Ақпараттық портал

Құмдағы доп додасы

Ғаламтордағы дерек бойынша жағажай волейболы алғаш 1920 жылдары пайда болған. Бұл спорт түрі алғаш жағажайларда демалыс ойыны ретінде кең таралып, кейін кәсіби спортқа айналды.
Шырайлы Шу өңірінде жағажай волейболы қолға алынып жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Әр жыл сайын спортшылар Жеңіс саябағындағы волейбол алаңында бас қосуды дәстүрге айналдырған.
Биыл да бұл үрдіс жалғасып, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Спорт – өмір серігі» атты аудандық жағажай волейболы турнирі өткізілді. Аталған жарыс Әкелер күніне орай өткізілгенін атап өткен абзал.
Турнирдің ашылуына Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Құмдағы тартысты жарысқа барлығы 8 команда қатысып, жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орын Бірлікүстем командасына бұйырса, Байтұрсынұлы командасы күміс жүлдегер атанды. Ал «Аю компаниясы» командасы қола жүлдені еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар тарту етіп, арнайы дипломдар табысталды. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға атсалысқандары үшін алғыс айтылды.
Аудандық ЖРО директоры Ғ.Қойбағаровтың айтуынша, бұл дода осымен төртінші мәрте өткізіліп отыр. Ал жыл басынан бері мекеме мамандарының ұйымдастыруымен ұзын-ырғасы 61 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 2500-ге жуық адам қамтылған. Спорттық сайыстарды өткізудегі мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға үндеу дейді ол.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.