Кітап оқыған ұлттың ойы озық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президенттің 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді.
Президент осы бағыттағы өз сөзінде: «Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн», – деген болатын. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Өйткені кітап оқу ұлттық сана мен дүниетанымды қалыптастыруда аса маңызды. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы қолға алынды. Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің аталған Жарлығын іске асыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, сыни және талдамалық ойлауды дамыту, кітапты барлық жас және әлеуметтік топтар үшін білімнің маңызды көзі ретінде дәріптеу.
Жобаның ерекшелігі оның бір реттік акциямен немесе белгілі бір шарамен шектелмеуінде. «Кітап оқитын ұлт» – оқу, үйрену, ойлану және алған білімді өмірде қолдану дағдысын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді қозғалыс. Жоба аясындағы республикалық кітап оқу марафоны 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушыларға әртүрлі бағыттар ұсынылған. Олардың қатарында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын отбасы», «Кітап оқитын зиялы» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары бар. Яғни жоба тек оқушыларға арналған бастама емес. Оған мектеп оқушысынан бастап студент, педагог, ата-ана, зиялы қауым өкілі мен мемлекеттік қызметшіге дейін қатыса алады. Марафонның негізгі оқу кезеңінде қатысушылар ұсынылған әдебиеттерді оқып, өз ой-пікірлерін білдіреді. Жоба барысында кітаптың мазмұнын меңгерумен қатар, оқырманның шығарманы талдауына, өз пікірін қалыптастырып, оны сауатты жеткізуіне де мән беріледі. Негізгі оқу кезеңінен кейін қорытынды тестілеу мен зияткерлік форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Мұның барлығы қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Себебі бүгінгі ақпараттық дәуірде адамға мәліметті білу жеткіліксіз. Оны саралай білу, қажет ақпаратты таңдау, салыстыру, талдау және өзіндік пікір қалыптастыру қабілеті қажет. Ал жүйелі кітап оқу осындай дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – отбасы институтымен байланысты болуы. «Кітап оқитын отбасы» бағыты арқылы кітап оқу жеке адамның әдетінен отбасылық мәдениетке айналуы көзделеді. Яғни бұл балаға кітап оқуды үйретудің ең табиғи жолдарының бірі. Жобаның жүзеге асуы кітапханалар мен білім беру ұйымдарының жұмысына да жаңа серпін бергендей. Себебі Президент Жарлығында жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер енгізу, ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау міндеттері белгіленген. «Кітап оқитын ұлт» жобасының ауқымы да, мақсаты да осымен құнды.
Мемлекет көлемінде қолға алынған бұл маңызды бастамаға Шу ауданы да үн қосып, «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруды бастады. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде кітаптың маңызы одан әрі арта түсуде. Президент Жарлығында жасанды интеллектіні дамыту жағдайында кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу міндеті де қойылған. Демек, «Кітап оқитын ұлт» алдағы жылдарға бағытталған ұлттық бастама. Зерделі ұлт қалыптастыру үшін ең алдымен ойлайтын, ізденетін, білімге құштар азамат керек. Ал мұндай азаматтың қалыптасуына кітаптың қосар үлесі зор. Сондықтан кітап оқу мәдениетін мемлекетке де, білім беру ұйымдарына да, ата-анаға да, қоғамның әрбір мүшесіне де ортақ жауапкершілік.
Балнұр Жексенбекқызы.