Адам жанының арашасы
Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіліп, олардың ерен еңбегі бағаланатын ерекше мереке. Денсаулық сақтау саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін абыройлы міндет. Сондықтан бұл күн медицина мамандарының қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі саналады.
Халқымыздың көрнекті ақыны Кенен Әзірбаевтың «Аяқ-қолдың қадірін ақсағанда білесің» деген тағылымды сөзі бар. Расында да, денсаулық сыр беріп, дерт меңдеген сәтте ең алдымен дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты мұрат еткен медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Олар күн мен түнге қарамай, науқастардың саулығы үшін аянбай еңбек етіп, адам өміріне араша болып келеді. Әсіресе соңғы жылдары денсаулық сақтау саласының маңызы артып, медицина мамандарының қоғамдағы рөлі айқындала түсті.
Осы атаулы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысып, ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді. Көп жылғы еңбегімен ел алғысына бөленген мамандардың басын қос-қан шара ерекше көңіл күйде өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз сөйлеп, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Еліміздегі барлық саланың ішінде медицинаның алар орны ерекше. Ақ халатты абзал жандар антына адал болып, аса маңызды міндетті абыроймен атқарып келеді. Ауданымызда мыңға жуық азамат осы саламен тағдырын байланыстырған. Олар халық денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп, қоғам саулығына қызмет көрсетуде. Осындай жауапты әрі сауапты қызметтері үшін медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында талай жан сауығып, отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Сондықтан да дәрігер мамандығы – ең құрметті де қадірлі кәсіптердің бірі, – деді Найман Кенжеханұлы.
Риясыз ризашылық пен ақжарма тілектерді қабылдаған аталмыш саланың бір топ мамандары аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен, сонымен қатар ведомстволық марапаттармен еңбектері еленді. Атап айтқанда, Шу аудандық орталық ауруханасының зертхана бөлімінің зертханашысы С.Керімова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Көктөбе дәрігерлік амбулаториясының учаскелік мейірбикесі Қ.Айдарханова Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар медицина қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары тапсырылды. Аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те өз сөзінде медицина мамандарының қоғам өміріндегі маңызын атап өтіп, сала үздіктеріне аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарын табыс етті. Марапат иелері әріптестерінің қошеметіне бөленіп, еңбектерінің еленгеніне ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетіліп, олардың көп жылғы тәжірибесі мен жас ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектері атап өтілді. Бүгінде медицина саласының дамуына үлес қосып жүрген аға буын өкілдерінің еңбегі кейінгі толқын мамандарға үлгі екені айтылды.
Мерекелік жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй орындалды. Өнерпаздардың тартуы кештің сәнін келтіріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ақ халатты абзал жандарға арналған жылы лебіздер мен ізгі тілектер мерекенің мазмұнын аша түсті.
Адам жанының сақшыларына арналған бұл құрмет мерекесі олардың қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегіне көрсетілген шынайы ризашылықтың айқын көрінісі болды. Халық денсаулығын қорғау жолында аянбай қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, құрметке бөлене бермек. Өйткені адам өмірінен қымбат құндылық жоқ, ал сол өмірдің сақшысы болып жүрген дәрігерлер мен медицина ма-мандарының орны қашанда ерекше.
Байжан Емберді.