Кемел тілдің келешегі зор
Тіл – достықтың алтын көпірі, қасиетті ұғым. Ол халықпен бірге өмір сүріп келеді, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен мақтанышы. Біз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны құрметтейтін салауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Әр азамат мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.
Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Тіл жай ғана қатынас құралы емес, тіл ұрпағын өркенді жолға жетелейтін рухани күш. Олай болса тіл – өмірдің барлық саласында міндетін атқаруға тиіс. Ол – еліміздің халқын біріктіретін, ортақ іске жұмылдыратын, елге, жерге деген патриоттық сезімді оятатын, азаматтық ниетті қалыптастыратын бірден – бір жол. Қашанда мемлекеттік тілді білген адамның рухы биік, дәстүрге берік, әдет–ғұрыпқа адал болатыны даусыз. Сондықтан да тілімізді ардақтай отырып оны әлем тілдері деңгейіне жеткізіп, мәртебесін көтерейік.
Біздің болмысымыз, салт–дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Сондықтан әр адам туған тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір адамзаттың абзал борышы. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Тіл – ата–бабамыздан бізге қалған аманат. Асыл қазынамызға айналған қазақ тілі құндылығының арта беруіне әрдайым өз үлесімізді қосайық. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреп, әр қазақтың жүрегінде әнұранымыз айтылып, өзіміздің қазақ тілімізбен мақтанайық. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз отанының нағыз патриоты етіп тәрбиелеу – бәрімізге ортақ іс.
Назгүл ЖАРЫЛҚАПОВА,
«Тілдерді оқыту орталығы»
Шу аудандық бөлімше меңгерушісі.