Дәстүрлі байқаудың даңқы асқақтай бермек
Сарбаз болып сапқа тұру – Отанымыздың әрбір азаматына борыш. Бұл міндет айбынды Ата заңымызда да анық жазылған. Жауапкершілікті сезіну жасөспірім кезден басталатыны белгілі. Ал әскери-патриоттық сарындағы байқаулар Қарулы күштердің қатарына қабылданудың алғышарты деп қарауға болады.
Шу ауданының білім бөлімі мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығы Жеңістің 81 жылдығы мен Қарулы күштердің құрылғанына 34 жыл толуына орай бірлесіп, мектеп оқушылары арасында «Сапта жүріп ән айту» байқауын ұйымдастырды. Игі дәстүрге айналған сайыс биыл 28-ші рет өткізіліп отыр.
6 мамыр күні аудан орталығындағы алаңда өткен байқауда барлығы 10 білім ошағының командалары бақ сынасты. Олар саптық дайындық пен пневматикалық винтовкадан ату бойынша шеберліктерін көрсетті.
Түске дейін созылған сайыста төрешілердің әділ бағаларымен үздіктер анықталды. Атап айтқанда, нағыз темірдей тәртіптің үлгісін ұсынған А.Байтұрсынұлы атындағы гимназиясы I орынды иеленсе, II орынға үздік дайындықпен келген №40 мектеп-лицейі лайық болды. Ал III орынды Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы мен М.Әуезов атындағы орта мектеп, сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі өзара бөлісті.
Жарыстың жеңімпазына білім бөлімінің әдіскері Нариман Бекбауов ауыспалы кубокты табыс етті. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Ғани Қойбағаров бағалы сыйлықтар мен дипломдарды тапсырды.
Ерлік пен өршіл рухтың мерекесіне орай өткізілген саптық байқауы жоғары деңгейде өтті. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген командалардың жеңіске деген ынталары зор болды. Бірақ жарыс болған соң бақтары мен баптары сай келген командалар жүзден жүйрік атанып, жүлдеге қол жеткізді.
– Бұл жарыстың басты мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық рухты насихаттау, болашақ Отан қорғаушылардың бастапқы әлеуетін ашу, жасөспірімдер бойына жауынгерлік әзірлікті ұялату. Қатысушылардың барлығы дерлік жақсы дайындықпен келгенін көрдік. Әрбіріне алғысымызды білдіреміз. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі баршамызға құтты болсын,-деді Ғани Бірлікұлы.
Г.Ермекбаева,
Д.Көшен,
Төле би ауылдық округінің жастармен жұмыс мамандары.