Сырғалым – сырласым
Қазақ халқы қашанда отбасы құндылығын бәрінен биік қойған. Әсіресе, бір шаңырақ астындағы сыйластық пен жарасым ұлт тәрбиесінің өзегі, ұрпаққа өнеге болатын асыл қасиет. Жеңге мен қайын сіңілі арасындағы нәзік те ерекше байланыс қазақы тәрбиенің, әдеп пен инабаттың айқын көрінісі. Жеңге – ақылшы, сырлас, отбасының ұйытқысы болса, қайын сіңілі – сол сыйластықтың жалғасы, отбасы берекесінің ажарын кіргізер жан. Осындай тағылымды қарым-қатынасты дәріптеу мақсатында аудандық Мәдениет үйінде тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор «Сырғалым – сырласым» атты аудандық байқау ұйымдастырылды.
Аталған байқау аудандық Жастар ресурстық орталығының Төле би ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс мамандарының ұйымдастыруымен өтті. Кештің басты мақсаты – отбасындағы татулықты, жеңге мен қайын сіңілі арасындағы ізгі қарым-қатынасты үлгі етіп көрсету, қазақы салт-дәстүр мен инабаттылықты жастар арасында кеңінен дәріптеу болды. Байқауға аудан көлемінен барлығы 7 жұп қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсіп, әр кезеңде өнерлерін, тапқырлықтарын, шығармашылық қабілеттері мен ұлттық тәрбиеге деген құрметтерін паш етті. Бірі әуелете ән шырқап, бірі ұлттық нақыштағы көріністер арқылы көрермен ықыласына бөленсе, енді бірі өздерінің жарасымды әзілдері мен шынайы сыйластығын көрсете білді. Сахна төрінде қазақы болмыстың, отбасы жылуының, келін тәрбиесінің көркем көрінісі өрбіді. Әділқазылар алқасы қатысушылардың сахна мәдениетіне, өнеріне, ұлттық құндылықтарды жеткізу шеберлігіне және өзара үйлесімділігіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде жоғары дайындықпен келіп, барлық кезеңдерде үздік өнер көрсеткен Қонаев ауылының командасы жүлделі бірінші орынды иеленсе, екінші орын Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының командасына бұйырды. Дулат және Көкқайнар ауылдарынан келген командалар өз өнерлерімен дараланып, үшінші орынды өзара бөлісті. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық Жастар ресурстық орталығы арнайы тағайындаған дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық үміткерлер де назардан тыс қалмай, естелік сыйлықтармен марапатталды. Кештің көркін қыздырып, мерейін үстем еткен тағы бір қуанышты сәт — жеңімпаздар мен арнайы номинация иелеріне демеушілер тарапынан қаржылай сыйақылардың табысталуы болды. Осындай тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен жомарт жандарға ұйымдастырушылар ерекше алғыстарын білдірді. Атап айтқанда, демеушілік жасаған «Аделя milk» ЖШС, «Хан» кафесі, «Қазақстан» және «Айару» мейрамханаларына ризашылықтарын жеткізіп, олардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
Балнұр Жексенбекқызы.