Ақпараттық портал

Театрдың ғажайып әлемі

Жуырда Оқушылар сарайында жас жүректердің шабытын шыңдап, олардың бойындағы шығармашылық қабілетті ұштай түскен тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор «Театрдың ғажайып әлемі» атты театр өнерінің фестиваль-байқауы өтті. Аталған фестивальге аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы Жазықбаев арнайы қатысып, сахна төрінде өнер көрсеткен жас дарындардың талантына куә болып, олардың ізденісі мен еңбегіне жоғары баға берді.

Сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап-ақ көрермендер ерекше әсерге бөленді. Оқушылар өз рөлдерін шынайы сомдап, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін терең жеткізе білді. Бірі күлдірсе, бірі жылатты, бірі ойландырды. Осындай сан қырлы сезімдерді бастан өткерген көрермендер өнердің құдіретіне тағы бір мәрте тәнті болды. Жас актерлердің сахнадағы сенімді қимылы, анық дикциясы, эмоцияға толы ойыны бағаланып отырды.
Жалпы бұл шараның маңызды тұсы, театр арқылы бала өзін таниды, айналасын түсінеді, өмірдің түрлі қырларын бойына сіңіреді. Сахнаға шыққан оқушы өз ойын жеткізуді, аудиториямен байланыс орнатуды, жауапкершілікті сезінуді үйренеді. Фестиваль барысында ұсынылған қойылымдарда ұлттық құндылықтар, адамгершілік, достық, адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік секілді тақырыптар кеңінен көрініс тапты.
Жайдар Жазықбаев өз сөзінде фестивальдің маңыздылығына тоқталып, жас таланттарға үлкен үміт артатынын жеткізді.
– Бүгінгі сахнадағы әрбір бала ертеңгі саналы, мәдениетті, рухани бай тұлға. Олардың бойындағы өнер ұшқынын жаға білу ұстаздың шеберлігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан біз балалардың білім мен тәрбие алуынан бөлек олардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлуіміз керек, – деп атап өтті.
Қарап отырсақ, расында да, ұстаз деген шәкірт жүрегіне жол таба білетін, оның бойындағы қабілетті оятып, бағыт-бағдар беретін тұлға. Мұғалімнің әрбір сөзі, әрбір ісі балаға үлгі. Осындай шығармашылық байқаулар арқылы ұстаздар өз шәкірттерінің талантын танып, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады. Бірі актерлік шеберлікті жетілдірсе, бірі көркем сөз өнеріне ден қояды, енді бірі сахна мәдениетін меңгереді. Мұның барлығы сайып келгенде, олардың болашақтағы жетістіктерінің бастамасы. Сол секілді аталмыш фестиваль жас өнерпаздардың арманына қанат бітірген, олардың өз-өзіне деген сенімін арттырған, шығармашылық ізденіске жетелеген маңызды алаң болды.
Түрлі номинациялар бойынша ұйымдастырылған байқауда Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының «Өрлеу» тобы «Жазығым не, анашым?» атты қойылым арқылы ананың мейірімі мен бала тағдырын терең толғап, көрермен жүрегіне жол таба білді. Ал Б.Момышұлы атындағы орта мектеп оқушылары бірнеше бағытта өнер көрсетіп, музыкалық спектакль, әдеби-музыкалық композиция және қуыршақ қойылымы арқылы жан-жақтылығын дәлелдеді. М.Әуезов атындағы орта мектептің «Алау» тобы ұсынған «Ай мен Айша» қойылымы көркемдігімен, әсерлі сюжетімен ерекшеленіп, көрерменді терең ойға жетеледі. Қонаев атындағы орта мектептің «Шабыт» тобы сахналаған «Жетім қыз» қойылымы адам тағдыры мен қоғамдағы мейірім мәселесін қозғап, жүректерге ерекше әсер қалдырды. Т.Рысқұлов атындағы мектептің әдеби-музыкалық композициясы да көркемдік тұрғыдан үйлесімділігімен көзге түссе, Әл-Фараби атындағы орта мектептің «Ертегілер әлемі» тобы «Жалқау бала» қойылымы арқылы тәрбиелік мәні зор, жеңіл әрі қызықты сюжет ұсынды. Домалақ-Ене атындағы мектептің «Мәңгілік бала бейнесі» мен «Аққулар ұйықтағанда» қойылымдары рухани тереңдігімен, философиялық астарымен ерекшеленіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Нәтижесінде, бас жүлде Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының «Өрлеу» тобы мен М.Әуезов атындағы орта мектептің «Алау» тобына бұйырды. І орын Қонаев атындағы орта мектептің «Шабыт» тобына табысталса, ІІ орынды Әл-Фараби атындағы орта мектептің «Ертегілер әлемі» тобы иеленді. Ал ІІІ орын Домалақ-Ене атындағы орта мектептің «Аққулар ұйықтағанда» қойылымына берілді.
Айта кетерлігі, жоғары деңгейде өнер көрсеткен М.Әуезов атындағы мектептің «Алау» тобы облыстық кезеңге жолдама алып, аудан намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.