Ақпараттық портал

Мемлекет мүддесі – сот жүйесінің бағыты

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп ата-бабамыз әділдіктің биік шыңына баға берген. Бүгінгі таңда осы қағиданы өмірінің басты мұратына айналдырған жандар – сот жүйесінің қызметкерлері. Жыл сайын аталып өтілетін Судьялар мен сот қызметкерлері күні – тек кәсіби мереке ғана емес, бұл қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін жауапты мамандық иелеріне көрсетілген зор құрмет. Әсіресе, өз өңірінде заң үстемдігін орнатып, халықтың құқықтық сауаттылығы мен сенімін арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген Шу аудандық соты ұжымының бұл күнде алар орны бөлек.
Сот билігі – демократиялық мемлекеттің негізгі институты. Әрбір азаматтың құқығы, бостандығы және мүддесі сот залында қорғалады. Судья болу – бұл тек заңды білу емес, бұл адам тағдырына жауапкершілікпен қарау, терең ой мен сабырлылықты, ең бастысы, жоғары моральдық қасиеттерді талап ететін үлкен сын. Сот қызметкерлерінің күнделікті жұмысы сырт көзге байқалмағанымен, атқаратын жүгі өте ауыр. Олар сот процестерін ұйымдастырудан бастап, құжаттарды жүргізуге дейінгі ауқымды жұмыстарды атқарады. Олардың жеделдігі мен ұқыптылығы – сот төрелігінің сапалы және уақытылы жүзеге асуына тікелей әсер ететін фактор. Сот саласындағы әрбір шешімнің артында адамдардың тағдыры, отбасылардың тыныштығы мен қоғамдық келісім тұр. Сондықтан бұл саладағы мамандардан тек жоғары кәсіби біліктілік қана емес, сонымен қатар темірдей тәртіп, мінсіз бедел және ең бастысы – адами адалдық талап етіледі.
Қазіргі таңда сот жүйесін цифрландыру, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл өзгерістер сот билігіне деген халықтың сенімін нығайтуға, әділдіктің салтанат құруына жаңа серпін беруде. Бүгінгі мерекеде сот жүйесінің барлық ардагерлері мен қазіргі қызметкерлеріне шынайы алғыс білдіреміз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқылы қоғамда заң үстемдігі орнап, халықтың құқықтық мәдениеті қалыптасуда. Судьяларымызға шешім қабылдауда әділдік пен батылдық, сот қызметкерлеріне жұмыста береке мен табыс, баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық амандық және кәсіби жетістіктер тілейміз! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.