Өнерлі ұрпақ – мәдениетіміздің жарқын болашағы
Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Абай және Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйлеріндегі балалар шығармашылық үйірмелерінің «Өнерлі ұрпақ – жарқын болашақ» атты шығармашылық есеп беру концерттері жоғары деңгейде өтті.
Шығармашылық кештің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және жыл бойы атқарған жұмыстарын көпшілікке таныстыру болды.
Концерт барысында вокал, көркемсөз оқу, би, сахна тілі және актерлік шеберлік үйірмелерінің қатысушылары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қонаев ауылдық мәдениет үйінде сурет және би үйірмелеріне жетекшілік ететін Сандуғаш Ахметова, көркемсөз оқу үйірмесінің жетекшісі Бибігүл Дүйсенова және вокал үйірмесінің жетекшісі Жапау Бекнұр шәкірттерінің жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды. Шара барысында Тараз қаласында өткен халықаралық өнер байқауында жоғары нәтиже көрсеткен «Аруым» би ансамблінің жетістігі ерекше аталып өтті. Ансамбль мүшелері байқаудан екі Бас жүлде (Гран-при) мен І дәрежелі дипломды жеңіп алып, ауыл мерейін үстем етті. Жеңімпаздар мен олардың ата-аналарына алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді. Кештің қорытынды бөлімінде «Аруым» би және сурет үйірмесінің жетекшісі Сандуғаш Ғалымжанқызы сахнаға шығып, көрермендерге «Гүлдер» әнін тарту етті.
Көктөбе ауылдық мәдениет үйінің би үйірмесінің жетекшісі Айгерім Сауытбек, көркемсөз оқу үйірмесінің жетекшісі Анар Сәрсенбекова және вокал үйірмесінің жетекшісі Медет Садырбаев тәрбиелеп отырған өнерлі балалар да өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Үйірме жетекшілері Айгерім Сауытбек «Ағаларым», Гүлжан Құдакелдиеваның «Туған өлке», «Жақсы адамдарым», ал Медет Садырбаев пен трио құрамындағы өнерпаздар «Өмірім – өнерім» әндерін орындады. Іс-шараға келген қонақтар мен ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, өнерпаздарға ақ баталарын берді.
Абай ауылдық мәдениет үйінде вокал үйірмесін жүргізетін Ерлан Саулебаев, би үйірмесінің жетекшісі Мадина Наурыз және көркемсөз оқу үйірмесінің жетекшісі Мадина Мұхатаева жас таланттардың шығармашылық ізденістерін сәтті таныстырды. Сонымен қатар мәдениет үйінің қызметкерлері Әлібек Сыдықбаев «Бала ғашық», Мадина Мұхатаева «Не пайда» әндерін орындаса, Назкен мен Мадина дуэт болып ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бірлікүстем ауылдық мәдениет үйінің вокал үйірмесінің жетекшісі Гүлзада Молдасанова мен көркемсөз оқу үйірмесінің жетекшісі Гүлнар Сербаева тәрбиелеген өнерлі балалар да концерттің сәнін келтірді. Аталған іс-шараны «Айналайын» балалар хоры «Бейбітшілік» әнімен ашты. «Эстрадалық вокал» үйірмесінің қатысушылары Р.Майконали «Сарыжайлау», Б.Қасқыртай «Айналдым сенен, Атамекен-ай», ал Ә.Ардақ «Маған ұнаған» әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінде вокал үйірмесінің жетекшісі Сәттігүл Арғынбаева, би үйірмесінің жетекшісі Меруерт Қалыбаева, сахна тілі және актерлік шеберлік үйірмелерінің жетекшісі Жанар Айтбайдың шәкірттері өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті. Жанар Айтбайдың дайындауымен сахналанған С.Мұратбековтің «Жусан исі» қойылымы мен «Алдараспан» театрының репертуарынан алынған «Бокс» комедиясы көрермен қауымға ұсынылды. Сондай-ақ «Сахна тілі» үйірмесінің қатысушысы Әсел Нұржанқызы А.Темірбайдың «Уақыттың қадірі» атты монологын әсерлі орындап, көрермен көңілінен шықты.
Концерт барысында балалардың сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық ізденістері айқын көрініс тапты. Әрбір өнер нөмірі көрермендердің зор ықыласына ие болып, жас таланттарға үлкен қолдау көрсетілді.
Осындай игі бастамалардың нәтижесінде ауыл балаларының өнерге деген қызығушылығы артып, олардың мәдени өмірге белсенді араласуына мол мүмкіндік жасалуда. Іс-шараға арнайы шақырылған ауыл тұрғындары мен ата-аналар үйірме жетекшілеріне шығармашылық табыс тілеп, оқушылардың өнеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар, концерт барысында белсенді қатысушылар марапатталып, олардың жетістіктері атап өтілді.
Барлық қатысушылар мен қонақтар көтеріңкі көңіл күйде болып, іс-шарадан ерекше әсер алды. Өнер – ұлттың рухани байлығы десек, бүгінгі жас өнерпаздардың жетістігі – ертеңгі мәдениетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да мұндай шығармашылық кештердің тәрбиелік мәні зор. Алдағы уақытта да ауданымыздағы өзге ауылдық мәдениет ошақтарында шығармашылық есеп беру концерттері өз жалғасын табатын болады.
Маржан Амангелдіқызы,
Шу аудандық мәдениет
үйінің мәдени ұйымдастырушысы.