Көптен күткен қуаныш
Кейінгі жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Ауданымызда бой көтеріп жатқан шағын футбол алаңдары, балалар ойын алаңшалары мен көше жаттығуларына арналған спорттық орындар – осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі.
Осындай ақжолтай жаңалық Қонаев ауылында да орын алды. Ауылдағы Ататүрік атындағы көшеде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға арналған жаңа нысандар ел игілігіне берілді.
Нақтырақ айтқанда, «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілі-гімен жалпы құны 35 миллион теңгені құрайтын шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, демеуші кәсіпорын өкілдері, ауыл қариялары мен тұрғындар қатысты.
Алдымен ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Қайранов ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Бұдан кейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, жаңа спорт нысандарының маңызына тоқталды.
– Бүгін 5 мыңнан астам тұрғыны бар, бірлігі жарасқан Қонаев атындағы ауылда үлкен қуанышқа куә болып тұрмыз. Болашағымыздың иесі – балаларға арнап шағын футбол алаңы мен ойын алаңшасы ашылып отыр. Бұл – ең алдымен ел келешегіне жасалған маңызды қадам. Осы игі іске ұйытқы болған ауыл азаматтарына және ұсынысты қолдап, демеушілік көрсеткен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не алғысымызды білдіреміз. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Осы жерден есімі әлемге танымал спортшылар шыға берсін, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан соң жаңа спорт нысандарының лентасын қию рәсімі өтіп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Қонақтар шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңын аралап, олардың жағдайымен танысты. Артынша жаңадан пайдалануға берілген жасыл алаңда алғашқы футбол ойыны басталды.
Көшелерінің көркіне көрік қосқан жаңа спорттық нысандарға ауыл тұрғындары да қуана қарады. Әсіресе, теңбіл доп тебуге құмар жас өрендер үшін бұл – көптен күткен қуанышты жаңалық. Олар жаңа алаңның бой көтеруіне себепкер болған жандарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Жаңа алаңдар ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік беретін маңызды орынға айналмақ.
Айта кетейік, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС соңғы жылдары спорт алаңдарының көптеп ашылуына мұрындық болып отыр. Биылдың өзінде Көкқайнар ауылында бокс және күрес залы пайдалануға берілді. Сондай-ақ бірқатар ауылдарда корпорацияның демеушілігімен спор алаңшалары ашылып, жасөспірімдер ашық аспан астында футбол ойнап, көше жаттығуымен айналысуға мүмкіндік алды.
Аяулым Далихан,
журналист.