Ақпараттық портал

«Аудан орталығы ново-троицк ауылында күн сайын 10-12 қазақ қайтыс болып жатыр…»

1933 жылғы құжаттағы «Аудан орталығы ново-троицк ауылында күн сайын 10-12 қазақ қайтыс болып жатыр…» деген қысқа ғана жол – бәлкім, туған өлкеміздің тарихындағы ең қасіретті куәліктердің бірі шығар. Бір қарағанда, санаулы сөз. Ал сол сөздердің ар жағында қаншама адам тағдыры, асыраушысынан айырылған отбасы, ата-анасыз қалған бала, туған жерін тастап босқан ел, аштық ойрандаған тұтас бір ауыл өмірі жатыр.

Бүгін біз Новотроицкінің – қазіргі Төле би ауылының және тұтас ауданымыздың өткен тарихы туралы сөз қозғағанда, ел жадында сақталған естеліктермен ғана шектелмей, архив құжаттарына да үңілуіміз керек. Өйткені құжат – үнсіз болғанымен, уақыттың ең шынайы куәгері. Ол Ашаршылықты алыста қалған жалпыұлттық трагедия ретінде ғана емес, дәл осы жерде өмір сүрген нақты адамдардың, нақты ауылдардың басынан өткен қасірет ретінде тануға мүмкіндік береді.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, облыстық архивтер және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қатысуымен «Ашаршылық. Голод. Документальная хроника. 1928–1934 гг.» атты үш томдық құжаттар жинағы жарық көрді. Оған мыңнан астам архив құжаты енгізілген. Жинақты құрастырушылар бастапқы дереккөздер арқылы азық-түлік дағдарысы мен аштықтың қалай туындағанын, күштеп ұжымдастырудың зардаптарын және сол жылдары қазақ қоғамының басынан өткен әлеуметтік апаттың ауқымын көрсетуге ұмтылған. Осы деректі шежіреге енген құжаттардың бірі Новотроицкіге тікелей қатысты.
1933 жылғы 9 наурызда РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов Иосиф Сталинге Қазақстандағы қазақ халқының ауыр жағдайы туралы көлемді хат жолдайды. Хаттың көшірмелері Л.Каганович пен В.Молотовқа да жіберілген. Рысқұлов онда халықтың жаппай қырылуы, індеттің таралуы, елдің үдере көшіп, босқынға айналуы туралы жан түршігерлік мәліметтер келтіреді.
Қазақстанның әр өңірінен жиналған сол деректердің арасында біздің өлкеге қатысты мынадай нақты мәлімет бар:
«Шу ауданында… аудан орталығы Ново-Троицк ауылында күн сайын 10–12 қазақ қайтыс болып жатыр…»
Бұл мәліметті Тұрар Рысқұлов өкілетті қызметкер Ораз Жандосовтан алған. Хаттың түпнұсқасы Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінде сақталған, ал оның мәтіні кейіннен бірқатар құжаттық жинақтар мен тарихи зерттеулерде жарияланды. Төле би ауылының тарихы үшін бұл – айрықша маңызды айғақ.
Арада бір ғасырға жуық уақыт өткен бүгінгі күні «10–12 адам» деген санды жай ғана статистикалық көрсеткіш ретінде қабылдау оңай. Бірақ сол кезеңдегі ауылдың бір күндік тынысын көз алдымызға елестетіп көрсек, бұл санның ар жағындағы қасірет мүлде басқа сипат алады. Күн сайын – адам өлімі. Күн сайын – қаралы шаңырақ. Күн сайын – бір адамынан айырылған отбасы. Күн сайын – жетім қалған бала, жесір қалған әйел, баласынан айырылған ана, бауырын жоғалтқан ағайын… Ең ауыры – мұның бәрі алыстағы белгісіз бір жерде емес, дәл сол кездегі аудан орталығында болып жатқан еді.
