Ақпараттық портал

Ақ халатқа артылған аманат

«Денсаулық – зор байлық» дейді халқымыз. Расында, адам үшін денсаулықтан асқан қымбат қазына жоқ. Ал сол байлықты сақтап, халықтың саулығы үшін күндіз-түні аянбай еңбек ететін жандар бар.Олар әрине – медицина қызметкерлері. Бұл маман иелері әр күнін үлкен жауапкершілікпен бастап, әр науқастың сауығып кетуіне бар білімін, тәжірибесін, мейірімін арнайды. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі науқасқа ем болса, сол сөзді айта білетін де ақ халатты абзалдар. Сондықтан олардың еңбегі қай уақытта да құрметке лайық.
Ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауда аянбай еңбек етіп келе жатқан осындай ұжымның бірі – Көктөбе дәрігерлік амбулаториясы. 2009 жылдан бері жаңа ғимаратта жұмыс жасап келе жатқан бұл медициналық мекеме бүгінде ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді. Қарапайым ғана ауыл амбулаториясы болғанымен, мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Себебі ауылдағы әрбір отбасының денсаулығы осы ұжымның күнделікті еңбегімен тығыз байланысты. Бүгінде Көктөбе дәрігерлік амбулаториясында 15 қызметкер еңбек етеді. Әр қызметкер өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, халықтың алғысына бөленіп келеді. Амбулаторияның аға дәрігері Каимбаева Айнель ұжым жұмысын үйлестіріп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Қандай жағдай болмасын, әр науқасқа мұқият қарап, әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, ортақ істің нәтижелі болуына үлес қосып жүрген білікті маман. Ұжымның тәжірибелі мамандарының бірі учаскелік мейірбике Айдарханова Қымбат. Ол 1991 жылдан бері осы салада еңбек етуде. Биылғы еңбек өтілі 35 жылды құрап отыр. Осы уақыт ішінде қаншама адамның сауығып кетуіне үлес қосып, талай жас маманға тәлімгер бола білген. Тағы бір білікті маман – Құрал Данагүл. Ол 2001 жылдан бері Көктөбе дәрігерлік амбулаториясында учаскелік мейірбике болып жұмыс атқарады. 25 жылдық еңбек жолында өз ісіне адалдығын дәлелдеп, тұрғындардың сеніміне ие болған. Алпысбаева Жазира да осы ұжымда 2011 жылдан бері еңбек етеді. Он бес жылдан бері ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға өз үлесін қосып келе жатқан маман әрбір науқасқа жанашырлықпен қарап, өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Биыл амбулатория ұжымының қатары жас маманмен толығыпты. Алмабек Қаламқас әлеуметтік қызметкер ретінде еңбек жолын бастаған жас маман.
Көктөбе дәрігерлік амбулаториясы РПН бойынша 2490 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Бұл үлкен жауапкершілік. Күн сайын дәрігер қабылдауына 15-20 адам келеді екен. Әрқайсысына тиісті тексеру жүргізіліп, қажетті ем-дом тағайындалады. Денсаулығына алаңдап келген әрбір тұрғынға сапалы қызмет те көрсетіліп келеді. Амбулаторияда күндізгі ем қабылдау бөлімі жұмыс істейді. Мұнда науқастар қажетті ем шараларын қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болады. Мұнда диспансерлік есепте тұрған науқастар да тұрақты бақылауда. Олар мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етілуде. Дәрігерлік амбулаторияда аурудың алдын алу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. Скринингтік тексерулер уақытылы өткізіліп, түрлі ауруларды ерте анықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Ана мен бала денсаулығы -амбулатория жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Жүкті әйелдер уақытылы дәрігерлік бақылаудан өтіп, қажетті кеңестер мен ем-шараларды алады. Сонымен қатар балалардың денсаулығы тұрақты тексеріліп, екпелері мен жоспарлы қаралымдары уақытылы жүргізіледі.
Ақ халатты абзал жандардың еңбегі кейде көзге көріне бермейді. Олар таңмен таласа жұмысқа келіп, кеш батқанша халыққа қызмет етеді. Кейде мереке де, демалыс та олар үшін жай ғана күндердің бірі. Себебі адам денсаулығы уақытпен санаспайды. Науқасқа көмек қажет болған сәтте дәрігер де, мейірбике де әрдайым өз орнында болады. Жалпы медицина қызметкері болу адам өміріне жауапкершілікпен қарауды, мейірімділік пен сабырлылықты талап етеді. Әрбір емнің артында үлкен еңбек, терең білім және адамдарға деген қамқорлық жатыр. Осындай қасиеттер Көктөбе дәрігерлік амбулаториясының әр қызметкерінің бойынан табылып жатқандығын ауыл тұрғындарының алғысынан байқауға болады. Ал медицина қызметкерлері күні – осы еңбектің бағаланатын ерекше мерекесі. Осынау айтулы мереке қарсаңында Көктөбе дәрігерлік амбулаториясының барша қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбектерінің әркез еленіп, халықтың алғысына бөлене беруіне тілек білдіреміз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.