Ақпараттық портал

Ел рухын көтерген халықаралық дода

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында және түрлі кездесулерде бұқаралық спортты дамыту, жас ұрпақтың денсаулығын нығайту және жастарды спортқа кеңінен тарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Оған Президентіміздің «Бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығын нығайтудың және өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бағыты» деген сөзі дәлел.
Шынында да, спорт – тек жарыс алаңы ғана емес, ол тәрбие мектебі, рух пен жігердің, табандылық пен еңбекқорлықтың символы. Әсіресе жасөспірімдерді спортқа баулу – олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті және жеңіске деген ұмтылысты қалыптастырады. Осы мақсатты көздеген тағылымды шаралардың бірі – шалғайдағы Шоқпар ауылында өткен еңбек ардагері, Кеңес Одағының «Мал шаруашылығының үздігі», бірнеше мәрте ордендер мен марапаттардың иегері болған Жұмахан Алтаевты еске алуға арналған халықаралық ашық бокс турнирі.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған дүбірлі дода үш күн бойы елдің ерекше қызығушылығын тудырып, өңірдегі спорттың ілгерілеуіне үлес қосты. Бұл жарыс тек мықтыларды анықтаған бокс бәсекесі ғана емес, елге еңбегі сіңген азаматтың жарқын бейнесін ұлықтап, оның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған тағылымды шара болды.
Турнирдің халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы оның беделін арттыра түсті. Шоқпар ауылына Қазақстанның әр өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген жас спортшылар жиналды. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасынан және Қырғызстан Республикасынан келген командалармен қатар, Тараз қаласының екі құрамасы, Тұрар Рысқұлов және Мойынқұм аудандарының былғары қолғап шеберлері, Алматы облысынан екі команда, Қонаев ауылынан және Төле би ауылынан келген спортшылар жарыс көрігін қыздырды. Жалпы саны 200-ге жуық жас боксшы қатысқан бұл дода жас дарындардың үлкен басқосуына айналды.
Жарыс барысында әр салмақ дәрежесінде тартысты жекпе-жектер өтті. Рингке шыққан әрбір спортшы өз өңірінің намысын қорғап, жеңіс жолында аянып қалмады. Көрермендер шынайы спорттық рухқа толы кездесулердің куәсі болды. Әр жекпе-жекте жігер, төзім, қайсарлық пен шеберлік сынға түсті. Жас боксшылардың өнері олардың болашақта ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын спортшылар болып қалыптасып келе жатқанын аңғартты.
Турнирдің мәртебесін көтерген ерекше оқиғаның бірі – қазақ боксының мақтанышы, Азия және Әлем чемпионы, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбыраймовтың арнайы келуі болды. Даңқты спортшының қатысуы жарысқа ерекше серпін беріп, жас спортшылардың рухын көтерді.
Көпшілікпен кездескен Олимпиада чемпионы жастарға ақыл-кеңесін айтып, спорттағы жетістіктің артында үздіксіз еңбек, тәртіп пен табандылық жатқанын атап өтті. Оның өнегелі сөздері мен өмір жолы жас боксшылар үшін үлкен мотивация болды. Болашақ чемпиондар үшін Олимпиада жеңімпазымен жүздесудің өзі ұмытылмас әсер сыйлады.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне тәжірибелі бокс жаттықтырушысы Көшербаев Уалиханның да қосқан үлесі зор. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан бапкердің еңбегі көптеген жас спортшылардың жетістіктерінен көрініс табуда. Мұндай жарыстар жас боксшылардың тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауына үлкен мүмкіндік береді.
Бұл турнирдің басты ерекшелігі – оның тек спорттық шара емес, тәрбиелік мәні зор рухани кездесу болуында. Өйткені жарыс есімі берілген Жұмахан Алтаев – мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен озат шопан. Ол 1978 жылы «Озат шопан» атанып, Моңғолияға демалысқа жолдама алды. 1983 және 1984 жылдары Бүкілодақтық көрменің қола медальдарымен марапатталды. 1986 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін иеленсе, 1987 жылы «Мал шаруашылығының шебері» атағына ие болды. Сол жылы КОКП, КСРО Кәсіподақтары және БЛКЖО Орталық Комитеттерінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалімен наградталды. 1978–1990 жылдар аралығында аудандық Құрмет тақтасына есімі жазылып, бірнеше мәрте ақшалай және заттай сыйлықтардың иегері атанды. Сонымен қатар ауылдық және аудандық кеңестердің депутаты болып сайланып, ел сеніміне ие болған абыройлы еңбек адамы ретінде танылды.
Осындай ардақты азаматтың құрметіне арналған турнирдің өткізілуі жастарды еңбекқорлыққа, елге қызмет етуге және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге үндейді. Өткен мен бүгінді жалғайтын мұндай игі бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, елдік рухты асқақтата түседі.
Ауқымды жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Шоқпар ауылының биі Ермахан Алтаев үлкен үлес қосты. Оның бастамасымен және ұйымдастыруымен өткен халықаралық турнир ауыл спортының дамуына тың серпін берді. Бұл шара Шоқпар ауылының ғана емес, тұтас Шу өңірінің спорттық әлеуетін танытып, халықаралық деңгейдегі спорттық байланыстарды нығайтуға жол ашты.
Үш күн бойы жалғасқан жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл турнирдегі ең үлкен жеңіс – жастардың спортқа деген қызығушылығының артуы, олардың бойындағы жеңіске деген сенім мен елге қызмет етуге деген құлшыныстың күшеюі болды.
Жұмахан Алтаевты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі өзінің жоғары ұйымдастырушылық деңгейімен, кең ауқымды қатысушылар құрамымен және тәрбиелік мәнімен есте қалды. Бұл жарыс болашақта дәстүрлі түрде жалғасын тауып, Қазақстан мен шетелден келетін жас боксшылардың беделді додасына айналары сөзсіз. Осындай игі шаралар арқылы елдік рух асқақтап, ұлт спортының көкжиегі кеңейе бермек.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.