Ақпараттық портал

Балаға жақын қоғам – ұрпақ болашағына жауапты қоғам

Балаға берілген тәрбие — тұтас ұлттың ертеңіне қаланған іргетас. Оның берік болуы отбасындағы өнегеге, ата-ананың жауапкершілігіне, ұстаздың еңбегі мен қоғамның қамқорлығына байланысты. Бүгін үлкендердің әр сөзінен тағылым алып, әр ісіне қарап өсіп келе жатқан ұрпақ ертең елдің болмысын қалыптастырады. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті» деген сөзі тәрбиенің бастауы отбасында жатқанын айқындай түседі. Перзентінің материалдық қажеттілігін өтеумен қатар, оның жан дүниесін түсіну, бойына ізгі қасиеттерді сіңіру, өмірге дұрыс бағыт беру — әр ата-ананың абыройлы міндеті.

Шынында, қай қоғамда болмасын бала тәрбиесі өзектілігін жоғалтқан емес. Заман өзгерген сайын ұрпақ тәрбиесіне қатысты жаңа мәселелер туындап, отбасы мен мектептің, жауапты мекемелердің өзара байланысын күшейту қажеттігі арта түсуде. Баланың қауіпсіз ортада өсуі, құқығының қорғалуы, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы — баршамызға ортақ мүдде. Осыған орай М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде «Балаға жақын қоғам» жобасы аясында бала құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту мақсатында кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, Жамбыл облысы әкімдігі балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, облыстық Психологиялық қолдау орталығы Психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Қасымхан, Отбасын қолдау орталығының директоры Ақбота Устибаева, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар мен ата-аналар қатысты.
Тәрбиелік мәні зор іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы жүргізді. Жиында бала мүддесін қорғаудағы ортақ жауапкершілік, отбасымен жұмысты жетілдіру, психологиялық қолдау көрсету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Ең алдымен сөз алған Эльмира Мырза-Ғали ұлтымыздың ұлы ағартушысы, «Кел, балалар, оқылық!» деп қазақ балаларын білімге үндеген Ыбырай Алтынсариннің тәрбиелік мұрасына тоқталып, жас ұрпаққа дұрыс бағыт берудің маңызын атап өтті. Баланың теріс жолға түсуіне жол бермеу, ал қателескен жағдайда оны түзету үлкен сабырлық пен қажырлы еңбекті қажет ететінін жеткізді. Жас шыбықтың қалай бапталса, солай өсетіні секілді, бала бойындағы жақсы қасиеттер де ерте жастан берілген тәрбие мен тұрақты қамқорлық арқылы қалыптасатынына назар аударды.
Бұл ойдың астарында ата-ана мен педагогке жүктелетін үлкен міндет жатыр. Баланың мінезіндегі өзгерісті аңғару, тұйықталуының себебін түсіну, араласатын ортасына мән беру үшін онымен сенімді қарым-қатынас орнату қажет. Кейде баланың дер кезінде тыңдалған бір ауыз сөзі, жауапсыз қалмаған бір сұрағы күрделі мәселенің алдын алуы мүмкін. Сондықтан отбасындағы ашық әңгіме, ата-ананың өнегесі мен ұстаздың жанашырлығы тәрбиенің күнделікті тірегіне айналуға тиіс.
Одан кейін сөз алған Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев балалар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Осы мақсатта балалардың құқықтарын қорғау басқармасының білім беру ұйымдарымен, психологиялық қолдау және отбасын қолдау орталықтарымен, өзге де құзырлы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңызын атап өтті. Елдің ертеңі өскелең ұрпақтың амандығы мен тәрбиесіне байланысты екенін айта келе, аталған басқарманың құрылуын бала мүддесін қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды жетістігі ретінде бағалады.
Жайдар Саттарқұлұлы тексерулер барысында бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне тиісті жағдай жасалмаған отбасыларда балалардың құқықтары бұзылатын жайттар кездесетінін де тілге тиек етті. Осындай отбасылармен жұмысты жүйелі жүргізу, баланың тұрмыс жағдайын зерделеу, қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыру мәселелеріне назар аударды. Әрбір анықталған жағдайдың артында баланың тағдыры тұрғандықтан, жауапты мамандардың өзара ақпарат алмасуы мен бірлескен әрекеті нақты нәтижеге бағытталуы қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар бөлім басшысы мектепішілік есепке алу жұмыстарын қайта зерделеп, белгіленген тәртіп пен тиісті алгоритмге сәйкес жүргізуді тапсырды. Аудандағы мыңнан астам оқушысы бар кейбір мектептерде мектепішілік есепте екі-үш баланың ғана болуы қосымша педагогикалық қолдауды қажет ететін оқушыларды анықтау жұмысының толықтығына күмән туғызатынын айтып, профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көтерді. Бұл бағыттағы басты міндет — көмекке мұқтаж әр баланы дер кезінде байқап, оның назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету.
Кездесу барысында ата-ананың жауапкершілігі, балаларға психологиялық қолдау көрсету, отбасымен байланысты нығайту, бос уақытты мазмұнды ұйымдастыру және спортқа тарту мәселелері де жан-жақты сөз болды. Қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Талқыланған мәселелер балаға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда отбасы, мектеп және жауапты мекемелердің тұрақты ынтымақтастығы қажет екенін көрсетті.
Балаға жақын қоғам болу — оның қуанышын бөлісіп, қиындығын дер кезінде сезіну, қажет сәтте қасынан табылу. Бұл жауапкершілік әр ата-ананың өз шаңырағынан, әр ұстаздың алдындағы шәкіртіне деген ықыласынан, әр маманның өз міндетіне адалдығынан басталады. Бүгін баланың жүрегіне мейірім ұялатып, бойына адалдық дарытып, өзіне деген сенімін нығайта алсақ, ертең елге тірек болатын ұрпақ өседі. Өйткені баланың бүгінгі бақыты мен ертеңгі болашағына жасалған қамқорлық — ұлт келешегіне сіңірілген ең қымбат еңбек.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.