Алайда тарихи ақиқатқа адал болу үшін бір маңызды жайтты нақтылай кеткен жөн. Құжаттағы күн сайын қайтыс болған 10–12 адамның барлығы Новотроицкінің тұрақты тұрғындары болды деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені Новотроицк аудан орталығы еді. Аштық жайлаған кезеңде мұнда ауданның өзге елді мекендерінен келген адамдар, босқындар, азық-түлік пен көмек іздеп сабылған жұрт та болуы әбден мүмкін.
Сондықтан «күніне 10–12 адам» деген көрсеткішті бірнеше айға көбейтіп, шыққан санды Новотроицк ауылы тұрғындарының нақты шығыны ретінде көрсету ғылыми тұрғыдан дұрыс емес. Мұндай қорытынды жасау үшін арнайы демографиялық зерттеулер мен қосымша архивтік деректер қажет.
Бірақ бұл ескерту құжаттың тарихи маңызын еш төмендетпейді. Керісінше, оның құндылығын арттыра түседі. Өйткені ол 1933 жылы аштықтың Новотроицкінің өзінде қандай алапат деңгейге жеткенін дәлелдейді. Ашаршылықтың ең ауыр зардаптарының бірі – халықтың жаппай босуы еді.
1930 жылдардың басына қарай қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жүйесі күйреді. Оған күштеп ұжымдастыру, мал мен азық-түлікті тәркілеу, әкімшілік қысым және көшпелі әрі жартылай көшпелі шаруашылықтарды зорлықпен отырықшыландыру саясаты үлкен соққы болды.
Тіршілігінің өзегін мал шаруашылығымен байланыстырған халық үшін малдан айырылу – жай ғана дәулеттен айырылу емес еді. Бұл күнкөріс көзінен, тіршілік тірегінен айырылу болатын. Сөйтіп ел қозғалды. Адамдар туған жерін қалап тастап кеткен жоқ. Олар кетуге мәжбүр болды. Өйткені қалу – өмір сүру мүмкіндігінен айырылумен тең еді.
Рысқұловтың хатында Қазақстанның өз ішіндегі және республика шекарасынан тыс жерлерге бағытталған жаппай көші-қон туралы көптеген дерек кездеседі. Мәселен, көршілес Сарысу ауданында 7000 шаруашылықтың шамамен 500-і ғана қалғаны айтылады. Қалғандары басқа аудандарға көшіп кеткен, ал бір бөлігі Қырғызстан аумағына өтіп кеткен.
Бұл мәлімет Новотроицк пен Шу ауданының сол кезеңдегі алып адам көшінің, тұтас бір халықтың жан сауғалап босуының ортасында қалғанын көрсетеді. 1933 жылғы құжаттың мәнін толық түсіну үшін Новотроицкінің сол кездегі әкімшілік маңызын да ескеру қажет.
Кеңестік кезеңде ауыл Шу ауданының орталығы болды. Кейінгі анықтамалық басылымдарда да Новотроицк Шу ауданының орталығы ретінде көрсетіледі. Сондықтан мұнда аудандық билік органдары, шаруашылық және әкімшілік құрылымдар шоғырланды.
Ашаршылық жағдайында бұл ерекшелік ауылды бір жағынан аудан басқарылатын орталыққа айналдырса, екінші жағынан айналадағы елді мекендерден көмек іздеп келген халық жиналатын орынға айналдырған болуы мүмкін. Сондықтан Рысқұлов хатында Новотроицкінің атының жеке аталуының өзі айрықша мәнге ие. Бұл – облыс көлеміндегі жалпылама статистика емес. Бұл – аты аталған нақты ауыл. Осы тұста тағы бір маңызды сауал туындайды: билік орындары болып жатқан қасіреттен қаншалықты хабардар болды?
