Мақсаты – ортақ, мүддесі – бір
Сот, полиция және мемлекеттік қызмет еліміздің ең маңызды салалары. Азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, өтініштерін қарау жолында аянбай еңбек ететін жандар әрдайым құрметке лайық.
Елімізде мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшылары төл мерекелерін 23 маусым күні атап өтсе, 24 маусым күні сот жүйесінің қызметкерлері құрметке бөленеді.
Атаулы күндерге орай ауданымызда салтанатты жиын өтіп, онда мереке иелеріне құрмет көрсетілді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, аталған салалардың қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы мемлекеттік қызметтің, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, ел дамуы жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
– Мемлекеттік қызмет, полиция және сот жүйесінің қызметкерлері мақсаты ортақ, мүддесі бір сала десек артық айтқандық емес. Баршамыздың басты мақсатымыз – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың өзекті мәселелеріне ден қойып, заң аясында шешу екені анық. Себебі еліміздегі ең маңызды құндылық ол – адам өмірі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық салаға оның ішінде сот, полиция және мемлекеттік аппараттың ел игілігіне жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан сіз бен біз көтеріп жүрген аманаттың салмағы ауыр. Бұл жолда баршамызға асқан жауапкершілік пен асқақ абырой жолдас болуы тиіс. Мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер,-деді аудан басшысы ақжарма сөзінде.
Мемлекеттік қызмет сабақтастық сақталған үлкен мектеп екенін атап өткен аудан басшысы аталмыш салада ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет еткен, Шу қаласының әкімі болған Садан Жаңғарашевты зейнетке шығуымен, бірталай жауапты жұмысты тізгіндеген, қазіргі таңда Қонаев ауылының әкімі қызметін атқарып жүрген Нұрсұлтан Нұрмағанбетовты асқаралы 60 жасқа толуымен құттықтады.
-Мерейжас иелерін қуаныштарымен құттықтап, барлық игілікті тілейміз. Ендеше қазақы жолмен құрмет көрсетуге рұқсат етіңіздер,-деді Бақытжан Оразалыұлы жиын барысында.
Сонымен қатар шара барысында өз қызметінде оң нәтижелер көрсеткен бірқатар сала мамандары марапатталып, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Одан бөлек, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов бір шоғыр шулыққа ауданның Құрмет грамотасын тапсырды.
Салтанатты жиын мерекелік көңіл-күймен жалғасып, аудандық мәдениет үйінің әншілері ұсынған арнайы сазды бағдарламамен сабақтасты. Өнерпаздар жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара қоғам тыныштығы мен мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздің мемлекеттік қызмет саласында 84 мыңнан астам маман, ішкі істер органдарында жалпы 109 мыңнан астам қызметкер, сондай-ақ 10 мыңға жуық отандасымыз сот жүйесінде еңбек етуде.
Байжан Емберді.