Ақпараттық портал

Шу өңірі үшін құнды жәдігер табылды

Биылғы жазда Мәскеу қаласына барған сапарымда көне кітаптар сатылатын букинист дүкендерінің біріне арнайы бас сұқтым. Жалпы, қай елге, қай қалаға барсам да, сол жердің рухани қазынасын танытатын сирек басылымдарды іздеп жүру – мен үшін үйреншікті дағды. Сөрелерді асықпай қарап тұрған сәтте көзіме бірден ерекше кітап түсті. Атауы – “Шу өзені алқабын суландыру жобасы” (“Проект орошения долины реки Чу”), 1915 жылы Петроградта жарық көрген іргелі еңбек.
Алғаш қолыма алғаннан-ақ оның жай кітап емес екенін аңғардым. Ұзындығы жарты метрге жуық, көлденеңі 23,5 сантиметр, салмағы шамамен 6 келі болатын бұл басылым – нағыз ғылыми мұра. Ішін ашып қараған сайын таңданысым арта түсті. Бұл кітапта Шу өңірінің физикалық-географиялық сипаттамалары, геодезиялық өлшемдері, топографиялық карталары, өзен арналары, плотиналар мен каналдардың инженерлік жобалары – бәрі аса жоғары дәлдікпен, үлкен жауапкершілікпен жасалған.
Бұл еңбектің мазмұнына үңіле отырып, бір маңызды жайтқа көз жеткізесің… ХХ ғасырдың басында-ақ Шу алқабы патшалық Ресей үшін стратегиялық маңызы зор аймақ болғанын айғақтайды. Шу өңірі – ежелден егіншілік пен суландыру мәдениеті дамыған, табиғи ресурстарға бай өлке. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл аймақ кезінде сауда мен өркениеттің күретамырына айналғаны тарихтан белгілі.
1915 жылы небәрі бірнеше данамен жарық көрген бұл кітап – сол дәуірдің полиграфиялық өнерінің озық үлгісі. Қалың, сапалы қағаз, анық басылған мәтін, ұқыпты сызылған карталар мен жобалар – бәрі де үлкен ғылыми еңбектің нәтижесі екенін көрсетеді. Сондықтан бұл басылымды тек ғылыми еңбек қана емес, Шу өңірінің өткені мен болмысын танытатын құнды мәдени жәдігер деуге толық негіз бар.
Осындай сирек кездесетін кітапты көргенде бейжай қалу мүмкін емес. Әсіресе, туған жер тарихына қатысты дүниелерге деген қызығушылығым ерекше болғандықтан, бұл еңбекті елге алып келуді жөн көрдім. Өйткені мұндай мұралар – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Олар арқылы біз тек тарихты танып қана қоймай, болашаққа бағыт аламыз.
Бұл кітаптың тағы бір құндылығы – оның практикалық маңызында. Шу өңірінде қазіргі таңда жүргізіліп жатқан немесе болашақта жоспарланатын гидротехникалық құрылыстар үшін бұл еңбек таптырмас дереккөз бола алады. Яғни, бір ғасыр бұрын жасалған ғылыми тұжырымдар мен инженерлік шешімдер бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған.
Мен үшін бұл – жай ғана олжа емес, туған жерге деген құрметтің бір көрінісі. Осындай құнды дүниелерді жинақтап, ел игілігіне ұсыну – әрбір азаматтың парызы деп білемін. Шу – тек географиялық атау емес, ол – тарих, ол – мәдениет, ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өмір өзегі. Сондықтан мұндай асыл мұраларды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз.

Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымының докторы,
профессор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.