QR-код қалай жұмыс жасайды?
Дамыған заманда әрбір жаңалыққа таңғалып үлгермейтін болдық. Күн сайын өмірімізге жаңа технологиялар еніп, бұрын көзіміз үйренбеген дүниелер қалыпты жағдайға айналып барады. Кейде оларды пайдаланып жүрсек те, «Бұл қалай жұмыс жасайды екен?» деген сұрақ еріксіз ойға оралады.
Солардың бірі бүгінде әр дүниенің «төлқұжатына» айналған QR-код. Расында қазір қайда барсақ та QR-кодты кездестіреміз. Дүкенге кірсек төлем жасау үшін QR-код ұсынамыз, дәмханаға барсақ, мәзірді QR-код арқылы қараймыз, сол секілді мемлекеттік мекемелерде, ауруханаларда, банктерде, тіпті жарнамалық баннерлер мен визиткаларда да QR-код кеңінен қолданылып жүр. Байқап қарасақ, өзіміз де бір жерге бара қалсақ, телефонды ала салып жан-жағымыздан QR-код іздейтін болыппыз. Оны сканерлейміз де, керек ақпаратты әп-сәтте алып шығамыз. Бірақ осы қарапайым ғана қара-ақ шаршылардан тұратын кодтың ішінде не бар? Ол ақпаратты қалай сақтайды? Телефон оны қалай бірден оқиды? Осындай сұрақтар көпшілігімізді қызықтыратыны жасырын емес. Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында мен ғаламтордағы түрлі ақпарат көздерін қарап шықтым. Мамандардың түсіндірмелерімен танысып, QR-кодтың пайда болу тарихы мен жұмыс істеу тәсілі туралы мәліметтерді зерделедім. Сол арқылы білген қызықты деректерімді газет оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім.
Көпшілігіміз QR-кодты кейінгі жылдары ғана пайда болған жаңалық деп ойлаймыз. Алайда, оның тарихы әлдеқайда тереңде жатыр екен. Бұл технология алғаш рет 1994 жылы Жапонияда дүниеге келген деседі. Оны «Denso Wave» компаниясының инженері Масахиро Хара ойлап тауыпты. Бастапқыда QR-код қарапайым адамдар үшін емес, зауыттарда автокөлік бөлшектерін тез анықтап, есепке алу мақсатында жасалған екен. Сол кезде қолданылып жүрген кәдімгі штрих-кодтар аз ғана ақпарат сақтайтын әрі бір бағытта ғана оқылыпты. Ал QR-код әлдеқайда көп мәліметті сыйдыра алды және оны кез келген бағыттан сканерлеуге мүмкіндік туды. Осы ерекшеліктерінің арқасында QR-код өндіріс саласынан шығып, саудаға, банк жүйесіне, медицинаға, білім беру саласына және күнделікті тұрмысқа кеңінен ене бастады. Бүгінде біз күн сайын қолданатын осы технологияның тарихы отыз жылдан аса уақыт бұрын басталғанын көпшілік біле бермейді. Енді осы QR-кодтың ақпаратты қалай сақтап, телефон оны қалай оқитынына тоқталайық.
Жалпы QR-код– ағылшын тіліндегі Quick Response, яғни «жылдам жауап» деген сөздің қысқартылған атауы екен. Ол – ақпаратты сақтауға арналған арнайы код. Сыртынан қарағанда жай ғана ретсіз орналасқан қара және ақ шаршылар сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде олардың әрқайсысы белгілі бір ақпаратты білдіреді. QR-кодтың ішіне интернеттегі сайттың мекенжайын, телефон нөмірін, адамның байланыс мәліметін, мекенжайды, мәтінді, төлем деректерін немесе басқа да ақпараттарды енгізуге болады. Бір қызығы, осындай шағын ғана кодтың ішінде мыңдаған таңба сақталуы мүмкін. Сондықтан QR-код бүгінгі күні әлем бойынша кеңінен қолданылады.
