Белбасар төріндегі тартысты бәсеке
Хати Сауранбаев атындағы дәстүрлі футбол турнирі биыл 41-ші рет ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Белбасар ауылында өткен спорттық дода жыл сайынғы игі дәстүрдің жалғасына айналып, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бәсекенің ашылу салтанатында меценат, қоғам қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев пен аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа сөз берілді. Сонымен қатар бірқатар қонақтар ізгі лебізін білдірді.
-Хати атамыздың есімін ұлықтайтын футбол мерекесін теңбіл доп тепкен ағайын асыға күткені белгілі. Бұл доданың даңқы облыс аумағынан ары асып, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын көрінісін көрсетіп отыр.
Хати Сауранбаев Белбасар ауылының іргетасын қалап, уығын бекітіп берген бекзат тұлға. Сонымен қатар, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, азаматқа лайық амалдарды жасап кетті.
Ата есімін ардақтаған Болат ағамыз бастаған Сауранбаевтар отбасы туған жерге деген іңкәрлік сезімін іспен паш етіп отыр. Бұл бәсекені барша спорт сүйер қауым асыға күтеді, жақсы дайындықпен келеді.
Сондықтан турнирдің туын құлатпай келе жатқан Болат Оспанұлына аудан жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Ал қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Найман Кенжеханұлы.
Өз кезегінде Болат Оспанұлы да турнирге қатысушыларға табыс тілеп, ағалық ақжарма ниетін жеткізді.
Биылғы турнирге жалпы 16 команда қатысып, Шу ауданына қарасты ауылдармен қатар, Алматы, Түркістан, Меркі және Отар өңірлерінен келген командалар бақ сынады. Жарыс барысында командалар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетіп, шеберліктерін дәлелдеді.
Турнирдің жүлде қоры да қомақты болды. Бірінші орын иегеріне 400 000 теңге, екінші орынға 300 000 теңге, үшінші орынға 200 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сонымен қатар, үздік ойыншы мен үздік қақпашы атанған спортшылар арнайы қаржылай марапатқа ие болды.
Ойын нәтижесі бойынша Балуан Шолақ командасы турнир жеңімпазы атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Белбасар командасы тұрақтаса, үшінші орынды Еңбекші және Алматы командалары өзара бөлісті.
Турнирдің маңыздылығы жыл өткен сайын артып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар жастарды салауатты өмір салтына баулитын, ел бірлігін нығайтатын маңызды шара. Осы ретте Болат Сауранбаев турнир алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын табатынын атап өтті.
Фариза Нұрханқызы,
журналист.