Тұрар Рысқұловтың хаты халықтың жаппай қырылып жатқаны туралы ақпараттың сол кезде-ақ мемлекеттік биліктің ең жоғарғы деңгейіне дейін жеткенін көрсетеді. Әңгіме тек Новотроицк туралы емес. Рысқұлов Әулиеата, Шымкент, Семей, Қызылорда, теміржол стансалары мен Қазақстанның басқа да аумақтарындағы қазақ халқының жаппай өлімі туралы деректер келтіреді. Ал Шу ауданы жөніндегі мәліметті ол нақты өкіл – Ораз Жандосовтың хабарламасына сүйеніп береді. Демек, ақпарат төменнен жоғары қарай жеткізіліп отырған.
Онымен де шектелмей, Рысқұлов аштық пен індеттен адам өлімі аса үлкен көлемге жеткенін айтып, орталық билік органдарының шұғыл араласуы қажеттігін ашық жазған. Тарихшы үшін бұл – аса маңызды жайт. Өйткені ол жүргізілген саясаттың қасіретті салдары туралы мемлекеттік басшылықтың Ашаршылық жүріп жатқан кезеңнің өзінде хабардар болғанын айтуға негіз береді.
Сол мәліметтердің ішінде тағы бір елең еткізерлік дерек кездеседі: Рысқұлов келтірген ақпарат бойынша аудан коммунистерінің 60 пайызы ауданнан кетіп қалған. Алғаш қарағанда бұл сөйлем негізгі оқиғалардың жанындағы қосалқы дерек тәрізді көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде ол сол кезеңдегі жағдайдың қаншалықты ауыр болғанын аңғартады. Егер жергілікті партия белсенділерінің елеулі бөлігі ауданнан кетуге мәжбүр болса, бұл қалыпты тіршіліктің бұзылып, дағдарыстың қоғамның барлық қабатына жайылғанын білдіреді.
Дегенмен бұл дерекке қатысты да ғылыми сақтық қажет. 60 пайыз – белгілі бір кезеңдегі нақты хабарламада келтірілген көрсеткіш. Сондықтан оны бүкіл Ашаршылық кезеңіндегі ауданның түпкілікті статистикасы ретінде емес, сол уақыттағы ахуалдың сипатын көрсететін дерек ретінде қарастырған жөн.
Біз Ашаршылық тарихын көбіне ірі сандар арқылы танимыз. Миллиондаған адам. Жүздеген мың босқын. Қырылған мал. Құлдыраған шаруашылық. Орасан демографиялық шығын. Бірақ үлкен тарих қашанда шағын ауылдардың тарихынан құралады. Әр ауылдың өз жарасы, әр әулеттің өз қасіреті бар. Новотроицк – сол тарихтың бір нүктесі.
«Күн сайын 10–12 адам қайтыс болады» деген суық сөйлемнің ар жағында кезінде аты-жөні, туған-туысы, арманы мен үміті болған адамдар тұрды. Өкінішке қарай, бүгін біз олардың барлығын аты-жөнімен қалпына келтіре алмауымыз мүмкін. Олардың арасында көрші ауылдардан келгендер де болған шығар. Нан іздеп Новотроицкіге жеткен отбасылар да болуы мүмкін. Балалар да, қарттар да, әйелдер де, мал-мүлкінен айырылып, бар тіршілігі күйреген азаматтар да болған шығар. Архив құжаты бізге олардың әрқайсысының өмір тарихын айтып бере алмайды.
Бірақ бір нәрсені анық жеткізеді:
1933 жылы Новотроицкідегі адам өлімі соншалықты жоғары деңгейге жеткен, бұл туралы Совет мемлекетінің жоғарғы басшылығына дейін баяндалған. Бүгін Ашаршылық туралы айтқанда әсірелеуге де, ақиқатты көмескілеуге де жол бермеуіміз керек. Тарих – дәлелсіз сандарға мұқтаж емес.
