Ақпараттық портал

Ат құлағында ойнаған «Арона»

Көкпар – қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық ойыны. Не бел, не белбеу кететін бұл спортта осал адам болмайды. Қалың нөпірдің арасына кіріп, серкені көтеріп, оны түрлі айламен қазандыққа жеткізу азамат пен қазанатқа жүктелген міндет. Осы үдеден шыға білген шабандоз ғана шынайы даңққа бөленіп, шырқау биіктерге шыға алады.
Қазіргі таңда командалық көкпар қарқынды дамып келеді. Ол, әсіресе Жамбыл облысында жақсы жолға қойылған. Олай дейтініміз жуырға ғана «Әулиеата» командасы еліміздің 16 дүркін чемпионы атанып отыр. Сол дес бермей келе жатқан әулиеаталықтар қатарында Балуан Шолақ ауылының жас өрені Арнұр Әсеннің болғаны бізді қуантады.
Шу ауданынан шыққан командалық көкпардан тұңғыш чемпион атанған Арнұр талай додаларда «Арона» лақап атымен танымал болып тұр. Жасы жиырмаға жаңа толған шабандоз жастар арасында да үздік.
Арнұрдың атасы Әсен қария уақытында жылқы баққан жан екен. Ал әкесі Кенжебек әуесқой көкпаршы болған азамат.
Төбелден туған қасқадайын Арнұр 6 жасынан бастап ат жалын тартып мінген. 16 жасында Шымкент қаласына Данияр ағасының жетекшілігімен барған жас шабандоз 700 аттың ішіне қорықпай кіріп, 2 мәрте салым салғаны бар. Оның ішінде өгіз өлдіні салып, көлік ұтып алған болатын. Ал таң алакеуімнен кеш батқанға дейін небәрі 6 салым болғанын ескерсек жаппай көкпарға жаңадан кірген жігіттің жігері зор екенін аңғаруға болады.
Балуан Шолақ ауылының құрамасында ойнайтын кейіпкеріміз бастапқыда ауыл құрамасына ілінудің өзі оңай болмағанын айтты. Оған бірнеше себеп болғанымен, жас өреннің меселі қайтпаған.
-2023 жылдың 1 мамырында көршілес ауылда көкпар өтті. Сол додаға қатысып, салымдар салып, 100 мың теңгені еншіледім. Сол сәттен бастап маған ағаларым сенім білдіріп, ауыл командасының мүшесі болдым. Талай мәрте топқа кіріп, бағым жанып жүрді. Ауылға олжалы оралып жүрдім. Екі мәрте көлік ұтып алдым. Одан бөлек, бағалы сыйлық пен ақшалай жүлделер алып жүрдім,-дейді ауданнан шыққан тұңғыш чемпион.
«Арона» үлкен додаларға Думан Аманбектің «Милионторы», кейін Данияр Төкеннің «Месси» атты тұлпарымен қатысқан. Ал жұлдызды сәті ауданаралық көкпар жарысында орын алды. Әулиеата командасына іріктеу додасында шабандоз бас бапкер Нұрдәулет Момыновтың көзіне түсіп, іргелі командаға қабылданған. Қазіргі таңда кейіпкеріміз ұлттық құрамаға кіруді мақсат етіп отыр. Ол күннің ауылы да алыс емес сыңайлы.
-Бала күнімнен атқа мініп өстім. Бұл өнерге әкем жақын болды. Ауылдағы ағаларым тартып жүрді. Соларға қызығып көкпарға кіріп кеттім. Асхат, Ердәулет сынды ағаларым алғашқы ұстаздарым болды. Үлкендерден көп нәрсені үйрендім. Соның нәтижесінде осы биікке көтерілген жайым бар,-дейді А.Әсен.
Үйдің үлкен перзенті болған шабандоздың есімі ел арасына тез тарап кеткен. Тіл мен көзден сақ болғыр жігіттің жасындай жарқылдар кезі алда. Жауапкершілігі мол жігіттің бір жақсы қасиеті – жұлдыз ауруынан аулақ. Оны ауылдас ағасы Д.Төкен тілге тиек етіп отыр.
-Арнұр көпқырлы шабандоз. Ол бірде қорғаныста, бірде шабуылда, бірде жекпе-жектің бел ортасында жүреді. Одан кейін жүректі. Тәуекелшіл және жауапкершілікті жақсы біледі. Әйгілі Әулиеатаның мүшесі болу әркімге бұйырмайтын бақ. Бауырымызды көре білген, үлкен мүмкіндік берген ағаларымызға рақмет,-дейді ол.
Сонымен қатар көкпар жанашыры алғаш рет ауданаралық іріктеу додаларына барған сәттерін еске алды.
-Балуан Шолақ командасы аудан көлемінде жүлделі орындарға ілініп жүрді. Күндердің бірінде аудандар араларында іріктеу жарыс болды. 12 шабандоз апарудың орнына 8 адам алып бардық. Мініп жүрген аттарымыз да аса мәз емес, 700-800 мың теңгенің жылқылары. Жағдайымызды көріп кеткен кісілер бізге күмәнмен қарады. Алайда Жасұлан Абировтың жетекшілігіндегі жігіттерге бұл кедергі болмады. Жетекшілері барынша көкпар тартыңдар, бақтарың жанса көш бастайсыңдар,-деді. Расымен, облыс көлемінде үздік саналған командаларды ұтып, облыс чемпионы атанған болатынбыз,-деді Д.Төкен.
Естеріңізге сала кетейік, Арнұр Кенжебайұлы мамыр айында Жетісу жерінде өткен көкпардан Қазақстан чемпионатының жұлдызына айналды. Ширек финалда Жамбыл облысы сапында ойнаған жерлесіміз бір салым салып, Жетісу облысына қарсы ойында жеңіске жетті. Есеп 8-2 болды. Атыраулықтармен болған ойында да оның еншісінде бір салым болды. Финалда Шымкент қаласымен жүздескен әулиеаталықтар жауапсыз 6 салым салды. Оның бірін Арона палуан олжалады.
Шабандоздың айтуынша, чемпион атанып келгеннен кейін ауыл ағалары ерекше қошемет көрсеткен. Тақымына тұлпар сыйлаған кісілер де болған. Бірақ мақтанға мас болмай, мақсатына ұмтылып жүрген жас ұлттық құрамаға кіріп, Қырғыз елінде өтетін көшпенділер ойынына қатысуға үмітті. Оның қазіргі көрсеткішіне қарап арманы ақиқатқа айналатын сыңайлы.
Кейінгі жылдары Шу көкпары жаңа деңгейге шығып отырғанын аңғарамыз. Серінің сенімді серігі болған ат баптау ісі де ілгерілеген. Атбегілердің қорасынан атақты дүлдүлдер шығып, додаларда даңққа бөленіп келеді. Оның үстіне ағалардың мектебін жалғастырған жастар орта буынға айналып, ізінен ілескен інілер Ашон, Әулиеатаның жастар құрамасының қатарында Дамир, Нығмет атты жас бөрілер сенімді жалғастырып келеді.
Қорыта айтқанда, ұдайы ізденіс пен тыңғылықты әзірлік, тынымсыз еңбектің игі нәтижесі боларын Балуан Шолақ ауылы көрсетіп отыр. Осы үдеріс үзілмесе Арнұр шабандоздың ізін басатын інілер шыға беретініне кәміл сенеміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.