ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ЖЕМІСТІ ЖОБАЛАРДАН БАСТАЛАДЫ
Кейінгі жылдары өңірімізде инвестиция тарту, сол арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу жұмыстары мықтап қолға алына бастады. Ресми сандарды сөйлетсек, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 96,9 миллиард теңгені құрап, бекітілген меженің орындалуы 366,1 пайызды құрап отыр. Салыстырмалы түрде алар болсақ, өткен жылдың дәл осы кезеңінде бұл меже 23,4 миллиард теңгені құраған. Әлбетте, бұл көрсеткіштің барлығы да өңірде жүзеге асып жатқан іргелі жобалардың, құрылысы қарқынды жүріп жатқан өндіріс ошақтарының есебінен шығып отыр.
Мәселен, дәл осы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында өткен жылы 30 инвестормен кездесу өткізілсе, биыл 12 кездесу өткен. Оған қоса, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі-нің басшысы Жеңіс Нұрғалиев қазіргі таңда жалпы құны 983 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобалармен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. «Аталған 33 жобаның ішінде жалпы құны 65,9 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылған. 887 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаның құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Сонымен бірге, 12 жоба жобалау сатысында тұр» – дейді бөлім басшысы. Айта кету керек, аталған жобалар жүзеге асып, өндіріс ошақтары толық қуатында жұмыс істей бастағанда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығын ақпараттық тұрғыдан насихаттау мақсатында аудан әкімдігі тарапынан ақпараттық экскурсия ұйымдастырылды. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған аталмыш экскурсияға аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, Шу қаласы мен ауылдық округтегі бірқатар тұрғындар, ақсақалдар және белсенді азаматтар қатысып, «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды.
Ақпараттық экскурсия барысында экономикалық аймақтың заманауи инфрақұрылымы, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан өндірістік алаңдар және алдағы жылдарға жоспарланған даму бағыттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарына толық жауап алып, аймақтың мүмкіндіктерін көзбен көрді. Дәлірек айтқанда, экономикалық аймақта құрылысы жүріп жатқан 10-ға жуық өндіріс ошақтарын аралап, оның ішінде полиэтилен құбырларын өндіруге арналған «КПМ Пласт» серіктестігінің және НПВХ құбырларын өндіретін «КазТрубЗавод» серіктестігінің дайын өнімдерімен танысты. Сонымен бірге, жүгеріні терең өңдеуге бағытталған қытайлық «Shengtai Biotech Co» компаниясының заманауи өндірістік кешенінде болып, онда атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – тұрғындарға ауданның инвестициялық әлеуетін таныстыру, жаңа жобалардың өңір экономикасы үшін маңызын көрсету және жүзеге асып жатқан өндірістердің әлеуметтік әсерін кеңінен түсіндіру болды. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар болашақта аудан жастары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің өндірістік қуатын арттыруға айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан да аудан басшысы Б.Оразалыұлы өңірге инвестиция тарту, қосымша жұмыс орындарын ашу, ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар әрі қарай да жалғаса беретінін жеткізді.
Ерғали Қартайған.