Мемлекеттік қызметшінің келбеті
Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана жұмыс орны емес, бұл – қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік пен сенім жүгі. Мемлекеттік қызметшінің бейнесі мен келбеті халықтың билікке деген көзқарасын, сенімін және мемлекеттің беделін қалыптастыратын басты факторлардың бірі. Қазіргі жаңару кезеңінде заманауи мемлекеттік қызметшінің келбеті қандай болуы керек? Мемлекеттік қызметшінің ең басты қасиеті – әділдік, адалдық және қарапайымдылық. Ол өзінің мінез-құлқымен, сөйлеген сөзімен және іс-әрекетімен қоғамға үлгі болуы тиіс. Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың арыз-шағымдарына үлкен жауапкершілікпен қарау – әрбір қызметкердің басты міндеті. Заманауи мемлекеттік қызметші тек өз саласын біліп қана қоймай, цифрлық технологияларды меңгерген, өзгерістерге тез бейімделетін тұлға болуы қажет. Мемлекеттік қызметшінің өз ана тілінде еркін сөйлеп, құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты рәсімдеуі – оның отансүйгіштігі мен кәсіби деңгейінің басты көрсеткіші. Ресми іс-қағаздар мен құжаттардың заңдық әрі лингвистикалық тұрғыдан мінсіз болуы мемлекеттік қызметшілердің сауаттылығын айқындайды. Сырт келбет те – адамның ішкі мәдениетінің айнасы. Мемлекеттік қызметшінің киім үлгісі ресми, жинақы және қарапайым болуы тиіс. Іскерлік стиль жұмыстың маңыздылығын көрсетеді және азаматтармен қарым-қатынаста іскерлік атмосфера қалыптастырады.
Мемлекеттік қызметшілердің ішінде сот жүйесі қызметкерлерінің (судьялар, сот отырысының хатшылары, бас мамандар) орны ерекше. Сот – әділдік орнайтын, азаматтардың бұзылған құқықтары қорғалатын қасиетті табалдырық. Осы орайда, Шу аудандық сотында қызметкерлердің кәсібилігі мен әдептілігіне, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан сот қызметкерінің келбетіне қойылатын талап екі есе жоғары. Сот актісі – судьяның кәсібилігі мен сауаттылығының айнасы. Сот қызметкерінің жұмыс сапасы, оның дайындаған құжаттары, хаттамалары мен шығарған шешімдері сот билігінің беделін құрайды. Әрбір сөздің дәлдігі, заң талаптарының мүлтіксіз сақталуы сотқа деген халық сенімін нығайтады. Сонымен қатар сот қызметкеріне сыпайылық пен төзімділік тән болуы керек. Сотқа келушілер көбіне тығырыққа тіреліп, дау-дамаймен келеді, осындай сәтте сот қызметкерінің ұстамдылық танытуы, азаматтармен сыпайы сөйлесуі шиеленісті азайтуға септігін тигізеді. Заманауи сот жүйесінде медиация мәдениетін дамытудың да маңызы зор. Сот қызметкерлерінің дауларды бейбіт жолмен, медиация тәртібімен шешудің маңыздылығын түсіндіре білуі – уақыт талабы. Бұл сот жүйесіне түсетін салмақты азайтып, қоғамдағы келісімді арттырады. Оған қоса, сот өндірісіндегі мәліметтердің құпиялылығын сақтау, заң үстемдігін бәрінен биік қою – кәсіби антына адалдықтың белгісі. Мемлекеттік және сот қызметкерінің мінсіз келбеті – бұл тек сыртқы іскерлік киім ғана емес, бұл – терең білім, мемлекеттік тілге деген құрмет, әділдікпен халыққа қызмет ету. Қызметкердің әрбір сауатты рәсімделген құжаты мен әрбір әділ шешімі – қуатты әрі құқықтық мемлекеттің берік іргетасы деп айтсақ еш қателеспейміз.
Насихат Сыбанбаева,
Шу аудандық сотының
бас маманы – хатшысы.