Егер құжатта күніне 10–12 адамның қайтыс болғаны жазылса, біз дәл осы санды айтуымыз және оның қайдан алынғанын түсіндіруіміз қажет. Егер мұндай өлім-жітімнің қанша айға созылғаны белгісіз болса, қарапайым арифметикалық көбейту арқылы алынған нәтижені құрбан болғандардың нақты саны деп жариялау дұрыс емес.
Егер құжатта Новотроицк аудан орталығы ретінде көрсетілсе, қайтыс болғандардың барлығын осы ауылдың тұрақты тұрғыны деп есептеуге тағы болмайды. Мұндай ғылыми сақтық трагедияның ауқымын кішірейтпейді. Керісінше, тарихи әңгімені шындыққа жақындатады. Сондықтан архивтік куәліктердің орны бөлек.
Күніне 10–12 адамның қаза болғаны жөніндегі құжат – Новотроицкінің Ашаршылық тарихына бастайтын жалғыз ғана жіп. Толық тарихи көріністі қалпына келтіру үшін әлі талай архивтің шаңын қағып, талай құжаттың бетін ашу қажет.
Ашаршылыққа дейінгі және кейінгі ауыл халқының саны мен шаруашылық тізімдерін; ауылдық кеңес пен аудандық атқару комитетінің материалдарын; ОГПУ мәліметтерін; ұжымдастыруға қатысты құжаттарды; мал мен азық-түлік дайындау және тәркілеу жөніндегі деректерді; қайтыс болғандар мен панасыз қалған балалардың тізімдерін; көшіп келген және көшіп кеткен отбасылар туралы мәліметтерді; медициналық көмек пен індеттер жөніндегі құжаттарды; аудан колхоздарының материалдарын; сол жылдарды көзімен көрген адамдардың естеліктерін және отбасылық архивтерді зерделеу қажет.
Әсіресе Новотроицк тұрғындарының аты-жөні кездесетін құжаттардың құны өлшеусіз болар еді. Сонда тарих бір ауылдың жалпы қасіреті ғана болып қалмай, нақты адамдардың, нақты әулеттердің тарихына айналар еді.
Арада тоқсан жылдан астам уақыт өтті. Бірнеше буын алмасты. Мемлекеттік шекаралар өзгерді. Әкімшілік құрылым өзгерді. Ново-Троицк атауының өзі бүгінде өткен дәуірдің еншісінде қалып, ауыл Төле би атын иеленді. Бірақ құжат қалды. Сарғайған қағаз бетінде біздің ауыл туралы санаулы ғана сөз бар:
«Аудан орталығы Ново-Троицк ауылында күн сайын 10–12 қазақ қайтыс болып жатыр…»
Бұл жолдың жанында олардың суреттері жоқ. Есімдері жазылмаған. Олардың соңғы күндері қалай өткені туралы әңгіме жоқ. Қай шаңырақтан шыққаны, артында кім қалғаны да белгісіз. Бірақ ең маңыздысы бар. Куәлік бар. Біздің бүгінгі міндетіміз – сол куәліктің тарихи жадымыздан өшіп кетуіне жол бермеу.
Өйткені аудан тарихы – ауылдардың құрылған жылдары ғана емес. Ол – салынған жолдар, жиналған астық, ашылған мектептер мен бой көтерген зауыттардың ғана шежіресі емес. Тарих – ең алдымен адам тағдыры. Ал егер архив қойнауында қалған құжаттар ХХ ғасырдағы ең алапат қасіреттердің бірін бастан өткерген адамдардың үнін бізге жеткізе алса, сол үнді есту – бүгінгі ұрпақтың парызы. Сол үнді ұмытпау – тарих алдындағы жауапкершілігіміз. Сол үнді келер ұрпаққа жеткізу – жадымызға жүктелген аманат.
Руслан ИСКАКОВ.
Дереккөздер:
«Ашаршылық. Голод. Документальная хроника. 1928–1934 гг.» – Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, облыстық архивтер және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қатысуымен әзірленген үш томдық архив құжаттарының жинағы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.