Ақпараттық портал

Атқарылған жұмыстар сараланып, нақты міндеттер жүктелді

Маусым айының соңғы күнінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, басшылардың есептері тыңдалды. Кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша алғашқы болып аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев баяндама жасады. Ол бөлім басшысы ретінде атқарған жұмыстарын жіпке тізіп, өзекті мәселелерін ортаға салды.
Жеңіс Сейсеналыұлының айтуынша, өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 5 айдың қорытындысымен 34,2 млрд теңге, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,3 млрд теңгеге жоғары орындалып, нақты көлем индексі 108,8 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5 айдың нәтижесімен 115,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 85,2 млрд теңгеге артқан.
-Ауданға инвесторларды тарту бағытында былтыр 30 инвесторлармен кездесу өткізілсе, биылғы 5 айда 17 кездесу өткізілген. Сонымен қатар ауданда жалпы құны 1,13 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобалармен жұмыс жүргізілуде. «Jibek joly» АЭА-да іске асырылып жатқан жобалар саны 7-ге жетті, – дейді бөлім басшысы.
Келесі кезекте баяндама жасаған тағы бір басшы Қайсар Құтыбеков Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің атқарған жұмыстары және өзекті мәселелері туралы мәліметтер ұсынды. Оның сөзінше ауданымызда жалпы 136 185 гектар егістік жер бар. Оның ішінде, 33 157,7 гектары суармалы болса , қалған 103 027,3 гектары тәлімді егістік жерлерге тиесілі.
-Бүгінгі таңда жинауға жататын 42 760 гектар масақты дақылдардың 180 гектары жиналып, 225 тонна өнім алынды. Әр гектардан орташа өнім көлемі 15 ц/га. Егін орақ жұмыстары жалғасын тауып, жұмыстарға 80 комбайн қатысатын болады.
2026 жылға 228 000 тонна пішен, 16000 тонна пішендеме, 44000 тонна сабан дайындау жоспарланған. Бүгінгі күнге 89 150 тонна пішен дайындалып, жоспар 39,1 пайызға орындалды. Аталған жұмыстар жалғасын табуда, – дейді Қ.Құтыбеков.
Мұнан кейін Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі М.Махамадиев қолға алынған шаруаларды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Әкімнің баяндамасында ауылдағы 22 көшенің 21 көшесіне (22,07 шқ) орташа жөндеу жүргізілген, яғни, асфальт жабындысы салынған. Бірқатар мәселелері шешімін тапқан ауылға қазіргі таңда керегі жасанды төсеніші бар үлкен футбол стадионы және 5 көшенің түнгі жарықтандырылуы. Аталған жобалардың сметалық құжаттамалары әзірленіп қойғанын да айта кеткен жөн.
Баяндамадан соң аудан әкімінің инспекторлары аталған елді мекенге жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесі баяндалды. Зерделеуде ауылдың санитарлық жағдайы мен абаттандыруға, сондай-ақ ойын алаңдарын күтіп ұстауға қатысты кемшіліктері айтылды.
Аппараттық кеңесте басшылардың тұрғындардан әлеуметтік желі арқылы түскен талап-тілектеріне кері байланыс орнату мәселесі талқыланды. Бұл бойынша сөз алған аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Дурманов баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті ескертулер жасалды. Сонымен қатар аудан басшысы бағынысты мекеме жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.