Ақпараттық портал

Антына адал абзал жан

Ел Президенті Қ.Тоқаев өз сөзінде: «Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Халықтың өмір сүру сапасы дәрігерлердің кәсібилігі мен жанашыр еңбегіне тікелей байланысты» деген еді.

Шынында да, адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Ал сол қымбат аманат – адам денсаулығын қорғау жолында бар ғұмырын арнап, мыңдаған жанға шипа сыйлаған дәрігерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай ақ халатты абзал жандардың бірі – Мықтыбекова Лазиза Секенқызы.
Лазиза Секенқызы 1967 жылдың 26 қаңтарында дүниеге келген. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған білікті маманның еңбек жолы 1993 жылы Шу қалалық ауруханасының балалар кеңесінде педиатр дәрігері болып басталды. Жас дәрігердің бойындағы кәсібилік пен жауапкершілік сол кездің өзінде-ақ әріптестерінің де, тұрғындардың да сеніміне ие болды.
1996 жылдан бастап жиырма жылға жуық уақыт Шу аудандық туберкулез ауруханасында фтизиатр және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) дәрігері қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл кезеңде ол қауіпті дертпен күресте көптеген науқастардың сауығып, қалыпты өмірге қайта оралуына себепкер болды. Дәрігер үшін әр науқас – тағдыр, әрбір сауығып кеткен жан – үлкен жеңіс. Лазиза Секенқызы осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырды.
2016 жылдың ақпанынан қараша айына дейін Шу аудандық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Басшылық қызметте жүріп те ол ұжымның ұйымшылдығын нығайтып, медициналық көмектің сапасын арттыруға өз үлесін қосты. Ал, 2016 жылдың қараша айынан 2023 жылға дейін Шу аудандық орталық ауруханасының туберкулез бөлімшесін басқарды. Бөлімше меңгерушісі ретінде тәжірибелі маман жас дәрігерлерге бағыт-бағдар беріп, кәсіби білімі мен тәжірибесін бөлісіп отырды. Оның жетекшілігімен бөлімшенің жұмысы жүйеленіп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі жоғарылады.
Ел саулығы үшін аянбаған ақ халатты жан 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шу қаласындағы ШЖҚ МКК «Шу қалалық емханасында» фтизиатр және УДЗ дәрігері ретінде қызмет атқарып келеді. Жылдар өтсе де оның мамандығына деген сүйіспеншілігі мен халыққа деген жанашырлығы еш кеміген емес.
Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Лазиза Секенқызының медицина саласындағы көпжылдық адал қызметі мен кәсіби жетістіктері бірнеше мәрте жоғары бағаланды.
Атап айтсақ, 2014 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде денсаулық сақтау саласын жетілдіруге қосқан үлесі үшін Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2020 жылы Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай облыс әкімінің Құрмет грамотасына, ал 2025 жылы «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» айрықша төсбелгісімен марапатталуы – оның ондаған жылдарға созылған адал еңбегінің нәтижелі жемісі болды. Бұл марапат – бір ғана адамның емес, халық денсаулығы үшін күн-түн демей қызмет еткен дәрігерлік борыштың, кәсіби адалдықтың және азаматтық жауапкершіліктің жоғары бағасы.
Лазиза Секенқызы қызметте ғана емес, отбасында да өнегелі жан. Ол бір ұл тәрбиелеп өсіріп, аналық парызын да абыроймен атқарып келеді. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру – үлкен табандылық пен қажыр-қайратты талап етеді. Оның өмір жолы жас буынға еңбекқорлықтың, адамгершіліктің және мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі болып табылады.
Дәрігердің қолында – адам тағдыры, дәрігердің жүрегінде – мейірім, ал дәрігердің еңбегінде – мыңдаған адамның алғысы жатыр. Лазиза Секенқызы секілді медицина саласының майталмандары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Халықтың ықыласы мен алғысына бөленген ақ халатты абзал жанның еңбек жолы – кәсібіне деген адалдықтың, елге қызмет етудің және адам өміріне деген құрметтің шынайы көрінісі. Осындай жандардың арқасында медицина саласы дамып, ұлт саулығы нығая түсуде.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.