Ал телефон QR-кодты қалай оқиды? Көп адам QR-кодты телефон камерасына көрсетсе болды, ақпарат бірден ашыла кетеді деп ойлайды. Бірақ оның артында бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс жүретін көрінеді. Ең алдымен телефон камерасы кодтың суретін түсіреді. Камера кодтың үш бұрышындағы үлкен қара шаршыларды анықтайды. Олар телефонға кодтың қай жағымен тұрғанын көрсетеді. Одан кейін құрылғы кодтың ішіндегі барлық ұсақ шаршыларды бір-бірлеп оқиды. Әр шаршы белгілі бір сандық ақпаратқа сәйкес келеді. Содан кейін арнайы бағдарлама осы мәліметтердің бәрін біріктіріп, адамның түсінуіне ыңғайлы ақпаратқа айналдырады. Егер QR-кодтың ішінде сайттың сілтемесі болса, телефон сол сайтты ашуды ұсынады. Егер телефон нөмірі болса, бірден қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Ал егер төлем деректері енгізілген болса, банк қосымшасы арқылы төлем жасауға болады. Ең қызығы, осының бәрі бірнеше секундтың ішінде орындалады.
QR-кодтың ең басты артықшылығы – уақытты үнемдейді. Бұрын ұзын интернет мекенжайын немесе банк есепшотын қолмен теру керек болатын болса, қазір бір ғана сканерлеу жеткілікті. Тағы бір артықшылығы өте көп ақпарат сақтай алады. Қарапайым штрих-код бірнеше санды ғана сақтайды. Ал QR-кодқа мәтін де, сілтеме де, байланыс деректері де сыяды. Сонымен қатар QR-кодтың аздап бүлінген бөлігі болса да, көп жағдайда оны оқуға болады. Себебі оның ішінде қателерді түзететін арнайы жүйе бары ең маңызды тұсы. Одан көпшілігі білетін тағы бір ерекшелігі – QR-кодты қағаздан да, телефон немесе компьютер экранынан да оқуға болады.
Бүгінде QR-код өміріміздің барлық саласына еніп үлгерді. Дүкендерде адамдар сатып алған заттарының ақысын QR-код арқылы төлейді. Мейрамханалар қағаз мәзірдің орнына QR-код ұсынады. Клиент кодты сканерлеп, барлық тағам түрін телефонынан қарай алады. Ауруханаларда емделушілер қажетті ақпаратты QR-код арқылы алады. Мектептерде мұғалімдер оқушыларға қосымша бейнематериалдар мен тапсырмаларды QR-код арқылы таратады. Мұражайларда әрбір экспонаттың жанына QR-код қойылады. Оны сканерлеген адам сол жәдігер туралы толық мәлімет оқи алады. Көптеген жарнамаларда да QR-код болады. Ол арқылы компанияның сайтына немесе әлеуметтік желідегі парақшасына бірден өтуге болады.
Одан бөлек QR-код қауіпсіз технология саналады. Бірақ оны пайдалану кезінде сақ болған дұрыс. Кейбір алаяқтар жалған QR-код жасап, адамдарды қауіпті сайттарға бағыттайды. Ондай сайттар жеке мәліметтерді немесе банк картасының ақпаратын ұрлауы мүмкін. Сондықтан белгісіз жерден табылған немесе күмән тудыратын QR-кодтарды сканерлемеген жөн. Егер QR-код сізді түсініксіз сайтқа апарса немесе жеке мәліметтеріңізді енгізуді сұраса, ондай сайттан бірден шыққан дұрыс. Тек ресми ұйымдардың, банктердің немесе сенімді мекемелердің QR-кодтарын пайдаланған қауіпсіз.
Көпшілік QR-код арнайы бір зауытта немесе фабрикада жасалады деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде олай емес. QR-код – цифрлық өнім. Ол компьютерде немесе арнайы онлайн сервистерде бағдарламалық жолмен жасалады. Яғни оны қағазға баспас бұрын әуелі компьютерде немесе телефонда құрастырады. Кейін дайын код қағазға, пластикке, баннерге, қаптамаға немесе кез келген басқа материалға басылып шығарылады.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.