Ақпараттық портал

Шабандозға ат керек, жүйрік атқа бап керек

Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ақанның Құлагері сынды шашасына шаң жұқпас жүйріктердің жалғасындай болып келе жатқан қазіргі түрлі аламан бәйгелерде топ жарып жүрген жүйріктердің шамасы мен бабының қалыптасуына атадан мұра болып келе жатқан ат баптау ісі өте күрделі жұмыс екенін көбіміз біле бермейміз. Шу, Мойынқұм, Қордай аудандарынан бөлек, Алматы облысының атқұмар атбегілеріне өз ақыл-кеңесін аямай, ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі – ат спортына қомақты үлес қосып жүрген азаматтарды күнде көріп жүрсек те байқамай қалатынымыз шындық. Сондай бір сәттерде бойға біткен қарапайымдылық пен өз ісінің тиянақты шебері бола жүріп, кісілік қалпымен «ерді кебенек ішінде таны» деген сөздің үдесінен шыға білетін Көктөбе ауылының тұрғыны Сауранбаев Жаманқұл ағамызбен әңгімелесудің сәті түсті.

– Мен ғылыми зерделеу жұмыстарымен айналысып жүрген ғалым, я көркем әдебиет әлемінде қанат сермеп жүрген жазушы да емеспін. «Ер қанаты – ат» демекші, бала күннен ат жалын тартып мінгендіктен жылқы жануарының керемет құпияға толы мінездері мен қылықтарын бізден бұрын бағзы заманнан-ақ байқаған ата –бабаларымыздың біздерге дейін жеткен түрлі тәсілдерінің өміршеңдігіне таңқаламын. Бір күндері құлын кезінен баптап, түрлі бәйгелерде топ жарып, хас жүйріктің өзі болған жүйрігімді «тұқымын көбейтіп алдың ғой, енді бізге сатшы» деп қолқалаған алыс-жақын азаматтар болды. Қу тірліктің бір тесігіне тығын болсын деген ниетпен алушыларға келіскен бағаның жобасын белгілеген едім. Бірер күн бұрын келіп көріп, атымның әр жерін сипап уағдаласқан алушылар кеткеннен кейін, жүйрігімнің сұлқ түскен жанарынан боталаған жасты көріп жан дүнием егіліп, айтқанымнан айнып қалдым. Ертесіне келген алушылардан кешірім сұрап шығарып салғанымды байқаған жүйрігім оқыранып, тұмсығын қойныма тығып, жер тарпып қуанғанын көріп, тылсым дүниенің кереметтілігіне қайран болдым. Бәрібір сіз бен біз жылқы малының бойында құпия қасиеттер көп екенін біле бермейді екенбіз. Тоқсан түрлі құпиясы бар жылқы малының өз иесіне деген сенімділігі мен адалдығын байқадым. Ата-бабаларымыз жылқыны «текті жануар» деп бекер атамаса керек. Айта берсек, кез келген қисса-дастандардың бәрінде жылқы жануары араласпаған тақырып жоқ десек болады.
Сонау 2012 жылы 13 қазанда «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаевтың ұйымдастыруымен Жарлысу ауылында республика деңгейінде үлкен ат бәйгесі болды. Сол «Шәушен» бәйгесі басталарда ат қосып бір-бірімізбен танымал болып қалған Қордай ауданының бір топ бапкер жігіттері: «Аға, «Мотоблоктың» қызын әкелдіңіз бе, мынау сол ғой?!» деп мені жағалай қаумалап сұрай бастады. Жүйрігімнің аты төңірекке мәлім болып қалғанын, көліктен әлі түсіріп үлгермеген аттың жабуын ашып, дене тұрқын көрмей-ақ, жайтаңдаған жанарына қарап: «Жылқыңыз бас бәйгені алып тұр, мәре сызығына бірінші келеді, бас бәйге сіздікі» деген кесім сөздерін естідім. Дүдамал көңілмен бұл жарысқа республикамызға танымал Болат Назарбаевтың да халықаралық дәрежедегі жарыстарда жүлде алып жүрген жүйріктері қосылып жатқанын естіп, күпті көңілім көріпкелдік жасап айтқан Отардың жігіттерінің сөздері санамды сан саққа жүгіртті. Обалы нешік, сәуегейлік айтқан жігіттердің айтқаны келді. Халқымызда айтылатын «Байтал шауып бәйге алмас» деген мақалды бұзып, республикамыздың әр өңірінен келген 72 аттың алдына шығып, жеті қара тігілген бас бәйгені «Падиша» атты жүйрігім жеңіп әперді.
