Өнер мен руханият тоғысқан кеш
Қазақтың кең байтақ даласының рухын, дархан көңілі мен кең пейілін би тілімен бейнелейтін «Дала ғұмыр» қойылымы – көрермен жүрегінен ерекше орын алған туынды. Бұл бидің мәні мен мазмұнын тереңдете түскен жайт – оны «Аруым» би тобының өзге ұлт өкілдерінен құралған арулары шынайы сүйіспеншілікпен, ерекше сезіммен орындауы. Өнердің ұлтқа бөлінбейтінін дәлелдеген бұл ұжым әрдайым жоғары деңгейден көрініп келеді.
2026 жылдың 25 сәуір күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен «Дарынды жұлдыздар» халықаралық өнер байқауында Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты Қонаев ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аруым» би тобы хореография жанры бойынша бақ сынап, үлкен жетістікке жетті. Нәтижесінде ұжым қоржынына екі бас жүлде және бір орын бұйырып, аудан мерейін асқақтатты. Ұжым жетекшісі – білікті маман Ахметова Сандуғаш Ғалымжанқызы.
Осы қуанышты жетістіктің жалғасы ретінде ауыл ақсақалы Ж.Оспановтың ақ батасымен 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұлттық би және сурет үйірмелерінің есеп беру кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кеш барысында ұлттық нақыштағы билер мен заманауи хореографиялық қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, кеш аясында сурет үйірмесінің тәрбиеленушілері өз туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әрбір туындыдан туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық нақыш пен жас дарындардың қиялы айқын сезілді. Бұл үйірмені де табысты қатар алып жүрген Сандуғаш Ахметованың еңбегі ерекше атап өтуге лайық. Ол – өнердің қос қанатын қатар дамытып, би мен бейнелеу өнерін үйлестіре білген ізденімпаз әрі жанашыр жетекші.
Айрықша атап өтерлігі, аудандық мәдениет үйінің директоры А.Рахымбаева арнайы келіп, жуырда облыстан жүлделі оралған өнерпаздарды құттықтап, алғыс хаттар мен марапаттар табыстады. Бұл – ауыл өнерпаздарына көрсетілген зор құрмет пен қолдаудың айқын көрінісі.
Сондай-ақ үйірме жетекшісі Сандуғаш Ахметова өнер жолында әрдайым қолдау білдіріп жүрген ата-аналарға алғысын білдіріп, өз атынан арнайы сый-сапар тарту етті. Бұл – ұстаз бен ата-ана арасындағы өзара сенім мен сыйластықтың жарқын көрінісі.
Осындай ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қонаев ауылдық мәдениет үйінің ұжымы да айрықша үлес қосты. Ұжым мүшелері ұйымшылдық танытып, шығармашылық топтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, кештің мазмұнды әрі әсерлі өтуіне себепкер болды. Олардың тынымсыз еңбегі мен өнерге деген жанашырлығы ауыл мәдениетінің дамуына серпін беріп келеді.
Өнер мен тәрбиені қатар алып жүрген «Аруым» би тобы мен сурет үйірмесінің жетістіктері – ауыл мәдениетінің дамуына қосылған зор үлес. Алдағы уақытта да бұл ұжымдар биіктерден көрініп, ұлттық өнерімізді ұлықтай беретіні сөзсіз.
Бибігүл ДҮйсенова,
Қонаев ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.