Ақпараттық портал

Асанәлідей абыздан бата алған

Өткен сәуір айының соңғы жұмасы болатын. Сәске түске қарай өнерсүйер қауым өкілдері мәдениет үйіне көп жиналды. Өйткені мұнда талантты әнші, актер әрі режиссер Құлажанов Ермекбай Аралбайұлын еске алуға арналған «Сахна саңлағы – мәңгі жүректе» атты кеш хабарланған болатын.

Бұл шығармашылық кеш Ермекбай Аралбайұлының туғанына 75 жыл толуына бағышталған еді. Зәулім сарайға марқұмның отбасы мүшелері, туған-туысқандары, Қызылорда облысының Шиелі ауданынан арнайы ат басын бұрып келген қайын жұрты, мәдениет саласының ардагерлері және тағы басқа да ұлттық өнер жанашырлары бас қосты.
Атап айтар жай, залда ине шаншар орын болмады деп айтқанымыз артық болар. Әйткенмен ұлттық өнермен тағдырын табыстырған тума таланттың әруағын сыйлағандар аз болмады. Мұндайда біздің қазақ осындай еске алу кешін көргендер де, көрмегендер де арманда қалды деп айтып жататыны шындықтың шырайын аша түскендей.
Бүгінгі кейіпкерімізді аға ұрпақ өкілдері жақсы білгенімен, кейінгі толқын жастар жағы жыға танымауы мүмкін. Сол себептен Ермекбай Аралбайұлының өмірбаянына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар.
Ол Көктөбе ауылындағы Теректі мал жайылым учаскесінде дүниеге келген. Жастайынан әке-шешесі Аралбай мен Әуесек те өнерге жақын адамдар болғандықтан, Ерекең де өнер саласынан өз бақытын табуға құштарлық танытты.
Оның бағына қарай орта мектепті бітіріп, Кеңес армиясының қатарында азаматтық борышын абыройлы атқарып қайтқаннан кейін, Жамбыл атындағы ұжымшардың Халық театры ұжымының бір мүшесі болуды өз алдына үлкен міндет етіп қойды. Сол кездегі театр директоры, сырлы сазгер Серік Әденов арнайы білімі болмаса да жас жігітті театрдың меншігіндегі автобусқа жүргізуші етіп қабылдады.
Сол тұста Ермекбайдың қуанышында шек болмады. Ауыл өнерпаздарымен бірге ауданды және облысымызға қарасты басқа да елді мекендерді іссапармен аралап шығуға зор мүмкіндігі туды. Театр басшысы Серік Әденов, режиссері Өмірсейіт Бірінбетов және Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының режиссері, кейінірек республикалық ұйғыр театрының бас режиссері атанған, аталмыш ауыл түлегі, ауыл театрының өсіп-өнуіне қолынан келген көмегін көрсете білген Қадыр Жетпісбаев Ермекбайдың бойынан әншілік және актерлік қабілетті жазбай танып, оның театрдың белгілі мүшесі болуына қалтқысыз қамқорлық жасады.
Жүргізушіден театрдың белсенді мүшесіне айналған Ермекбайға деген сенім мен жауапкершілік осылайша қалыптасты. Өнер саласында көсегесі көгерген, көрпесі ұзарған Көктөбе ауылында Халық театрының қазанында қайнаған, сахнасында жайнаған, әншілігімен, актерлігімен көзге түскен Аралбайұлы Ермекбай көрермендердің алғысын көп алды. Ол осы театрда еңбек ете жүріп, асыл жары, болашақ жұбайы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің түлегі, әнші, актер Бекзада Маликовамен танысып, өз алдарына отау тікті.
Жас шаңырақ иелері өнерден де, отбасынан да баянды бақыт тапты. Екеуі үш ұл мен екі қыз дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, бір ұлы жастай шетінеді. Қалғандары аман-есен ер жетіп, өз мамандықтары бойынша туған халқына қызмет етіп жүр.
Аталмыш кеште Ерекеңнің жұбайы Бекзада, үлкен ұлы Мұхит, қыздары Толқын мен Жазира сөз сөйлеп, әкелерін сағынышпен еске алды. Сондай-ақ Ермекбай Аралбайұлының әріптестері Әуесхан Келгенбаев, Сағынышбек Шомаев, Ажар Ержанова және тағы басқа зиялы қауым өкілдері Ерекеңді еске түсіріп, оның жақсы тұстары мен топ жарған таланты туралы көпшілікті тәнті етті.
Әсіресе Ерекеңнің қайнысы, Шиелі ауданы мен Қызылорда облысының құрметті азаматы Темірхан Әлімқұлов тебірене сөз сөйлеп, көпшіліктің көңілін толқытты. Ең бастысы, кеш барысында Ермекбай құрдасымның ұл-қыздарымен қатар немере, шөберелері де өз өнерлерін аяп қалмады. Біреуі ән салса, енді біреулері би билеп, домбырамен күй шерткендері де көңілге қуаныш сыйлады.
Тағы бір айтар жай, Ерекеңнің інісі, Төле би ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Боранқұл Жұматайұлы және Ерекеңнің қарындасы, Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, «Талантымен топжарған» кітабының авторы Мұсалы Ләйла Жұматайқызы еске алу кешін ұйымдастыруға айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің басшылығы мен өнерпаздарына арнайы алғыс айтудың да ешбір артықшылығы жоқ.
Бүгінгі мақаламызда «Асанәлідей абыздан бата алған» деп тегін жазып отырған жоқпыз. Бұдан бірнеше жыл бұрын Ермекбай Аралбайұлы Шу аудандық мәдениет үйі жанындағы Халық театрының режиссері болып жүрген кезде аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі Ерік Айтқожаев екеуі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына іссапармен барған болатын. Сол кезде аталмыш театрда қызмет атқарып жатқан КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке арнайы жолығып, сәлем береді. Сөз арасында өзін аудандық Халық театры режиссерінің көмекшісі ретінде таныстырады. Бәлкім, бұл ой арнайы білімі болмағандықтан, үлкен кісінің алдында қарапайымдылығын көрсеткені болар.
Дегенмен өз театрына қажетті сақал, мұрт және тағы басқа бұйымдарды сұрайды. Көпті көрген өнер тарланы жас жігіттің меселін қайтармай, мүмкіндігінше көмек көрсетеді. Сөз соңында театр тарланы Ерекеңнің талантын табиғи болмысынан танып: «Сен шулық болсаң, мен сарысулықпын, жерлес екенбіз» деп жақын тартады. Кездесу соңында Ерекеңе ақ батасын беріп, жас жігітті жігерлендіре түседі. Осы бір жарқын көріністі сәтті сахналай білген аудандық мәдениет үйі жанындағы Халық театрының режиссері Мақсат Мақсұттың шынайы шеберлігіне тәнті болдық.
Тоқетері, Ерекеңнің іскерлігі мен ізденісінің арқасында Шу аудандық мәдениет үйі жанындағы және Бәйдібек ауылындағы халық театрларының талай сыннан сүрінбей өткендігіне тарих куә. Бар болғаны, 34 жыл ғана ғұмыр кешкен Ерекеңді өлді деуге болмайтын сияқты. Оның есімі шынайы көрермендердің көңілінде жүретініне көз жеткізіп қайттық.

Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.