Ақпараттық портал

Маңызды науқан алдындағы мәслихат

Еліміздегі соңғы саяси үдерістер көпшіліктің назарында. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдағы тамыз айында Құрылтай сайлауы өтетінін айтып, Конституция күшіне енген сәтте арнайы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Президенттің пайымынша, бұл науқан Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай жаңғыртуға жол ашады.

Құрылтай сайлауы – маңызды науқан саналғандықтан, оны жүйелі түрде ұйымдастыру жауаптыларға жүктеліп отыр. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен өткен аппараттық жиынның күн тәртібінде сайлауалды дайындық мәселесі қаралды.
Алғашқы болып сөз алған аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Вахитов сайлауға дайындық барысы туралы баяндаса, аудан әкімінің аппарат басшысы Нариман Абай Шу қаласы мен ауылдық округтердің Құрылтай сайлауына дайындығы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов кейбір қосымша ақпараттарды ұсынды.
Ержан Жанатұлының айтуынша, Шу ауданы бойынша дауыс беру құқығына ие 64 135 сайлаушы бар. Ауданда 1 аумақтық және 44 учаскелік сайлау комиссиясында жалпы саны 309 мүше жұмыс атқаруда. Оның 68 пайызы түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар азаматтар. Сайлауды ұтымды ұйымдастыру мақсатында облыстық және аудандық комиссия мүшелері арнайы семинарларға қатысып қайтқан. Мұндай оқыту іс-шаралары сайлауға дейін бірнеше рет өткізілмек.
– Бүгінгі таңда ерекше жағдайды қажет ететін сайлаушылар саны – 299. Оның ішінде арба пайдаланатындар – 173. Сонымен қатар 98 сайлаушының көру қабілеті, 28 сайлаушының есту қабілеті бұзылған. Бұл деректерді нақтылау үшін тиісті бөлімдерге хат жолданды. Сайлау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың конституциялық құқықтарын толық пайдалануына барлық жағдай жасалатын болады, – деді Е.Вахитов.
Аппараттық кеңестің соңында Өндіріс ауылдық округінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар қаралды. Бұл туралы округ әкімі Санат Карбозов нақты деректер мен дәйектер келтіріп баяндады.
Округ әкімінің мәліметінше, биылғы салық түсімдерінің жоспары 33,3 млн теңгені құраса, бүгінгі таңда 30,6 млн теңге көлемінде түсім түскен. Оның ішінде көлік салығы бойынша жоспар 131,4 пайызға орындалған.
– Жерді пайдалану төлемдерінен түскен қаржы есебінен Абай ауылындағы Төреқұл көшесіне балалар ойын алаңы мен стрит-воркаут алаңын орнату, сондай-ақ абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, – деді С.Қиланұлы.
Сонымен қатар ауылда мал жайылымының тапшылығы, Қарабас арнасын бетондау, аудан орталығына апаратын автомобиль жолын орташа жөндеу, су арнасын сот шешімімен иесіз деп тану, учаскелік полиция инспекторымен және қызметтік тұрғын үймен қамту мәселелері өзекті болып отырғаны айтылды.
Баяндамашыларды тыңдаған аудан басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеп, барлық мәселеге жауапкершілікпен әрі тиянақты қарау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстау керектігін ескертті.

Фариза НҰРХАНҚЫЗЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.