Сот пен заң – біртұтас ұғым
Сот адамзат ойлап тапқан ең ұлы ережелер жиынтығы ретінде қоғамды дау-жанжалдан сақтап тұр. Алайда, ең мінсіз, ең әділ жазылған заңның өзі қағаз бетіндегі жай ғана әріп болып қала береді, егер оған жан бітіріп, іс жүзінде орындайтын сот билігі болмаса. Заң таразының өзі болса, ал сот таразыны тең ұстап тұратын әділеттің қолы деп айтсақ еш қателеспейміз.
Шу аудандық сотында қаралатын істер тәжірибесі көрсеткендей, құқықтық қоғамда азаматтар арасында құқықтық сауатты болу тек құқық қорғау қызметінде жұмыс атқаратын қызметшілер немесе заңгерлер білуі тиіс деген тұжырымдар қалыптасып кеткен. Бұл дұрыс емес, яғни заң бәріне ортақ тыныс алатын ауа сияқты болуы тиіс. Оны лауазымды азамат та, қарапайым жұмысшы да бірдей сезінуі шарт. Заңның үстемдігі орнаған жерде ешкім өзін қорғансыз санамайды. Ал осы үстемдіктің бұлжымас кепілі – тәуелсіз сот жүйесі. Сот билігінің негізгі міндеті – қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды шешу, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, заңдардың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту болып табылады.
Бүгінгі цифрлық дәуір сот пен заң жүйесіне жаңа өзгерістер алып келуде. Технологиялар дамыған сайын сот процестері ашық, жедел әрі қолжетімді бола түсуде. Бұл азаматтар үшін тиімді әрі қолайлы екенін атап өткен жөн. Еліміздің сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келеді. Ширек ғасырдан астам уақытта елімізде сот билігі толық қалыптасып, түрлі реформалар жүзеге асты. Соттар заманның заманауи жетістіктеріне қол жеткізді. Республикалық соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды. Сот органдарымен «Электронды сот төрелігін» іске асыру мен ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын соттық қорғауды мейлінше ашық және қолжетімді іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілді.
Түйіндей келе, заң үстемдігі мен әділ сот төрелігі – мемлекеттің құқықтық тұрақтылығы мен демократиялық дамуының кепілі. Заң қоғамдық тәртіптің заңнамалық негізін қаласа, сот сол тәртіптің әділдік таразысынан ауытқымауын қадағалайды. Тек мықты заң мен тәуелсіз сот орнаған қоғамда ғана тұлғаның құқықтық қорғалуы толық қамтамасыз етіліп, мемлекеттің халықаралық деңгейі мен ішкі тұрақтылығы мызғымас деңгейге көтеріледі.
Даулет Сатыбалдин,
Шу аудандық сотының судьясы.