. Жастар аға буынның жеткен жетістіктерін ары қарай дамытып, елдің өркендеуіне зор үлес қосатын әлеуметтік күш. Мемлекеттің рухани тірегі болып саналатын осы стратегиялық ресурстарды даярлайтын жоғары оқу орындарының рөлі мен орны ерекше.
Жүз жылға жуық бай шежіресі бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – отандық үздік оқу орындарының көш басында тұр. Аграрлық білім ошағынан 160 мыңнан астам маман түлеп ұшты, біз оларды мақтан тұтамыз. Олардың арасынан Премьер-министрлер, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, Парламент депутаттары, белгілі кәсіпкерлер, 30-дан аса Еңбек Ері мен Кеңес Одағының батырлары шықты. Республикамыздың көптеген университеттері мұндай жетістіктермен мақтана алмайды. Бізді таңдаған талапкерлер арасынан келешекте ауылшаруашылығының білікті мамандары, ел басқаратын әкімдер, министрлер, депутаттар шығатынына кәміл сенімдеміз. Өйткені, Халықаралық рейтинг бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына енген білім ордасында оқу әр жастың арманы!
Бәсекеге қабілетті маман атану – уақыт талабы. Қазіргі таңда білім мен ғылымның сипаты мүлде өзгерді. Бұл талап университетке жаңа міндеттер жүктейді. Біздің негізгі басты мақсатымыз – жоғары оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу.
KazNARU базасындағы оқу процесінде бүгінде үлкен бетбұрыстар жүріп жатыр. Біздің құрылымға 4 бірдей ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық қосылды. Осылайша, біз функционалды жүйе болып табылатын зерттеу университетінің заманауи институционалдық моделіне көштік: «Университет – ҒЗИ – тәжірибелік шаруашылық» жүйесі білікті кадрлар дайындау ұстаханасына айналды. Бұл дамыған елдердің ең үздік тәжірибесі.
Университетте оқыту процесі 6 факультет пен 26 кафедрада 56 бакалавриат, 3 арнайы жоғары білім, 89 магистратура және 21 РһD докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл арада білім беру мен кәсіптік даярлыққа инновациялық әдістерді енгізу, стартап-экожүйелерді дамыту және әлеуметтік ұтқырлық деңгейін арттыруға баса назар аударылады. «Агробиология», «Ветеринария және Зооинженерия», «Орман шаруашылығы және жер ресурстары», «Инженерлік технологиялар», «Су ресурстары және IT технологиясы» факультеттері мен «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің студенттері заманауи, кең әрі жарық аудиторияларда білім алады.
Талапкерлер үшін басты жаңалық 2024 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру бағдарламалары үшін шекті балл – 50 балл болып белгіленді. Енді ауыл мектептерінің түлектері үшін аграрлық университеттерге түсуге тікелей жол ашылды және білім алушыларымыз жоғары стипендия алады.
Университетте студент жастар үшін барлық жағдайлар жасалған. Білім алушылардың алаңсыз оқып, жақсы маман болып шығуы үшін ЖОО- дағы материалдық-техникалық базаның мықтылығы маңызды рөл атқарады. KazNARU Алматы қаласындағы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет. Жайлы да жарық тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары заман талабына сай жасақталған. Студенттерге қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары, газ плиткалары қойылған. Қазіргі уақытта Уиверситет территориясында заманауи 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхана мен жеке Медициналық орталық салынып жатыр.
Студент жастардың қосымша ізденіп, бос уақытында мәдени, спорттық шаралармен айналысуына толық жағдай жасалынған. Орталық кітапхана, жаңа стадион, спорт залдары заманауи техникалық құралдармен толық жабдықталған. Білім алушылар үшін жеңілдетілген бағамен азық- түлік «Студент» дүкені, дәріхана жұмыс істейді.
Сонымен бірге, университетте Әскери кафедра жұмыс істейді, онда студентер запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламасы бойынша қосымша әскери білім алып шығады. Мұндай мүмкіндік Алматы қаласындағы санаулы ЖОО-да ғана бар.
Халықаралық ынтымақтастық – басты бағыттың бірі. Біздің оқу ордамыз әлемнің 170 жетекші университеттерімен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан, оның ішінде, 40-тан астам серіктестеріміз Қытай елінен. Небраска-Линкольн университеті (АҚШ), Вагенинген университеті (Нидерланды), АгроПарижТех университеті (Франция), Қытай ауылшаруашылық университетімен (ҚХР) тығыз байланыста жұмыс істейміз.
2024-2025 оқу жылында екі ел Президенттерінің қолдауымен КазNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты» ҰЗУ Филиалы ашылды. Мұнда бәсекеге қабілетті су шаруашылығы мамандарын даярлау 2+2 принципімен жүзеге асырылады. Студенттер екі жыл Алматыда, екі жыл Ташкентте оқиды. Бітіруші түлектер екі университеттің дипломын алып шығады.
KazNARU жастарды білім мен табысқа жетелейді. Алматы – мәңгілік жастар қаласы. Осы Алатаудың баурайында орналасқан әсем шаһарда жоғары білім алғысы келетін жігіттер мен қыздарымыз ел болашағының алтын тірегі.
Егер, Сіздер рухани астанамыздағы осындай инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамыған жетекші оқу ордасында білім алып, білікті маман атанып, туған елімізге шексіз қызмет етуді мақсат тұтсаңыздар келіңіздер – KazNARU сіздерді күтеді!
Қабылдау комиссиясының телефоны:
+ 7(727) 264 06 13 , +7 (747) 264 08 54 ;
Аграрлық мамандықтар сіздерді зор табыс пен үлкен жетістіктерге бастайды!
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
Басқарма Төрағасы –Ректор, академик,
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті,
осы университеттің түлегі.
Құрманкүл Абаева,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
профессоры,
ШУ ауданының құрметті азаматы,
«Ы.Алтынсарин» орта мектебінің түлегі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.