Ауқымды акция бастау алды
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өміріне ендіру қадамы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оны жүзеге асыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрі 2026 жылды «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі жылы» деп жариялады.
ҚР ІІМ 2026-2027 жылдарға арналған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша арнайы жоспар бекіткен болатын. Аталмыш жоспардың 5.1 тармағына сәйкес 18 мамыр мен 8 маусым аралығында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты флешмоб форматындағы ауқымды акция өткізіледі. Акция ел аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгерлері – балаларды қолдап-қорғау механизмдерін жандандыруға бағытталып отыр.
Акцияның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, полицияның иммиджін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ қоғамның назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына аудару, сыйластық қағидаттарын насихаттау, отбасында бір-біріне көмек көрсету қағидатын және ішкі істер органдарына қоғамдық сенімді нығайту.
Осыған орай, Шу аудандық полиция бөлімі жергілікті атқарушы органмен келісе отыра аудан аумағында аталмыш акция аясында бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, «Баланың қауіпсіздігі – қоғамның жауапкершілігі» тақырыбында дөңгелек үстел, жоғары сынып оқушылары және жастармен тренинг, көшпелі түсіндіру жұмыстары, ардагерлер мен аналар, әкелер кеңесінің қатысуымен форум, құқықтық және психологиялық кеңес беру акциясы, «Қауіпсіз балалық шақ» атты сурет және бейнеролик байқауы, қайырымдылық акциясы мен қоғамдық флешмоб өткізу көзделуде.
Өткізілетін шаралар қоғам арасында қыз-келіншектің қадірін түсіндіру, өкінішті жағдайлардың алдын алу бойынша оймақтай ой береді деп сенеміз.
Ал жалпы тұрғындарды кез келген құқық бұзушылықтан аулақ болуға, отбасылық түсініспеушілікте ұстамды және отбасы институтын сақтауға шақырамыз. Заң мен тәртіп қағидатын бірге қалыптастырайық.
Жансая Садық,
Шу аудандық полиция бөлімі
ОТЗЗҚК тобының аға инспекторы,
полиция капитаны.