Бірлік пен молшылық мерекесі
Қазақ халқының ежелден елдің ынтымағын арттыру үшін атап өтетін мерекелерінің бірі – қымызмұрындық салты. Бұл халқымыздың жаз жайлауға шыққанда бие байлап, бірінші қымызды ішуге арналған дәстүрлі мейрамы. Бұл — бірлікті, молшылықты және табиғатқа деген құрметті паш ететін, ауыл адамдарының басын қосатын үлкен қуаныш..
Ықылымнан күні бүгінге дейін арқауы үзілмеген ата-бабалар салтын жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Балуан Шолақ атындағы ауылда «Қымызмұрындық-2026» іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шараның басында Ержан Өмірәлиев бастаған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері жүрді. Игі бастамаға Шоқпар, Далақайнар, Балуан Шолақ ауылдарының әкімдері қолдау білдірді.
Ауыл шетіне тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен алтыбақан, бие бау мен ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өткен күндердің өрнегін көз алдымызға келтірді. Көнеден келе жатқан мерекеге қатысу үшін әр ауылдан ақ сақалды аталар мен ақ кимешек киген әжелер жиналды. Арнайы сахна құрылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.
Тағылымы мол «Қымызмұрындық» салтында Шу ауданының Құрметті азаматы Қазақбай Байжұманұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Көрікбайұлы мен Балуан Шолақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынтай Уәлиев сөз алып, шараның мағынасын ашып берді.
-Бұл іс-шараны өткізуге барынша жастарды тарттық. Өйткені, бұл мейрамның мәнін жас буын жақсы біліп, ары қарай сабақтастыруы керек. Қымызмұрындық-бұрыннан келе жатқан дәстүріміз. Себебі, халқымыздың барлық өмірі төрт түлікпен байланысты. Бұрындары бие құлындаған соң сүтін сауып, ашытқан соң бірнеше күн сабаға жинап, қарияларға, көршілерге қымыз ұсынған.
Бұл шара ауданымызда бұрын болған. Біраз үзілістен кейін үш ауылдың бірігуімен қайта өткізіп отырмыз. Баршаңызға қош келдіңіздер дейміз,-деді Е.Өмірәлиев.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде аудан басшысының ыстық сәлемі мен құттықтауын жеткізді. Ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Бұдан кейін күбіден алғашқы қымыз құйылып, тойға келген қауымға тарту етілді. Оны ауыл әжелері мен келіндері сән-салтанатпен ұсынды. Сондай-ақ дәстүрлі әнші Жалғас Нұрғожа Балуан Шолақтың «Ғалиясын» нақышына келтіріп орындап берді. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Арғынбек Көшкінбеков «Атамекен» әнін шырқады. Сазды бағдарлама барысында әр ауылдан келген өнерпаздар қонақкәде жасады.
Сондай-ақ мәдениет қайраткері Базарбай Асқартегі мен ақсулық Бақытбек Жұмабеков айтысып, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Қымызмұрындықта 70 жылдық тарихы бар шиден өрілген сөреге құрт жайылғанына куә болдық. Ауылдың кейуанасы Тұрсынкүл Кеншимоваға тиесілі құнды мұра тұтас ауылдың мақтанышына айналған десек, артық айтқандық емес. Әжейдің айтуынша, бұл сөрені келін боп түскенде енесі сыйға тартқан екен. Ал құрт жаюда өзіндік әдісі бар Гүлмира Шынболатова сол сөреге құртты жайып бізге көрсетті.
Той болған соң білектілер бәсекесі де болатыны белгілі. Атап айтқанда, арқан тартыс, қол күресі, ләңгі тебу сынды сайыстар думанның шырайын кіргізді. Топжарған жігіттерге аудандық Жастар ресурстық орталығы тағайындаған бағалы сыйлықтар табысталды. «Қымызмұрындық-2026» думаны арнайы жайылған ақ дастарханмен түйінделіп, ақ тілеулі бата берумен аяқталды.
Байжан Емберді.