«Толағай» отбасылық сайысы өтті
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Толағай» отбасылық спорттық сайысы өтті. Биыл алғаш рет өткізілген бұл игі шараның басты ерекшелігі – қоғамның ерекше қолдауын қажет ететін санатына бағытталуында болды. Аталған бөлімнің басшысы Гүлмира Керімбаева бастаған ұжым мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларды арнайы қатыстырып, олар үшін көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын, денсаулықты нығайтатын мазмұнды демалыс ұйымдастырды.
Сайыстың ашылуында аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков сөз сөйлеп, шараның әлеуметтік маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бұл бастама отбасыларға қолдау көрсетудің, қоғамда мейірімділік пен жанашырлықты арттырудың жарқын үлгісі екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі және қазылық жасады.
– Мемлекетіміз үшін әр отбасының орны бөлек. Ал сіздердей қайсар, сабырлы, жүрегі мейірімге толы ата-аналар нағыз құрметке лайық жандар. Сіздердің төзімдеріңіз бен балаға деген шексіз махаббаттарыңыз баршамызға үлгі. Бүгінгі сайыс арқылы біз ең бастысы өмірге деген құштарлықты, өзара қолдауды, отбасы құндылықтарын дәріптеп отырмыз. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Әрбір отбасы үшін бұл күн шаттық пен қуанышқа толы, есте қаларлық сәттерге айналсын! Бірлігіміз бекем, еліміз аман болсын. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді өз сөзінде аудан басшысы.
Шараға сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы Әбенов пен аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов қатысып, қатысушылардың өнеріне әділ бағасын берді.
Жарыс барысында «Тұлпар», «Дружба», «Сұңқар», «Жасұлан», «Береке» командалары өзара бақ сынап, бірнеше кезең бойынша күш пен ептіліктерін көрсетті. Қатысушылар таяқша арқылы жарысу, доппен жаттығу, кедергілерден өту, секірмекпен секіру және қаппен жүгіру сынды қызықты тапсырмаларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында барлық қатысушылар мен жеңімпаз командалар марапатталып, арнайы сый-құрметке ие болды.
Балнұр Жексенбекқызы.