Ақпараттық портал

Акция аясында 390 тонна қоқыс шығарылды

Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне келелі мәселелер енгізілген кеңесте бірқатар басшылар атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырып, алдағы жоспарларын жария етті.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша баяндама жасады.
Басшының айтуынша, ақпан айынан бері аудан әкімдігінің №74 қаулысын жүзеге асыру барысында 2 айлық жарияланып, 8 сенбілік ұйымдастырылған. Аудан бойынша «Таза Қазақстан» акциясына 1650 адам және 40-тан аса кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Іс-шаралар аясында 140-150 шақырым көше жолдары және 19,500 м² саябақтар мен скверлер аумақтарының тазалығы қамтамасыз етіліп, 390 тонна күл-қоқыс шығарылған.
Сондай-ақ басшының ақпаратында жыл басынан жергілікті полиция және әкімшілік қызметімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505, 434-баптарына сәйкес экологиялық қағидаттарды бұзу фактісі бойынша 685 ескерту, 36 айыппұл салынды деген дерек бар.
-«Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша телеграмм-бот арқылы жыл басынан жалпы 131 өтінім түсті, оның ішінде 130 өтінім мерзімінде қарастырылып, 1 өтінім иесімен бас тартылды,-дейді Жадыра Әбиғазыұлы.
Бұдан кейін аудан басшысы Қорағаты ауылдық округінің әкімі Әділ Диханбаевтың баяндамасына құлақ түрді. Былтырғы атқарылған жұмыстар және 2026 жылға жоспарлары жөнінде мәлімет берген округ әкімі жалпы салық түсімдерінің жоспары 8,4 млн теңге, орындалғаны 10,3 млн теңге, яғни жоспар 122,6 пайызға орындалды деді.
Әкімнің баяндамасында ауылдық округте мәдениет үйі мен заманауи спорт кешенінің жоқтығы айтылды. Сондай-ақ Жиенбет пен Еңбек ауылындағы көше жолдары жөндеуді қажет етеді. Жиенбет ауылының кішкентай тұрғындары ойын алаңшасын армандайтын сыңайлы. Одан бөлек, ауыл аумағындағы үш су арнасы қайта жаңғырту жобасына енбей қалған. Ең өзектісі – үш ауылдағы электр бағаналары ескіріп, электр қуатын реттейтін трансформаторлардың тозығы жеткендігі болып отыр.
Жиын мәресінде Шу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Абдыкалыковтың баяндамасы тыңдалды. Азаматтық қорғау подполковнигі жазғы маусымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу, шомылу маусымындағы қауіпсіздікке тоқталып, өзекті мәселелерді жеткізді.
-Жергілікті атқарушы орган, волонтерлар және полиция бөлімі қызметімен бірлесіп, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда 9 рейдтер мен патрульдеу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары кезінде 312 адам қамтылып, 336 жадынамалар таратылды,-дейді бөлім басшысы.
Мәселелерді мұқият тыңдаған Бақытжан Оразалыұлы тиісті бөлімдерге тапсырмаларды жүктеп, тиянақты жұмысты талап етті. Сондай-ақ жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.