Адам баласында тіршілік болған соң әртүрлі қуанышты сәттер болады емес пе?! Бірақ мынандай дүйім жұрттың назары атыңа, оның иесі саған ауып, кеу-кеулеген кездегі қуаныш пен мақтаныш сезімін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі атбегілердің көбісі соңғы кезде заманауи түрлі допингтік дәрі-дәрмектерді қолданып, небір жүйрік аттардың обалына қалып жүр. Халқымызда «Көктемде жілік шабады, күзде күлік шабады» деген нақыл бекер айтылмаған. Жылдың кез келген мезгілінде, әсіресе шіліңгір ыстықта ат шаптыру дұрыс емес. Кей кездері жылқы малының мінезді жануар екенінен де хабарсыз атқұмарлар бабы келмеген аттарын бәйгеге қосып, меселін қайырып, зорықтырып алатын жағдайлар да кездеседі. Қызылорда облысында қазіргі кезде ашық, жабық бәйге деп аталатын бәйге түрлері қолданысқа кіріп, көпшілік көңілінен шығуда. Ол дегеніміз, ашық бәйгеге құнан, дөнен, байталға өзінше жарыс ұйымдастырады. Жабық бәйгеде өз ауданындағы жүйріктер бақ сынасады. Сырттан бөгде біреулер тосыннан келіп ат қосуға рұқсат жоқ. Олар да ат спортына бәйгеге қосу мүмкіндігі арнайы құрылған алқа мүшелерінің рұқсатымен қарастырылған. Түрлі мерекелік іс-шаралардағы бәйге, көкпар сынды ат ойындарын өткізу тәртібі арнайы құрылған алқа мүшелерінің ұйғарымымен қарастырылады.
Бұл дегеніміз, аудан көлеміндегі ат ұстап баптайтын әуесқой атбегілеріміздің өз жүйріктерінің көбеюіне жол ашады және ат баптау еңбегінің өтеуі ретінде азды-көпті жүлделі орындарға қол жеткізудің бірден-бір себепкері болады. Негізі қызылордалық атбегілердің бастама іс-тәжірибелері құптарлық іс деуге болады. Әйтпесе алыс жақтың айтулы жүйріктерін алдырып, оны өзімнің атым деп иемденіп, кез келген жарысқа қосып жүрген ағайындарымыздың теріс әрекеттері көпшіліктің наразылығын тудыруда. Ал, атты баптау бірер күндік емес, ең кемі 3-4 ай дайындықпен, тіпті жылдар бойғы еңбегінің жемісін көрумен өлшенетін атбегі бапкерлердің құмарлық кезеңінің нәтижесі. Сондықтан аудан көлеміндегі үлкенді–кішілі жарыстарда өз жүйріктерінің шама-шарқын анықтап алуға дөп жасалған іс болар еді. Нәтижесінде жергілікті атқұмар әуесқой атбегілердің баптап, үкілеп жүрген жүйріктерінің шамасы мен бабы білінеді. Есесіне үлкенді, кішілі жүлделі сыйлықтар өз ауданының жүйріктеріне беріліп, ат баптау ісіне қызығушылық қалыптасар еді,–деп өз пайымын айтқан ағамыздың ат спортына деген жанашырлық байламы өмір тәжірибесіндегі шындық.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген нақыл сөзде көп сыр жатыр. Ат баптаумен айналысатын азаматтардың арасында әркімнің өз әдіс-тәсілдері бар. Кез келген бапкердің жария қыла бермейтін өзіндік құпиясы болады. Негізі атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі әрі бренд дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізіп жалғап келе жатқан, бұрынғылардың көзін көрген қариялық жастағы атқұмар ағалардың іс-тәжірибесін дамытып, жастар бойына жұқтыруға атсалысқанымыз ләзім.
