Ақпараттық портал

Ел қорғандарына құрмет – ұрпаққа өнеге

Елімізде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойылса, 2012 жылы бұл мемлекеттік мереке ретінде бекітілді. Бұл күн еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын күзеткен әскери қызметкерлер мен бөрікті азаматтарды құрметке бөлейтін мезет.
Мемлекеттік мерекеге орай салтанатты жиын Шу қалалық мәдениет үйінде өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, қорғаныс, полиция және азаматтық қорғау қызметтерімен қатар жас буынды бастапқы әскери дайындыққа баулып жүрген пән педагогтары қатысты.
Еліміздің әнұраны шырқалған соң сахнаға Найман Кенжеханұлы шақырылды. Айбынды мерекенің түпкі мәнін түсіндірген аудан әкімінің орынбасары жиылғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, өзінің ізгі лебізін жеткізді.
-Қазіргі таңда Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің бейбіт өмірі мен тұрақтылығының сенімді қалқанына айналып отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің қорғаныс жүйесіне, қарулы күштерді қуаттандыру ісіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Бұл өз кезегінде отандастарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара.
Шу ауданынан шыққан азаматтар да әрқашан ел қорғау жолында ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Олар кешегі батырлардың ізін басқан өр мінезге ие ел қорғандары болып отыр. Әскер қатарында абыроймен қызмет етіп жүрген сарбаздар мен офицерлерге, сондай-ақ Отан алдындағы борышын адал атқарған ардагерлерге шынайы алғысымды білдіремін,-деді Н.Сұлтанбаев.
Бұдан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сондай-ақ өскелең буынға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында еселі еңбек еткен бір топ азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекеге арналған салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген сазды бағдарламаға ұласты. Өнер өкілдері көрермендерге арнап патриоттық тақырыпта әндерін шырқап, зор қошеметке бөленді.
Отан қорғаушылар күні ауданымызда кең көлемде атап өтілді. Сәрсенбі күні аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Ақсу ауылдық округінде орналасқан Ақсу шекара бөліміне барып, шекарашылармен кездесті. Бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысқан аудан басшысы әскерилерді Қарулы Күштердің құрылған күнімен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар төл мерекелеріне орай аудандық деңгейдегі бірқатар марапаттарды тапсырды.
Дәл осы күні аудан орталығындағы алаңда мектеп оқушыларының қатысуымен сапта жүріп ән айту байқауы өткізілді. Қала мен ауыл мектептерінен келген командалар өз шеберліктерін көрсетіп, үздіктердің қатарынан көрінуге тырысты. Сайыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды. Жүзден жүйрік шыққандарға ауыспалы кубок табысталды. Аталмыш байқауды аудандық Жастар ресурстық орталығы мен аудандық білім бөлімі бірлесе ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.