Ақпараттық портал

Ұлттар достығын дәріптеген іс-шара

Арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, елдігімізді сақтап қалу жолында, бірлігіміздің тас қамалдай берік болуына, ұлтымыздың тоз-тоз болып ұсақталмауына барын салған қайраткерлеріміз қаншама?! Соның ішінде «елдестірмек елшіден» демекші, талай даулы мәселелерде қара қылды қақ жарып, орақ тілімен, от аузымен төрелігін айтқан би-шешендеріміздің ел тарихында алар орны ерек. Әсіресе, төбе биіміз атанған Төле би бабамыздың бірлік, ауызбіршілік, татулық тұрғыда айтқан оралымды сөздері әлі күнге ел аузында. Туралықты ту еткен Төле би бабамыздың атымен аталған ауылда орналасқан білім беру ұйымдарында Бірлік күніне орай бір іс-шара өткізбесек, тәрбие жүгін арқалап жүрген алдыңғы толқынға сын.

Соның жарқын дәлелі, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Төле би ауылында орналасқан Әл-Фараби атындағы орта мектебінде тағылымы мол, мерекелік іс-шара өтті. Бұл күні мектеп қабырғасы шаттыққа толып, түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымағы айқын көрініс тапты.
Іс-шараға Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, түрік этномәдени орталығының төрағасы Алиев Умар Тайфурович, орыс этномәдени орталығының өкілі Тамаша Викторовна, азербайжан этномәдени орталығының өкілі Мамедов Али Тарвердиевич, күрд этномәдени орталығының өкілдері Байрамов Азиз Байрамович пен Гасанова Фатима Мамедовна, түрік этномәдени орталығының мүшесі Гамидов Ислам, сондай-ақ «Елу жылда ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шарапат Батырбекқызы қатысты.
Берекелі басқосуда сөз алған қонақтар ел бірлігінің маңызын ерекше атап өтіп, «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген дана сөздің мәнін тереңінен жеткізді. Олар жас ұрпақты татулықты ту етіп, ел тыныштығын көздің қарашығындай сақтауға шақырды.
Әл-Фараби мектебі – көпұлтты достықтың алтын ұясы. Мұнда түрлі ұлттың балалары бір шаңырақ астында білім алып, бірлік пен сыйластықты бойларына сіңіріп келеді. Мерекелік кеш барысында оқушылар әр ұлттың ұлттық киімдерін киіп, әсем билерін билеп, әуезді әндерін шырқап, ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды. Бұл көріністер көрермендерге ерекше әсер сыйлап, халықтар достығының жарасымды үлгісін көрсетті.
Іс-шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, мектеп директоры Жанат Алиасқаров және қадірлі қонақтар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, бірлік пен ынтымақтың ел дамуының басты тірегі екенін атап өтті. «Жүзі басқа болғанымен – жүрегі бір, тілі басқа болғанымен – тілегі бір» деген сөздер мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
Айта кету керек, бұл тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне Әл-Фараби мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Ахметованың қосқан үлесі зор. Осындай игі бастамалар – ел ішіндегі татулықты нығайтып, ұрпақ санасына бірлік пен достықтың маңызын сіңірудің жарқын көрінісі. Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды болмақ. Сондықтан да «Береке бастауы – бірлік» деген қағида әрдайым өзектілігін жоғалтпайды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.