Халқымызда жылқы жануары туралы небір аңыз әңгімелер мен хикаяттар жетерлік. Мінсе көлік, жесе тамақ болған халқымыздың басынан кешкен сұрапыл замандардан алып шыққан жануарларға сұлулық пен әдемілік, қайсарлықтың символы ретінде еліміздің әр түкпірінде ескерткіштер қойылуда. Өте құптарлық іс. Менің өз пайымымда, аты шыққан сәйгүлік тұлпарлардың көбісі қазақы жылқымен будандастырылған тұқымдарынан шыққан. Дала табиғатына бейімделген кең тынысты, шыдамды, алыс мәрелерді қиналмай шабатын арғымақтарымыздың тұқымдары әлі де баршылық деуге болады. Дөп басып жүйріктерімізді танып, оны баптай білетін атбегілер некен–саяқ. Жаманқұл ағамыздың өзіндік ешкімге ұқсамайтын ат баптау ісіне 1999 жылдан бастап кіріскелі бері, «Алқа», «Балапан», «Алмаз», «Мұрагер», «Регистрация», «Айқасқа», «Қарлығаш», «Кекілік» атты жүйріктері үлкенді-кішілі бәйгелерден құр қол қайтқан емес. Бұл кісінің 2012 жылы «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы С.Дөненбаевтың ұйымдастыруымен өткен, жүз қаралы ат қосылған 25 шақырымдық құнан бәйгеде түйе бастатқан, екі тай, екі бұқа, екі қошқар, жеті қаралық бәйгені жеңіп алғаны туралы аңыз боларлық әңгімесі бар. Жаманқұл ағамыз сол жарыста ұтқан ұтыстың бас тізгіні түйені той иесіне қайтарып тарту еткені де жылқы мінездес халқымыздың мәрттігі десе болады.
-Біздің Шуда ат спортына қызығушылық танытып, біраз жылдар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, атсалысып, кейінгі жастарға үлгі болып, ат спортының жандануына қолқабыс тигізіп өткен аға ұрпақ өкілдері Қонаев ауылынан Бәйкен Досымбаев, Сауытбек ауылынан Орынбасар Тайшыбаев, Бірлікүстем ауылынан Шарапи Еркешов, Жиенбет ауылынан Елубай Үсенов ағаларымыздың имандары саламат болсын, байқалмаған еңбектері зор десек болады. Қазіргі кезде ат баптау ісінде мол тәжірибелері бар атбегілер Қосыбаев Күрмекбай, Үстемиров Бақыт, Батқанбаев Бештон қарияларымызбен бірге жаста болса бас болып ауданымыздың ат спортының қалыптасуына атсалысып жүрген Найман Сұлтанбаевтардың кейінгі жастарға үлгі боларлық тәлімді істері баршылық. Аудан әкімдігіне қарасты жауапты мекемелер жыл сайынғы ұлттық мерекеміз – Наурыз мейрамы қарсаңында атқұмар аудан азаматтарының жүйріктеріне арнайы тізім жасақтап, екшелеп отырса… Кейде жапатармағай бейсауат кісілердің ат қосу ісіне араласып, жөнді-жөнсіз сілтеме ақыл айтатындарына шектеу болып, ат бәйгесінің шамасын алқа мүшелерінің ұйғарым кеңесімен нақтыланып шешіліп отырса,-деп пікірін білдірген аудандық ат спортының төрағасы Штапхан Ибрайымов біраз түйткілді мәселелер туралы ой қозғады.
Әңгімелесу барысында Жаманқұл ағамыздан жылқы жануарының сан түрлі пайдасы туралы небір жайттарды естідік. Мәселен, қазір үй маңына еккен азын-аулақ көкөністі құрт-құмырсқадан қорғау үшін небір химиялық препараттар қолданбай-ақ тер сіңген тоқымды суға салып ертінді суды шашса, жылқы тезегін мөлшерлі қашықтықпен еккен дақылдың маңына тастаса құрт-құмырсқа жоламай кетеді екен. Соңғы кезде балалар арасында көбірек кездесіп жатқан дене қимылы кемшін балаларды атқа отырғызып, терапиялық әдіспен емдеу ісін құптайтын медициналық нұсқаулықтар да бар. Ұзақ әңгімеге арқау болатын тұрмыстық қажеттілікке жарайтын пайдалы кеңестерге кейінірек өзінше тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Өмірден түйгені мен байқары көп ағамыздың ұлттық құндылығымыздың бірегейі ат баптау, жүйрік дайындау ісінің өзіндік әдіс-тәсілдерін үйретуге құмарлық танытатын шәкірт өрендер болса, бар білгендерімді үйретсем деген пікір ниетінің адалдығына риза болдық. Жетпістің үшеуіне келсе де, қағілез ағамыздың қимыл-қозғалысына қарап «жүйрікте де жүйрік бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деген нақыл бекер айтылмаса керек деген ой түйдік.

Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.