«Музей – тарих пен мәдениет қазынасы»
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Музей – тарих пен мәдениет қазынасы» тақырыбында кең көлемде ашық есік күні ұйымдастырылды.
Бұл шараның басты мақсаты – аудан тұрғындарына музей құндылықтарын кеңінен таныстыру, тарихи мұраларға деген құрметті арттыру және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру болды.Іс-шараға аудан тұрғындары, жастар, оқушылар мен қонақтар қатысып, музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен мәдени-танымдық бағдарламаны тамашалады. Ашық есік күні барысында келушілер музей залдарын аралап, өңір тарихына қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Музей қорында сақталған тарихи бұйымдар, көне тұрмыстық заттар, еңбек және мәдениет майталмандарына арналған материалдар көпшілікке кеңінен таныстырылды.
Шара аясында музей қызметкерлері келушілерге арнайы экскурсия жүргізіп, әр залдың ерекшелігі мен мазмұнына тоқталды. Экскурсия барысында қатысушылар өлкеміздің өткен тарихы, белгілі тұлғалары, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы тың мәліметтер алып, тарихи санасын кеңейте түсті.
Сонымен қатар, ашық есік күнінің ерекше бөлігі ретінде келушілерге арнап түрлі квест ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар музей залдары бойынша арнайы дайындалған тапсырмаларды орындап, тарихи сұрақтарға жауап беріп, командалық ойын арқылы өз білімдерін сынады. Әр залда қойылған сұрақтар мен тапсырмалар келушілердің қызығушылығын арттырып, музей экспозицияларымен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
Квест ойындары барысында жастар мен оқушылар белсенділік танытып, өзара ұйымшылдық пен тапқырлық көрсетті. Бұл ойындар қатысушылардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, тарихқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Сұрақ-жауап кезеңінде музей қызметкерлері келушілердің қойған сұрақтарына нақты әрі мазмұнды жауап беріп, танымдық бағыттағы пікір алмасу орын алды.
Шара соңында қатысушылар музей ұжымына алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Ашық есік күні музейдің қоғамдағы маңызын көрсетіп, тарихи-мәдени мұраны насихаттауға үлкен үлес қосты.«Музей – тарих пен мәдениет қазынасы» атты ашық есік күні аудан тұрғындары үшін ерекше әсерлі әрі мазмұнды шара болып, Халықаралық музейлер күніне арналған мерекелік іс-шаралар қатарында жоғары деңгейде өтті.
Аида Берденова,
аудандық музей меңгерушісі.