Ақпараттық портал

Көліктегі полиция бөлімі қызметінің бір күні қалай өтеді?

23 маусым – Қазақстан Республикасы Полиция қызметкерлерінің күні. Бұл күн қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өмірлік міндетіне айналдырған тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі. Осы айтулы күн қарсаңында біз Шу станциясындағы Көліктегі Полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қ.Е.Қожамқұлов басқаратын Шу станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бір күндік тыныс-тіршілігімен танысып, теміржол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлердің еңбегіне куә болдық. Жалпы Шу станциясы – еліміздің оңтүстігіндегі стратегиялық маңызы зор теміржол тораптарының бірі. Халық арасында «тоғыз жолдың торабы» аталып кеткен бұл бекет арқылы тәулігіне 35 жолаушылар пойызы қатынайды. Еліміздің әр өңірін байланыстыратын маңызды көлік дәлізі болғандықтан, мұнда жолаушылар легі бір сәтке де толастамайды. Осындай қарбалас қозғалыс жағдайында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету көліктегі полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Көпшілік жолаушылар үшін теміржол вокзалы сапар басталатын немесе аяқталатын орын ғана. Алайда, сол вокзалдағы тыныштық пен тәртіптің сақталуының артында тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлері бар. Шу станциясындағы көліктегі полиция қызметкерлерінің жұмыс күні таңғы сағат 07:30-да басталады. Бұл уақытта қызметкерлер бөлімге жиналып, қызметке дайындық жұмыстарын жүргізеді. Сағат 07:55-те жеке құрамды түгендеу басталып, әр қызметкердің қызметке дайындығы тексеріледі. Ал сағат 08:00 мен 08:20 аралығында нұсқамалық жиын өткізіліп, басшылық тарапынан күнделікті тапсырмалар мен қауіпсіздік талаптары түсіндіріледі. Сағат 08:30-да күндізгі ауысым Шу теміржол вокзалына келіп, түнгі жасақтан кезекшілікті қабылдап алады. Бұл сәтте түнгі ауысым қызметкерлері өткен түндегі жағдайлар туралы толық ақпарат береді. Қандай оқиғалар тіркелді, қандай жұмыстар атқарылды, қандай мәселелерге назар аудару қажет – барлығы егжей-тегжейлі баяндалады. Күн қыза келе вокзал маңы да жандана түседі. Сағат 09:30 шамасында алғашқы пойыздардың бірі Маңғыстау – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы келеді. Әрбір тоқтаған пойызда полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолаушылардың қауіпсіз түрде пойызға мінуі мен түсуін қадағалайды. Қарбалас сәттерде тәртіп сақшыларының қырағылығы ерекше байқалады.
Вокзал ішінде де профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Қызметкерлер күту залындағы жолаушыларға арнайы жадынамалар мен түсіндірме парақшаларын таратып, теміржол көлігі аумағындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Азаматтарға заңсыз заттарды тасымалдауға болмайтыны, бөтен адамның күмәнді сәлемдемесін немесе затын қабылдап, жеткізіп берудің қауіптілігі ескертіледі. Бұл жұмыстар құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүргізіледі.
Бір ауысымда үш қызметкерден жұмыс атқарады. Яғни, күндізгі және түнгі кезекшілікте үш-үштен полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Қызмет барысында түрлі жағдайлар кездесуі мүмкін. Мәселен, жолаушы ұялы телефонын немесе бағалы затын жоғалтып алған жағдайда бірден тәртіп сақшысына жүгінеді, олар кезекші бөлімге мәлімдейді. Мұндай кезде полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырады. Арыз қабылданып, белгіленген тәртіппен тіркелгеннен кейін іздестіру жұмыстары басталады.
Алдымен бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріледі. Күдікті адамдар анықталып, куәгерлерден сұрау алынады. Егер жоғалған зат пойызда қалып қойып, пойыз келесі бағытқа кетіп қалған болса, қызметкерлер вагон нөмірі мен орын нөмірін анықтап, тиісті ақпаратты келесі станциядағы әріптестеріне жолдайды. Нәтижесінде жоғалған зат табылып, заңды иесіне қайтарылады. Осындай үйлесімді жұмыстың арқасында көптеген азаматтардың жоғалған дүниелері өз иелеріне қайта табысталып жатады. Теміржол аумағындағы қауіпсіздік те ерекше бақылауда. Белгіленбеген жерден теміржол жолын кесіп өтетін азаматтарға алдымен ескерту жасалып, қайталанған жағдайда заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Ал кейбір құқық бұзушылықтарға бірден әкімшілік шара қолданылады. Мысалы, пойыз ішінде темекі шегу немесе алкогольдік ішімдік ішу фактілері анықталған жағдайда заң аясында тиісті хаттама толтырылады. Сондай-ақ түнгі сағат 23:00-ден кейін қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Түнгі тыныштықты бұзған азаматтарға қатысты заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданады. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ата-анасының қарауынсыз жүруі немесе заңсыз еңбекке тартылуы секілді жағдайлар анықталған жағдайда тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Біз барған күні күндізгі ауысымда Шу станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің Патрульдік полиция взводының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Жанғазы Трудоденұлы Біжікей, полицияның кіші сержанты Азамат Өжетұлы Қайм және полицияның кіші сержанты Ғалым Рысбайұлы Әзімбай қызмет атқарды. Жалпы бөлімнің басшылығынан бастап әр қызметкері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап, жолаушылардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы жолында аянбай еңбек етуде.
Қоғамның тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Ал сол құндылықтарды қорғап жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Теміржол вокзалындағы қарбалас тіршіліктің арасында көзге көп байқала бермейтін олардың қызметі үлкен жауапкершілік пен табандылықтың көрінісі. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тілейміз.

Балнұр Женксенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.