Тарих тасасында қалған қайсар қыздар
Әлеуметтік желі кейде көпшілік көз жүгіртіп өте шығатын ақпарат алаңы ғана секілді көрінеді. Бірақ кейде сол әлеуметтік желідегі бір ғана жазба адамды терең ойға жетелеуі мүмкін. Жуырда желі қолданушысы, тіл жанашыры Әлия Әшімнің Ұлы Жеңіс күніне қатысты жазбасын оқып отырып, дәл сондай күйді бастан өткердім. Көпшілік бұл күні дәстүрлі түрде «Жеңіс күні құтты болсын!» деген құттықтаулар жариялап жатқанда, ол мүлде басқа қырынан ой қозғапты. «Біз жауынгер қыздар десе Әлия, Мәншүк, Хиуаздан басқаны айта алмаймыз. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен 7477 қыз аттанған» деген жолдар мені бір сәт ойландырып тастады.
Расында, неге біз сол мыңдаған қазақ қыздарының тағдырын білмейміз? Неге олардың есімдері тарих беттерінде көмескі тартып қалған? Біз соғыс туралы айтқанда санаулы батырлардың атын атап, қалғандарының ерлігіне келгенде үнсіз өтіп кетеміз. Ал шын мәнінде, майданға аттанған әрбір қазақ қызының өмірі тұтас бір романға жүк боларлық тағдыр. Олардың арасында сәбиінен айырылған аналар да болды, жау тылында барлаушы болған өр қыздар да болды, жаралы жауынгерлерге араша түскен дәрігерлер мен госпиталь басшылары да, көк жүзінде жау-мен шайқасқан ұшқыштар да болды.
Сол жазбаны оқығаннан кейін, біз білмейтін батыр қыздардың есімі мен ерлігін өңір тұрғындары да оқыса деген ой туды. Өйткені бейбіт күннің бағасын түсіну үшін біз жеңіс жолында жанын қиған, тағдырын құрбан еткен жандардың өмірін де білуіміз қажет. Әсіресе, нәзік болмысымен қатар қайсар рух көрсете білген қазақ қыздарының тағдыры кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болуы тиіс.
Батыр қыздардың бірі – Тұрғаш Жұмабаева. Соғыс басталғанда күйеуінен көз жазып қалған ол тағдырдың ауыр тауқыметіне мойымай, партизандар қатарына қосылады. Жаудан қашып келе жатқан сәтте арқасына жаймаға орап алған үш жасар ұлына оқ тиіп, сәби шетінеп кетеді. Ана жүрегі үшін бұдан ауыр қасірет бар ма?! Бірақ Тұрғаш сынбады. Ол бірнеше жыл жау қолында, концлагерьде азап шегіп, өмірінің соңына дейін тағдыр тауқыметін көтеріп өтті. Кейін 1946 жылы дүниеден озады.
Ал Баян Байғожина майданға кек қуып аттанған қыздардың бірі еді. Ол Мәншүк Мәметованың қаза тапқанын естіген сәтте-ақ қолына қару алуға бел буады. Литва мен Польшаны азат ету шайқастарына қатысып, екі рет ауыр жараланады. Бірақ рухы мұқалмайды. Өкінішке қарай, Жеңіске небәрі он екі күн қалғанда ерлікпен қаза табады.
Қазақтың батыр қыздары тек алғы шепте ғана емес, барлау мен құпия тапсырмаларда да ерекше ерлік көрсетті. Солардың бірі – Рахила Ералина. Ол жау территориясына жасырын ұшып барып, маңызды нысандарды суретке түсіретін барлаушы болған. Бір тапсырма кезінде немістер ұшақты атып түсіреді. Экипаж мүшелерінің барлығы қаза тауып, жалғыз Рахила аман қалады.
Раиса Мақашева да майдан даласында талай адамның өміріне араша түсті. Ол госпиталь басқарып, жараланған жауынгерлерді емдеген қазақ қызы болатын. Соғыстан кейін ғылым жолына түсіп, профессор атанып, ҚазССР-дің бас дерматовенерологы болды.
Балалар үйінде өсіп, скрипкашы болуды армандаған Нұрғаным Байсейітованың тағдыры да ерекше. Небәрі 17 жасында майданға аттанған ол радист болып қызмет атқарады. Жау шебінен құпия әскери хабарлар жеткізіп, отряд ішінде “Нино”, “Скрипкашы қазақ қызы” атанып кетеді. Арманы өнер болса да, заман оны майданға жетеледі. Бірақ ол қандай жағдайда да ел алдындағы борышын биік қойды.
Ал Зияда Досбергенова – жастық шағын соғыс жалмаған батыр қыздардың бірі. Ол да 17 жасында майданға аттанып, үш рет өлім аузынан аман қалған. Алайда Белорусь жеріндегі Корма ауылын азат ету кезінде ерлікпен қаза табады.
Дәмелі Жәкеева Хиуаз Доспанова секілді ұшақтағы пулемет арқылы жау ұшақтарына қарсы оқ жаудырған атқыш-радист болған. Сталинград түбінде ауыр жарақат алса да, майданға қайта оралып, Жеңісті Берлинде қарсы алады.
Тағдыр тауқыметін ерте тартқан тағы бір қазақ қызы – Шағила Құсайынова. Әкесі атылып, анасы аштықтан көз жұмған соң тоғыз жасында жетім қалған ол балалар үйінде тәрбиеленеді. Кейін майданға аттанып, радист болады. Соғыстан кейін ғылым жолына түсіп, профессор атанып, университетте дәріс берген.
Бұл жерде тек он шақты жауынгер қыз туралы ғана дерек айтылды. Ал шын мәнінде, майданға аттанған 7477 қазақ қызының әрқайсысының жүріп өткен жолы жеке бір тағдыр, жеке бір ерлік. Олардың арасында аты тарихта сақталмай қалғандары қаншама?! Бірі оқ пен оттың ортасында қаза тапты, бірі жаралы жауынгерлерге медет болды, енді бірі жау тылында жанын шүберекке түйіп барлауға шықты. Сондықтан біз санаулы есімдермен ғана шектеліп қалмай, қалған жеті мыңнан аса қазақ қызының ерлігі жайында да үнсіз қалмауымыз керек.
Балнұр Жексенбекқызы.